Адамдар әрқашан иммуни­тетті нығайтатын, ұйқы мен ас қорытуды жақсартып, бет терісін нәр­лен­діретін «сиқырлы таяқ­шаны» із­дейді.
Суперфудтың бәрі супер емес
1,167
оқылды

Пайдалы тамақ нарығында жаңа жаһандық тренд — суперфудтар іздегендер үшін таптырмайтын өнімге айнал­ған. Саламатты өмір салтын наси­хат­таудың  атрибутына айналған суперфуд нарығы жақсарып, фармкомпаниялар мен жеке өндірушілердің саудасы қызып тұр. Қазір дүкен сөрелерінен оңай табылатын суперфудтар сатылымы Mintel research мәлі­меттері бойынша 2023 жылы 38%-ға өскен. Дұрыс тамақтану мен дұрыс ұйқыға мән бермей, денсаулықтың кепілі санаған суперөнімдерді «өзім білемге» салынып қолда­натын­дар қатары көбейген. 

Суперфуд қаншалықты  «супер?»

«Суперфуд», «суперфрут» немесе «су­пер­жеміс» деп белгіленген тағамдар мен сусындар саны жыл сайын артып келе жатыр. Статистика бойынша, 2029 жылға дейін суперфудты тұтыну деңгейі 10,7 %-ға жетеді екен. Бұл – 664 тонна деген сөз. Қазір ең танымал суперфудтардың қатарын толықтырып отырған годжи жидектері, спирулина, чиа тұқымдары және авокадо. Олардың басты ерекшелігі — тағамдық құндылығы жоғары. Тұтынушылардың 80 пайызы суперөнімдерді дәрі ретінде қарастырып, оларды семіздік, қант диабеті, гипертония және жоғары холестерин сияқ­ты денсаулық мәселелерінің алдын алу үшін тұтынады. Қазір кеңінен насихатталып, жар­намасы жер жарып жүрген суперфудтар­дың адам денсаулығына әсері туралы мамандардың кеңесіне жүгініп көрдік. Олар да дәрігердің рұқсатынсыз, өздігінен ем-дом жасайтын адамдардың көп екенін растап отыр. 

– Суперфудтар расында мықты, имму­ни­тетті көтереді, қажетті минералдарға бай, әсіресе әйелдердің денсаулығына пайдасы мол, миома, бедеулік сияқты аурулардың алдын алады. Десе де, барлығы бірдей «супер» емес. Ағзаға әртүрлі әсер ететіндері бар. Бірақ көп адам оны түсіне бермейді. Табиғи өнім деп қараған соң барлық ауруға ем деп ойлайды. Қалқанша безінде антидене көбейген адамдар спирулина мен хлорела ішуіне мүлдем болмайды. Ол антиденені одан бетер көбейтіп, кері әсерін тигізеді. Медициналық сауаты жоқ адамдар денсау­лық тақырыбына келгенде өте сақ болып, міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгінуі керек, – дейді гастроэнтролог-дәрігер Гүлмира Башенова.

Мамандар жоғарыда аталған өнімдердің бар­лығы ешқандай  тек­серу­сіз сатылымға шыға­тын­дықтан, жұрт оны қа­уіп­сіз деп ойлайтынын айта­ды. 

Тізімі жаңарған трендтік өнімдер

Жыл сайын трендтегі суперөнімдердің түрлері жаңарып отырады. Мысалы, өткен жылы суперфудтың тренд тізімінде матча шайы, микрокөкөністер, картоп сүті, левант тағамдары болса, биылғы жылдың ең танымал тренд өнімі авокадо, крест тәрізді өсімдіктер (брокколи, дайкон, напа қырыққабаты) және бұршақ дақылдары болды. Бұл өнімдер «супер» сапасы арқылы емес, «супер» маркетингтік жарнамалар арқылы трендке шығып отыр. Оған дәлел, Mintel маркетологтары суперфудқа деген құштарлық күнделікті тұтынатын тамақ пен сусын санаттарынан асып түскенін анық­тады. 

Негізі, жарнама арқылы насихатталып жүрген өнімдер спортшылардың арасында бұрынырақтан бері кеңінен танымал. Сон­дықтан денсаулыққа пайдалы деп саналатын жеміс, көкөніс және дәнді дақылдар сияқты өсімдік тек­тес тағамдардың суперфудтар тізімінде бірінші орынға шығуы таңға­ларлық жағдай емес. Пайдаланып жүргеніне ға­сырдан астам уақыт болған супер­фуд­тардың қазір қолданылу аясы кеңейіп, әлемде таралу қарқыны артты. Ақпарат жедел тарайтын ғасырда суперфуд­тардың да ай сайын жаңа түрі пайда бола­тын­дай, белгілі бір тағамға қатысты ғы­лыми-зерт­теулер, тиісті тамақ өнеркәсібінің жарнама­лық роликтер мен маркетингтік  науқандары жедел желіде желдей есіп жүр. Супер­фудтардың «супер» жағы көп-ақ, бірақ оларды күнделікті тұтынатын тағам­дармен шатастырмау қажет екенін алға тартқан гигиена және тағамтану, нутрицолог маманы Әл-Фараби Маханұлы:

– Қазір суперфуд тағамдарының ішіндегі ең танымалдарының қатарында спирулина бар. Оның танымалдығына маркетинг әсер етті деуге келмейді. Қазір қант диабетімен ауыратындар көп. Спирулина – осы аурумен күресудің керемет құралы. Сондықтан бұл өнім өзінің сапалығымен адамдар арасында кең танымалдыққа ие болған. Одан бөлек, какао бұршақтары қан қысымының жо­ғары­лауына ықпал етеді. Олар гипотензивтер үшін пайдалы, бірақ гипертониялық нау­қастар үшін кері әсерін тигізеді, – дейді. 

«Супер» өнімін пайдаланудың ережесі қандай?

Денсаулықты нығайту үшін суперфуд­тарды пайдаланудың өзі жеткіліксіз. Сарапшылардың айтуынша, суперфудты пайдалана отырып, спортпен шұғылданбаса, үнемі психикалық күйзелісте жүрсе, өнім­дердің пайдасы жоқ. Денсаулықты сақтау — бұл кешенді шара. Ол салмақты, көп­жақты тәсілді қажет етеді. Тек бір салада ден­саулық сақтау ережесін орындау ден­саулықты қалпына келтіруге көмектеспейді. 

– Адам ағзасы кішкентай кезінен белгілі бір тамақ рационына үйренеді. Суперфуд өнімдерін де соған сәйкес пайдалану керек. Толығымен суперфуд өнімдерін пайдалану денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Осыны ұмытпаған жөн. Жалпы, денсаулық сыр бермесін десеңіз, дұрыс тамақтану керек. Әйелдердің диета үшін тұтынатын өнімдері жарнама арқылы саудаға түседі. Жыл сайын тренд деп өзгеріп отыратын тағам түрлері денсаулыққа пайдалы деп қысқа ойлайды. Ол – ол ма, суперөнімдердің дүкендердегі бағасы да қалтаны қағады. Деніңіздің сау болуына жыл сайын өзгеріп отыратын тағамдар әсер етпейді, пайдалы тағамдар ешқашан трендтен алыстамайды, – дейді нутрицолог  Ә. Маханұлы. 

Әлеуметтік желіде жарнамаланған кез келген ақпаратты қорыту үшін алдымен сол сала мамандарының кеңесіне жүгіну керек. Әңгіменің дәйегі денсаулық турасында болғандықтан, «трендтегі» суперфудтарды оңды-солды іше беруге болмайтынын өз денсаулығына алаңдайтын әр адам есте ұстағаны жөн. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ