Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы маңызды қадам – мемле­кеттік аппараттың жұмысын оңтайлы әрі тиімді ұйымдастыру. Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бұл ба­ғыт­та бірқатар кешенді жұмыс ат­қарылуда.
«Жемқорлыққа жол бермеу – басты назарда» – Дархан Жазықбай
1,119
оқылды

Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында мем­лекеттік басқару ісін қайта жаңғырту жаңа кезеңдегі басым бағыт ретінде белгіленген. Мұны іске асыру халыққа әділ, адал, ашық қызмет көрсететін, адамға бағдарланған сервистік сипаттағы мемлекеттік аппарат қалыптастыруды көздейді.

Осыған орай, әлемдік тәжірибедегі жетістіктер мен мемлекеттік қызметтің мансаптық және позициялық модель­дерінің ұтымды элементтері ескеріліп, елімізде мемлекеттік аппараттың жұмысын тиімді ұйымдастыру жаңаша сипатта өріс алуда. Нақтырақ айтсақ, мансаптық модельге сәйкес, іріктеудің ашық жүйесін қамтамасыз ете отырып, жас мемлекеттік қызметшіге төменгі лауазымдардан бастау арқылы меритократия қағидаты бойынша өсу мүмкіндігі, ал позициялық модельге сай жеке сектордан кәсіби мамандарды тарту тетіктері енгізіліп отыр.

Кадрларды іріктеудің ашық, әділ жүйе­сін қалыптастыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудағы басты қадам. Осы орайда, агенттікпен мемле­кеттік қызметтің барынша ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту жүргізілуде. Мемлекеттік қыз­метке жаңа іріктеу алгоритмі әзірленіп, кон­курстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Конкурстың жетілдірілген тәртібі үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа бар­лық кезеңдерде әлемнің кез келген нүк­тесінен және кез келген уақытта конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. «Адами фак­тордың» ықпалын және сыбайлас жемқор­лық тәуекелдерін болдырмау үшін іріктеу кезеңдерінен өту кезінде үміткерлер туралы ақпарат толығымен жасырылып, оларға ID-нөмір беру көзделген. Бұған қоса, прокторинг жүйесі үміткерлердің тестілеу кезіндегі жасаған іс-әрекеттерін қадағалайды. Конкурс қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған үміткер жеңімпаз ретінде жүйемен анықталады. Мұның мемлекеттік қызметке тамыр-таныс арқылы орналасу туралы стерео­типке тосқауыл қояры анық. 

Әлемдік тәжірибеде сыбайлас жемқо­рлық құқықбұзушылықтарға тосқауыл ретінде ротациялау институты кеңінен қолданылады. Қызметшілерді ротациялау олардың кәсіби әлеуеті мен басқару тәжірибесін тиімді пайдалануды жүзеге асырып, сыбайлас жемқорлықтың орын алу тәуекелдерін азайтады. 

Бұған дейін тиісті қызметтік баспана­лармен қамтамасыз етуге  мүмкіндіктің шектеулігі ротациялауды тежейтін өзекті мәселелердің бірі болған еді. Агенттік бас­та­масымен заңнамаға енгізілген өзгеріс­терге сәйкес, енді басқа елді мекенге ротацияланған қызметшілерге тұрғын үйді жалдау үшін ротациялық төлемдер төлене­ді. Бұл шара мемлекеттік қызметшілерді ротациялауды кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал бір орнында ұзақ отыру факторын болдырмау сыбайлас жемқорлықтың орын алу тәуекелін азай­тады.

Мемлекеттік қызмет жүйесінде сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басты құралы ретінде, мемлекеттік қыз­метшілер үшін этикалық стандарттарды белгілейтін Әдеп кодексі қолданылады.

2022 жылы мемлекеттік қызметші­лердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданды. Онда ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адал ниеттілік, және адамға бағдарлану – мемлекеттік қыз­меттің негізгі әдептік қағидаттары ретінде белгіленді. Осылайша, қызметшілер жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетіп, өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуі, халықтың сұранысына сай қызмет көрсетуі және азаматтардың өтініштерін қарау кезінде әуре-сарсаңға жол бермеуі тиіс. 

Еліміздің барлық өңірінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылық­тардың, мемлекеттік қызметке кір келті­ретін тәртіптік теріс қылықтардың профи­лактикасына бағытталған іс-шаралар әзірлеуді көздейтін Әдеп кеңестері жұмыс атқарады. Олардың басты міндеттерінің қатарында сыбайлас жемқорлық тәуекел­дерін талдау және мемлекеттік органдар­дың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасын бұзу профилактикасы бойынша жұмыс қорытындыларын қарау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ны­сан­дары мен әдістерін жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу арқылы сыбайлас жемқорлықты ескерту мен оның алдын алу кіреді. Бұл бағытта, Әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жыл басынан 17 мыңнан астам азамат пен қыз­метшіге консультативтік көмек көрсетілді.

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мем­ле­кеттік органдардың, ұйымдардың, квази­мемлекеттік сектор субъектілерінің басш­ыларына қоластындағы қызметші­лердің сы­байлас жемқорлық қылмыстарын жаса­ғаны үшін жауаптылық қарас­тырылған. 

Осы жылы осы мәселені күшейту мақсатында заңнамаға толықтырулар енгізілді. Енді қоластындағы қызметшісі бірнеше рет немесе ірі және аса ірі мөлшерде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса, саяси мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауапкершілігі міндетті түрде қаралатын болады.

Сонымен қатар саяси мемлекеттік қызметші бұрынғы жұмыс орны бойынша қызметі кезеңінде өзіне тікелей бағынысты қызметшінің сыбайлас жемқорлық қыл­мысы үшін отставкаға кету жауапкер­шілігінен  босатылмайды.

Электронды мемлекеттік қызметтерді дамыту – сыбайлас жемқорлықты болдыр­маудың тиімді тетіктерінің бірі. БҰҰ-ның электронды үкіметті дамытудың жаһан­дық рейтингінде Қазақстан 28-орынға көтерілді. Бүгінде мемле­кеттік қызмет­тер­дің 93 пайызы электронды түрде көрсе­тілуде. Бұл адам факторының болмауына үлкен сеп­тігін тигізуде.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылауды жетілдіру аясында проактивті мониторинг жасау арқылы құқықбұзу­шылық болған жағдайда заңдылықты орнату тәжірибесі басталды. Жүргізілген мониторинг өңірлерде алты жүзге тарта негізсіз бас тарту және толық жауап жолдамау фактілерін анықтап, қызмет алушылардың құқығы қорғалды.

– Мемлекеттік қызметтер көрсету сала­сын одан әрі жетілдіру аясында агент­тікпен «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңға енгізілетін түзетулер әзірленуде. Соған сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету барысында «бас тартусыз рәсімдерге» көшу, көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын дереу қалпына келтіру жүйе­сін қалыптастыру қарастырылуда.

Сондай-ақ мерзімдерді есептеу, халық­аралық-құқықтық қатынастар инсти­тут­тарын енгізу, клиентке бағдарлану, про­активтік, композиттік, эксаумақтық, көрсетілетін қызметті берушіге сенім және оның дербес жауапкершілігі қағидаттарын енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленді.

Мемлекеттік қызмет көрсетуді реттеп отырған нормативті – құқықтық базалар­ды талдау нәтижесі бойынша агенттікпен тиісті мемлекеттік органдарға анықталған кемшіліктерді жоюға қатысты 470 ұсыныс енгізілді. 

Агенттік мемлекеттік қызмет көрсетуде ешқандай құпия болмауы тиіс және ол толықтай ашық болуы керек деген айқын ұстанымда.

Мемлекеттік аппарат қызметінде бюро­кратияның орын алуы оның тиім­ділігін төмендетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелін тудыруы мүмкін екендігін ешкім жоққа шығармайды. 

Президенттің мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы Жарлығына сәйкес аген­ттікпен жүргізілген мониторинг және тал­дау нәтижелері бойынша бюро­кра­тиялық кедергілерді жоюға қатысты 373 ұсыныс әзірленді.

Бұл ұсыныстар сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға және артық бюрократиялық кедергілерді жоюға қа­тысты болып отыр. Мұның барлығы көр­сетілетін мемлекеттік қызметтің жұрт­шылық үшін ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етіп, заңға қайшы түрлі әрекет болмауына септігін тигізеді деп күтілуде. 

Жемқорлыққа жаппай төзімсіздікті қалыптастыру және оның қоғамдағы әділдік принциптеріне қайшы әрекет екенін әр адамның саналы түрде сезінуі, түсінуі маңызды.

Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы» деп атап өтті. 

Жеке бастың қамынан көрі елдік мүд­дені биік қою адамды абырой биігіне көтерері анық. Қоғамдық санада адам­шылық қасиеттер мен ар-ұждан жоғарғы идеалдарға айналғанда ғана әр адам өз басының пайдасын емес, елдің қамын ойлайтын азаматтық сана деңгейіне көтеріледі. Ол үшін рухани-адамшылық құндылықтарды адамның бойына сіңіру мен тұрақтандыруды ерте жастан бастау қажет. Мұны тәрбие, білім беру үрдісімен бірге жүргізу керек. Адалдықты адам­шылық­тың өлшемі ретінде бойына сіңір­ген адамдардың мемлекет пен қоғамға тигізер пайдасы қашанда зор. «Адал аза­мат» болу әр адамның өзі өмір сүріп отыр­ған мемлекет пен қоғам алдындағы жауап­кершілігін терең сезінуінен бас­талады. 

Бүгінде агенттік алдында мемлекеттік қызметшілердің «Адал азамат» идеал­дарына сай келетін кәсіби және тұлғалық қасиеттерін үнемі ілгерілету міндеті тұр. Бұл нені білдіреді? Әрбір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық көрініс­теріне, мемлекеттік қызметке кір келті­ретін бюрократияға, көзбояушылық фор­мализмге, жұмыстың имитациялық сипа­тына және қызметтің жасанды деклара­тивті элементтеріне жол бермей, жұмыс тәсілін өзгертіп, жаңаша серпінге қадам жасауы керек. Ең бастысы, қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя алатын тұлғалық қасиетке ие болуы тиіс. Осы талаптарды енгізу тетіктерін қалыптастыру агенттік жұмысының басым бағыт­тарының бірі.  

Жемқорлық деңгейі төмен елдердің тәжірибесі бұл дерттің алдын алудағы ең басты және стратегиялық тұрғыда ең пәрменді шара – қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру екенін көрсетіп отыр. Жемқорлық – бұл тұтас қоғам болып күресетін дерт. Бұл жалпы азаматтарымыздың, әсіресе мемлекеттік қызметшілердің саналы өзгеруі бағытында жүргізілетін кешенді  идеологиялық жұмысты қамтиды. 

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына қатысты бүгінде агенттікпен жасап жатқан жұмыстар сыбайлас жем­қорлықтың болуына мүмкіндік тудыратын түрлі кедергіні жоюмен, оның себебінің алдын алумен байланысты бо­лып отыр. Жемқорлыққа жол бермеу бас­ты назарда. Бұл жұмыс тұрақты түрде жал­ғасын та­батын болады.