Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалын жолдады.
Сенат бала құқығын қорғайтын заңды мақұлдады
Фото: Н.Байбулин
624
оқылды

Отырыста қаралып, мақұлданған «Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң бала құқықтарын қорғау деңгейін арттыруды көздейді. Құжатта Бала құқықтары туралы конвенцияда бекітілген құқықтар бұзылған жағдайларда балалардың немесе олардың ата-аналарының жеке шағымдарын қарау тетігі белгіленеді.

«Елімізде өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрдайым басты назарда. Сондықтан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл саладағы бастамаларын толығымен қолдайды. Мақұлданған заң азаматтарымызға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитетіне бала құқықтарының бұзылуы туралы шағымдануларына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл құжат елімізде балалардың мүдделерін қорғау тетіктерін жетілдіру үшін қосымша құқықтық негіз қалыптастырады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан  Үкіметі мен Ресей  Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Хаттама Ресей Федерациясымен мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу кезінде туындайтын жекелеген мәселелерді реттеуге бағытталған. Мақұлданған заң екі ел арасында бұл саладағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп күтілуде.

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.

Мектептегі ас мәзірі талапқа сай келмейді

Ақмарал Әлназарова мектепте оқушыларды тамақтандыру мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, мектеп асханаларының мәзірі қазіргі ғылыми ұсыныстарға сәйкес келмейді.

 

Тамақ пісіруге тым құнарлы май пайдаланады, қант пен тұздың мөлшері 2 есе және одан көп болып кеткен. Сенатор Ақмарал Әлназарова еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында қазақстандық мектептерде балаларға берілетін тамаққа қатысты наразылығы туралы айтты.

Сенатордың айтуынша, қазақстандық балалардың 58%-ына анемия  таралған, А дәруменінің тапшылығы   23% құрайды. Балалардағы жұқпалы емес созылмалы аурудың көбеюі алаңдаушылық туғызады, бұл ересек жаста мезгілсіз өлім мен мүгедектік қаупін туғызады.

 «Білім беру мекемелерінде тамақтануға байланысты топтық сырқаттану тіркелген жағдайлар көбейіп кетті. 2020 жылдан бері мектеп жасындағы 425-ке жуық бала тамақтан топпен улану салдарынан зардап шекті. Негізгі себептер асхана қызметкерлері арасында ішек инфекциясының болғаны, медициналық тексеруден өту туралы құжаттарды қолдан жасау, объектінің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысының болмауы, азық-түлікті сақтау және өткізу шарттарының бұзылу жағдайы болып отыр. Бүгінде елімізде 7 381 мектеп жұмыс істейді. Күн сайын 1,5 миллионнан астам бала тамақтанады және олардың саны көбейіп келеді. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету шараларын күшейту керек»,  деді Ақмарал Әлназарова.

Депутат сонымен қатар мектептердің 20%-ында ғана бірыңғай тамақтандыруды ұйымдастырудың қолданыстағы стандарттары жүзеге асқанын атап өтті. Бұл кезеңде әртүрлі жастағы оқушыларды тамақтандыруға арналған мәзірді қалыптастыруда біркелкі әдіснама жоқ.

«Асхана саласындағы қызметкерлерінің біліктілігі мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Әрбір үшінші мектеп асханасында кәсіби білімі жоқ аспаздар жұмыс істейді, 21,8%-ында арнайы біліктілігі жоқ. Білім беру ұйымдарында таза ауызсуға қол жеткізу әлі де проблема болып қалып отыр. Мектеп оқушыларының 68%-ы үйден су әкеледі, шамамен 30%-ы мектептен су сатып алады. Мектеп қабырғасында ауызсуға қол жеткізу балалардың қантты сусындарды ішуін азайтады. Сондай-ақ мектептегі тамақтану құны туралы бірауыз сөз айтайын. Мектептегі тамақтану құнын есептеу барысында шикізаттық емес шығындар есепке алынбайды, өнімді сатып алуға тікелей шығындар ғана ескеріледі. Бұл толыққанды және теңдестірілген мәзірді қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді»,  деді Әлназарова.

 

Алтынды заңсыз өндіретіндерге тыйым салу керек

Дархан Қыдырәлі геологиялық барлаушылардың немқұрайлы қарым-қатынасын және пайдалы қазбаларды іздеу мен өндіру саласында «қара қазушылардың» көбеюін сынға алды. Олардың химиялық реагенттерді бақылаусыз пайдалануы салдарынан өзендер мен жағалау аймақтарының экожүйелеріне зиян келуде.

Химиялық реагенттерді қолданады, экожүйені бұзды, заңдар мен ережелерді сақтамайды. Сенатор Дархан Қыдырәлі өзінің депутаттық сауалында алтын іздеушілердің табиғатқа қалай зиян келтіріп және мұның адамдардың өмір сүру ахуалын нашарлатып жатқаны туралы мәселе көтерді. 

Сенатор Түркістан облысы  Абай ауылының 127 тұрғыны қол қойған ұжымдық өтініш проблеманы көтеруге себеп болғанын атап өтті. Азаматтардың өтінішінде 2019-2023 жылдар аралығында Көкбұлақ кентіндегі Қайыршақты өзенінде компаниялардың бірі алтын өндіру үшін геологиялық барлаумен айналысқаны жазылған. Олардың жұмысынан кейін өзен қазір экологиялық апат жағдайына ұшыраған. Сенатордың ақпараты бойынша, дәл осы компания қазір Үлкен және Кіші Көкбұлақ өзендерінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ниеттеніп отырған көрінеді. Аймақ тұрғындары осыдан кейін дабыл қағып, экологиялық апатқа қатысты жағдай қайталанады деп қауіптеніп отыр.

«Шығыс Қазақстан, Ақмола, Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарында осындай жағдайлардың болғанын баспасөзден жақсы білеміз. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында алтын іздеушілер Құлынжон өзенінің арнасын өзгерткен. «Қара қазушылар» қатары көбейіп келеді. Лицензияларында көрсетілген шектеулерден асып кеткен немесе тіпті, арнайы рұқсаты, білікті маманы жоқ оңай олжа іздеушілер экологиялық талаптарды ескермейді. Қазба байлықтарын барлауда жаңа технологиялар қолданылмайды. Есесіне, заңсыз жер қойнауын өндірушілер жабайы жолмен тау-тасты талқандап, бульдозер, грейдерлермен өзендердің астан-кестенін шығарады. Халық су ішіп отырған өзендерге түрлі химиялық реагенттер қолданады»,  деді сенатор.

Дархан Қыдырәлі Үкімет пен Бас прокуратура басшыларын Жолдауда көрсетілген геологиялық барлау жұмысын жүргізу жөніндегі тапсырманың сапалы орындалуына бақылауды күшейтуге шақырды. Сенатор Жер серігі арқылы мониторинг жүргізу, минералдық ресурстардың цифрлық картасын дайындау сияқты жаңа технологияларды пайдалануды, сала мамандарын сапалы даярлау мен жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне бақылауды күшейтуді және заңды бұзғандарды жазалауды ұсынды.

Елек өзені ластанып жатыр

Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысындағы Елек өзенінің ластануына, Алға ауданында химиялық зауыт қалдықтарының таралуына алаңдаушылық білдірді. Сенатор Үкіметке қалдықтарды жою процесін ерекше бақылауға алуды ұсынды. 

 

Зауыт жабылды, бірақ оның салдары әлі күнге қиындық туғызып отыр. Сенатор Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысындағы экологиялық проблема туралы мәселе көтерді. Өңір тұрғындары депутаттан Елек өзенінің ластануы мәселесін шешуді сұраған болатын.

Сенатордың айтуынша, аймақта 1934 жылдан бері химиялық зауыт жұмыс істеп келген. 1996 жылы кәсіпорын өзін банкрот деп жариялап, жұмысын тоқтатқан. Әйтсе де, проблема мұнымен жойылған жоқ. Сенатор Нұғманов экологиялық жағдайға байланысты өңірде өткір мәселе бар екенін хабарлады. 

«Зауыт ешқашан өндіріс қалдықтарын қайта өңдеген емес. Ол соғысқа дейінгі уақытта салынған, ол кезде қатаң санитарлық және экологиялық ережелер болған жоқ. Нәтижесінде, инженерлік-техникалық, экологиялық және санитарлық-гигиеналық процестері жетілмеген жарты ғасырға жуық қызметтен кейін бор биогеохимиялық провинциясының қалыптасуымен зауыттың өндірістік алаңының, Елек өзені бассейнінің аумағының табиғи ортасының химиялық экотоксиканттармен техногендік ластануы болды»,  деді сенатор. 

Сенатор қазіргі кезде Елек өзеніндегі бірқатар ауыр металдардың құрамы гигиеналық нормативтен асып түсетінін атап өтті. Бұл өзен жерүсті суының ластану деңгейі бойынша қатты ластанған санатқа жатады. Депутаттың айтуынша, онда кездесетін элементтер адамға жалпы уытты және ерекше әсер ететін 1 және 3-кластағы қауіпті химиялық заттарға жатады.

«2012 жылы зауыт аумағында орналасқан қалдықтар мен шлам жинағыштардың қалдықтары Алға ауданы сотының шешімімен республикалық меншікке берілді. 2017 жылы Экология министрлігі зауыттың аумағында орналасқан шлам жинағыштардың химиялық және өнеркәсіптік қауіпті қалдықтарын жою жобасын әзірледі. 2022 жылы облыс әкімдігі зауыттың қалдықтарына жалпы түгендеу жүргізді, онда қалдықтардың кемінде 2,6 млн  тоннаны құрайтыны анықталды», деп атап өтті сенатор. 

Сенатор Амангелді Нұғманов осы ахуалды саралай келіп, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан осы күрделі мәселеге назар аударуды, сондай-ақ қалдықтарды жою процесін ерекше бақылауға алуды сұрады.

Шекарадағы тұрғындар шетелдің идеологиясын санасына сіңіріп жатыр

Бибігүл Жексенбай ақпараттық қауіпсіздікті нығайту үшін шекара маңындағы өңірлерде хабар тарататын отандық телеарналардың тізімін кеңейту қажеттігін атап өтті.

 

Біз еліміздің қорғаныс саласына қыруар қаржы бөлеміз. Ал ақпараттық қауіпсіздік мәселесі шешілмеген жерде, қорғанысқа қанша қаржы бөлсек те, оның ешқандай пайдасы болмайды. Сенатор Бибигүл Жексенбай осындай пікір білдірді. 

Депутат цифрлық хабар тарату теледидарын енгізу мәселелеріне назар аударды. Қазақстанда тіркелген 83 телерадиокомпанияның 21-і республикалық деңгейде хабар таратады. Оның тек 15 – мультиплекске тегін еніп, хабар таратады. Ал  қазақстандық көрермендерге ұсынылған шетелдік телеарналар саны   300-ге жуықтады. Жоспар бойынша 2015 жылы бүкіл еліміз аумағы «цифрмен» қамтылуы керек еді, бірақ жоба 10 жылға ұзартылды. Сенатордың айтуынша, цифрлық технологиялардың арқасында облыс орталықтарында 30-ға дейін, шалғайдағы елді мекендерде 15 арнаға дейін хабар таратуға болады.

«Алайда  әзірге мемлекеттік арналардан басқалары үшін мультиплексте хабар тарату арман болып отыр. Өңірлік, әсіресе шекаралық аумақтағы жекеменшік телеарналар одан орын ала алмайды. Себебі бағасы удай қымбат. Яғни, жекеменшік арналардың дамуына өзіміз кедергі жасап отырмыз»,  деді сенатор. 

Депутаттың пікірінше, осы арада ауқымды мәселе туындайды. Бұл  ақпараттық қауіпсіздік мәселесі. Шекаралас елді мекендерде шетелдік ақпарат көзі үйреншікті болған. Мемлекеттік телеарналарды көрмейтін көрермен Қазақстанмен шекаралас мемлекеттердің телеарналарын күндіз-түні көріп, жат елдің идеологиясын санасына сіңіруде. Сенатор көрші елдердің идеологиясы «сұр» табақшалар арқылы жас ұрпақтың санасына еркін әсер ететінін атап өтті.

«Ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне дұрыстап назар аударатын кез келді. Қазір цифрлық эфирлік теледидар Қазақстан халқының 92,66 пайызына қолжетімді екен. Алайда еліміз цифрлық хабар таратуға көшкенімен, өңірлердегі жекеменшік телеарналар бұрынғы бейшара күйінде қалып отыр. Ақпарат тарататын телеарна дамымаса, идеология да болмайды. Идеология дегеніміз тек Астана, Алматыда  емес, күллі өңірлерде жүргізілуі тиіс»,  деп атап өтті сенатор. 

Бибигүл Жексенбай жеке арналарға мультиплекстің бағасын төмендетуді және шекара маңындағы елді мекендердегі отандық телеарналардың тізімін кеңейтуді ұсынды.

«Серпін» түлектері жұмыссыз жүр 

Алишер Сатвалдиев «Серпін» бағдарламасының түлектерін жұмысқа орналастыруға қатысты проблемаларға тоқталып, әкімдіктер мен жұмыс берушілер тарапынан бұл мәселенің сапасыз ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.

 

Сенатор Алишер Сатвалдиев «Серпін» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандардың алдында тұрған проблемалар туралы мәлімдеді. 

Бағдарлама еңбек күші артық өңірлердегі жастарды оқытуға және оларды кадр тапшылығы бар өңірлерде жұмысқа орналастыруға арналған. Алайда бұл бағдарламаның түлектері жұмысқа орналасу кезінде қиындықтарға тап болуда, ал әкімдіктердің жұмыс берушілермен қарым-қатынасы әлсіз болып отыр. Сенатордың ақпараты бойынша, 2020-2022 жылдар арасында «Серпін» бағдармамасы бойынша 8 948 адам жоғары оқу орнын тәмамдаған. Өкінішке қарай, 3 200 жас маман міндеттемені орындамағандар санатында.

«Бағдарлама аясында  қолына дипломын алған әр үшінші түлек  жұмыс таппай тығырыққа тіреліп отыр. Көп жағдайда жолдама берілген мекемелерде шын мәнінде ол жұмыс орындары жоқ болып шығады. Басқа мекемелер жұмыс өтілінсіз қабылдамайды. Қабылдаса да 80-90 мыңнан жоғары жалақы төленбейді. Жатақханадан шығарылған, 100-120 мың теңгеге баспана жалдауға мәжбүр болған жастарға өз ауылдарына қайтудан өзге амал қалмауда.  Басым бөлік түлектердің өз өңірлеріне қайтып, онсызда еңбек күші артық жерлердегі жұмыссыздар қатарын көбейтіп отырғаны осыдан»,  деді Алишер Сатвалдиев. 

Сенатор осы проблемаларды шешу үшін жас мамандарды қолжетімді баспанамен немесе жатақханамен қамтамасыз етуді, 2 жылдық еңбек өтілі аяқталғаннан кейін тиімді шарттармен тұрғын үйді сатып алу үшін жағдай жасауды, жұмыс күші тапшылығы бар өңірлердің өндірістік ерекшелігіне қарай жаңа бағыттар мен мамандықтарды енгізуді ұсынды.

Электр энергетикасы саласында проблема көп

Советбек Медебаев иесіз қалған электр желілеріне қатысты проблеманы көтерді. Аталған түйткілді шешу үшін сенатор оларды өңірлік энергия жеткізуші ұйымдарға сенімгерлік басқаруға беру тетігін әзірлеуді ұсынды.

 

Сенатор Советбек Медебаев өзінің депутаттық сауалында иесіз электр желілерін энергия жеткізуші ұйымдарға беру жүйесіндегі кемшіліктер туралы айтты. 

Депутаттың айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып, электр желілері компанияларына сенімгерлік басқаруға беру үшін желілерді мемлекеттен коммуналдық меншікке кезең-кезеңімен беру кестесін әзірлеген болатын. Алайда  тәжірибе көрсеткендей, энергия жеткізуші ұйымдар кейбір электр желілерін қабылдауға мүдделі болмай отыр.

«Энергия жеткізуші ұйымдар тарапынан электр желілерін қабылдамаудың негізгі себептері – әкімдіктерде электр желілерін құқық белгілейтін құжаттардың, оның ішінде жер актілерінің ішінара болмауы және пайдалануға арналған шығындарды көздейтін нормаларды қолдану тәртібінің болмауы. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан өз кезегінде өңірлерде электр желілерін беруде проблемалар бар»,  деді Советбек Медебаев.

Сенатор иесіз электр желілерін өңірлік энергия жеткізуші ұйымдарға сенімгерлік басқаруға беру тетігін әзірлеуді ұсынып отыр. Сондай-ақ  иесіз электр желілерін анықтау мен оларды қарамағына қабылдау жөніндегі құқық белгілейтін құжаттарды ресімдей отырып, осы объектілерді бұдан былай энергия жеткізуші ұйымдардың қарамағына беру жөнінде тиісті шаралар қабылдау да маңызды. Ол үшін заңнамаға энергия беруші ұйымдардың қарамағына қабылданатын желілерге қызмет көрсетуге және пайдалануға арналған шығындарын ескере отырып, тарифін өзгерту мүмкіндігін көздейтін түзетулер енгізу қажет деп есептейді сенатор.