InDrive қызметінің негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томский Қазақстанға қоныс аударды. Ресейлік бизнесменнің біздің елге келгенін Цифрлық даму, инновациялар және аэ­ро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.
Томский келді, тоқ боламыз ба?
670
оқылды

«Соңғы жылдары Қазақстан әлемнің түкпір-түкпірінен кел­ген талантты кәсіпкерлер үшін тартымды мекенге айналды. Сон­­­­­дай жарқын мысалдардың бірі – бүгін Қазақстан Респуб­­­ликасының азаматтығын алға­­нын ресми түрде жариялаған InDrive негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский. Ар­сен өзі ғана келіп қоймай, біз­дің елге талантты мамандар тар­тып, жаңа технологиялар мен идея­лар алып келді», – деп жаз­ды министр Facebook-тегі парақ­шасында.

Ресейлік кәсіпкер біздің елге биз­­несін ғана көшіріп қойған жоқ, азаматтық алып, қызыл пас­­­­­­­­­порт­ты көк паспортқа айыр­бас­­тады. Себебі Қазақстанда қос аза­­­­­­­маттықпен жүру заңға қайшы. Telegram-арнасында өз жайынан хабар берген ол: «Қазақстан Үкі­­ме­­­­тінің шақыруымен мен осы ел­­­­­­­­­­­дің азаматтығын қабыл­дадым. InDrive әлемдік компанияға ай­нал­­­ды, өзінің стратегиялық мақ­са­ты, мүддесі бар. Сондықтан оның құрылтайшысы әрі бас ак­­­цио­­­­нері еркіндікте болуы қа­лыпты құбылыс», – деп жазды ол.

Оған қоса, кәсіпкер жазба­­­сын­­д­а өзі туып-өскен респуб­­ли­­ка­сының дамуына қызмет ете бе­­­ретінін атап көрсеткен. «Де­­ген­­мен Якутия – менің Отаным, ал мен саха болып қаламын, мен республиканың өмірін жақсарту үшін аянбаймын. InDrive неғұр­­­лым табысты болса, соғұрлым Яку­тияға көп пайдам тиеді», – деп жазды ол. 

Арсен Томскийдің есімі тех­­но­­­логия саласы арқылы әлемге та­­­­нылды. Әуелгіде Якутияда Ykt.ru ақпараттық порталын ашқан азамат біртіндеп бизнесін кеңей­­туге күш салады. Ол негізін қала­­ған InDriver (2022 жылы ребрен­динг жасап, inDrive деген атауды алды) мобильді қосымшасының көмегі арқылы жолаушы мен такси жүргізушісі бір-бірін оңай таба алады. Заманауи техноло­гияның тиімділігінің арқасында автокөліктің айтқан жерге келуі небәрі 3-5 минуттың айнала­сында, қызмет көрсету құны да на­рықтағы бағадан төменірек. «Жол жүру құнын жолаушы белгілеуі тиіс» деген идея кәсіп­кердің ойына 2012 жылдың қы­сында келіпті. Сол жылы Яку­тияда ауа температурасы 45°C-қа дейін төмендеп, таксист атаулы келісіп алғандай бағасын екі есеге көтеріп жібереді. Сақыл­да­ған сары аязбен бірге жалаңдап шық­қан такси қызметіне қарсы тұрған тұрғындар РФ-дағы таны­мал әлеуметтік желі «ВКонтакте»-де бір-біріне үндеу тастап, қым­бат көлікке мінбеуге ша­қырады. Осы кезде Томский «Тәуел­сіз жүргізушілер қауымдастығы» де­ген (ағылш. Independent Drivers) мобилді қосымшаны әзірлеп, іс­ке қосады.

Ресейде аудиторияны қамту жө­нінен №1 ресурсқа айналған компания бүгінде халықаралық деңгейге шыққан. InDrive 2018 жылдың желтоқсан айынан бас­­тап АҚШ нарығына кірді, сол сәтте Эквадор мен Бразилияда бір­­­­дей қызмет көрсете бастады. 2019 жылы шілде айында Үндістанда, тамызда Индоне­зия­­­да, Никарагуа мен Таиланда жұ­мысқа кірісті. Коронавирус ке­­­­­­зін­дегі карантинге қарамастан, 2020 жылы InDrive қызметін әлем­­­­де 50 млн қолданушы пай­даланыпты. Bloomberg агентті­гінің жазуынша, 2021 жылы InDrive компаниясы нарықта «жал­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­ғыз шауып», 150 млн доллар жи­нап, компания құны 1,23 млрд долларға бағаланыпты. InDrive та­бысының 60%-ға жуығы Латын Америкасы елдері мен Египет, Қазақстан сынды мемлекеттерде қалыптасқан.

2022 жылы ақпан айында Ре­сей билігі Украинаға қарсы «ар­­­найы әскери операциясын» бас­тағаннан кейін компания қыз­­­­­мет­­­­­­керлерін Қазақстанға кө­шіре бастаған. Қазір Алматы мен Ас­танада компанияның 1 000-нан астам қызметкері жұмыс істейді. 

Telegram-да министр Бағдат Мусинге InDrive компаниясын қолдағаны үшін алғыс айтқан кә­­сіпкер 2018 жылдан бері шетел­­­­­­­­­­­дерде жұмыс істеп жат­­­­­қа­­­­­нын жа­зыпты. «Компания­ның Қа­­­­­зақ­­­­­­­­станға қоныс аударуы аяқас­­ты туған шешім емес. Се­бебі Қазақстан InDrive қызме­тінің халықаралық дамуына жол ашқан бірден-бір ел болды. 2014 жылы осы елге алғаш рет кел­геннен бастап тұрғындары­ның оптимизмі мен энергиясына, талантына тәнті болып қал­дым», – деп жазды ол.

Томский Ресейден келіп, Қазақ­стан азаматтығын алған бірінші бизнесмен емес. Былтыр шілде айында Freedom Finance инвестициялық компаниясының негізін қалаушы Тимур Турлов та біздің көк паспортты қабылдаған. 

Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай бизнесмендер рейтингінде 7-тұр­ған Тимур Турлов 9 шілде күні Instagram-ға қазақстандық көк паспортты ұстап түскен суретін сал­ды. «Қазақстан маған шабыт берді, көптеген дос сыйлады. Қа­зақстанда маған ұнайтын өзге­рістер болып жатыр, цифрлық тран­сформация ең жылдам жүріп жатыр, бұл бізге холдинг коман­дасымен әлемдегі финтектегі ең озық өнімдерді жасауға мүмкіндік береді.Мен Қазақстан азаматы болғаныма мақтанамын», – деген жазба қалдырды.

РИА Новости агенттігі 2023 жы­лы тамызда ресейлік ка­пи­­­талмен Қазақстанда жұмыс істеп жатқан компаниялар бір жыл ішінде 70%-ға артты деп мә­лімдеген болатын. Агенттікке сұх­бат берген Қазақстандағы Ресей сауда өкілі Антон Логинов Қазақстанда 18 мыңдай шағын және орта кәсіпкерлік компа­­­­­ния­сы тіркелгенін айтқан. 

Ұлттық статистика бюро­сы­ның деректеріне сүйенсек, 2023 жы­лғы қаңтар-маусым ара­лығында 6 800 ресейлік азамат Қа­зақстанда тұруға рұқсат алған.

Ұлағат БЕКБОЛАТ