Президент жанындағы Орталық коммуникация қызметі алаңында Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков брифинг өткізіп, қаланың экономика­лық-әлеуметтік даму жоспарымен таныстырды.
Қаланың дербес бюджетін қалыптастыру маңызды
737
оқылды

Үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласында қордаланған бірқатар мәселе бар. Қала әкімі Ғабит Әбдімажитұлы халықты жұмыс және баспанамен қамту, мектептер мен ауруханаларды жаңғырту, инфрақұрылымдық, инвестициялық және сауда әлеуетін дамыту кезек күттірмес мәселелер екенін жеткізді. Сонымен қатар 2035 жылға дейінгі бас жоспарға сәйкес қаланың экономикасын әртараптандыру, импортқа тәуелділікті азайту мақсатында отандық өндірушілерді қолдау арқылы индустриалды аймақ қатарын арттыру жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар әкім қала бюджеті туралы баяндады. Қала басшысының айтуынша, Шымкент қаласы мегаполис болғалы бюджет көлемі 4,5 есеге артып, 658 млрд теңгені құраған. Өзіндік кірістер көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 72 млрд теңгеден 335 млрд теңгеге өсіп, соңғы үш жылда қала бюджетінің дербестігі 16 пайызға артып, 51 пайызға жетті.

– Біздің мақсатымыз – қаланың экономикалық белсенділігін көтере отырып, республикалық бюджеттен тәуелділігін азайту, – деді Ғ.Сыздықбеков.

Бүгінде қала бойынша «Халық қатысатын бюджет» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Белгілі болғандай, биыл 5,8 млрд теңгеге 194 жоба іске асырылса, ал келесі жылы қаржыландыру көлемі 10 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде.

– Қазір қалада 5 өндірістік аймақ бар. Онда жалпы сомасы 216 млрд теңгені құрайтын 273 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Бүгінде өндіріс алаңдарын арттыру мақсатында жаңадан көлемі 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аймағын құру қолға алынды. Алдағы уақытта 372 млрд теңгені құрайтын 289 жобаны жолға қойып, 12 мыңға жуық жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. «Жұлдыз», «Бозарық» индустриалдық аймақтарына инженерлік жүйелер тартылып, келесі жылы қолданысқа беріледі. Одан бөлек, сауда-логистикалық орталықты кеңейту арқылы «Өңірлік хаб» құру жұмыстары басталды. Жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Аталған индустриалдық аймақтарды іске қосу арқылы салықтық түсімдерді арттыру көзделуде, – деді қала басшысы. 

Жалпы, халық санының артып, жаңа индустриалдық аймақтардың құрылуымен қалада аурухана, мектеп және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту проблемалары туындайды. Әсіресе, тұрғындарды «Жұлдыз», «Бозарық» секілді жаңақұрылыс аумағында заманауи мектеп салу мәселесі алаңдатады. Брифинг барысында Ғабит Әбдімажитұлынан «Халықтың сұранысына сай жаңа индустриялық аймақтарға мектеп салу қай уақытқа жоспарланып отыр? Егер салынатын болса қашан аяқталады?» деп сұраған едік.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 28 мың оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 12 мектептің құрылысы басталды. Білім беру саласы – басым бағыттарымыздың бірі. Соңғы 4 жылда 66 мың орындық 101 мектеп пайдалануға берілді. Оның 80 пайызы жеке инвесторлар есебінен салынды, – деді қала басшысы. 

Сонымен қатар ««Бозарық» жаңақұры­лыс аумағына жоба аясында 2000 орындық жаңа мектептің құрылысын 2024 жылы бастап, 2025 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді әкім. 

Қала әкімінің айтуынша, бүгінде қаладағы үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілген. Үшінші мегаполистегі 134 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Қалада 39 колледж бар. Еңбек нарығына талдау жүргізіліп, қажетті маман дайындау үшін колледждерге жаңа 11 250 грант бөлінген. Биыл 500 орындық оқушылар сарайы пайдалануға берілсе, Тұран шағын ауданында тағы бір 500 орындық оқушылар сарайы салынып жатыр. 

Мегаполистегі өзекті мәселенің бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Қазір баспана кезегінде 51 мыңнан астам азамат әлеуметтік, 175 мыңға жуық азамат кредиттік тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл азаматтардың көбі негізінен қала әкі­мі­нің баспанамен қамту бойынша тізімінде ұзақ жыл кезек күтіп жүрген көпбалалы және жалғызбасты, бағып отырған ерекше балалары бар аналар. Соңғы уақытта әкімдік кезегіндегі тұрғындарды тұрғын үймен қамту бағытындағы кейбір міндеттер Отбасы банкке ауысып жатқаны белгілі. Соған сәйкес, кезекте тұрған азаматтарда «Егер тізім Отбасы банкіне ауысатын болса, үйсіз қалуымыз мүмкін» деген қорқыныш бар. Ғабит Сыздықбеков халықтың алаңдаушылығын тудырған бұл мәселе өзінің бақылауында екенін айтып, «Ол кісілердің үйсіз қалу қаупі туындамайды. Бірақ қай кезде алады? Үй алу мерзімін қарау керек. Бірақ әр жағдайды жеке қарау керек. Әр отбасындағы жан санына қарай үй бөлінеді», – деді.

Қала басшысының мәліметінше, жылдан-жылға мегаполис аумағында халық санының қарқынды өсуіне байланысты баспанаға деген қажеттілік артып келеді. Осы мәселені шешу үшін 4 мың пәтерлі 100 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

– «Жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 мыңнан астам пәтер береміз. 201 азаматқа қайтарымсыз негізде 1 миллион теңгенің тұрғын үй сер­тификаты табысталды. Әлеуметтік тұрғын үй алушылар санатына енбейтін азаматтар да назардан тыс қалмайды. Жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасы аясында 150 отбасыға жеңілдетілген несиелер берілді. Бағдарлама жалғасады. Жалпы, жыл соңына дейін 1 миллион 75 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі», – деді қала әкімі.

Халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің шешілгені жақсы, бірақ тұр­ғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымын заман талабына сай жабдықтау өзек­ті проблема екенін ескеру керек. Әсіресе, қауіпсіздік шартының сақталмауы салдарынан қазір өрт мәселесі өршіп тұр. Астана, Алматы, Аягөз, Шымкент қалаларында абайсызда тұтанған өрт салдарынан бейбіт күнде қаншама отбасы отқа оранып, қайғылы жағдай болып отырғаны «қабырғаны қайыстыратыны» бар. Өздеріңізге белгілі, жақында Шымкент қаласы «Ынтымақ-2» елді мекенінде жеке тұрғын үйде бір отбасы мүшелері газдан уланып қайтыс болды. Осындай қайғылы оқиғалар қайталанбас үшін алдын алу шараларын жасап, өрт қауіпсіздігін сақтау маңызды. Әкімнің айтуынша, бұл бағытта нақты жоспар қолға алынып, арнайы сақтық шаралары жүргізіліп жатыр.

– Өкінішке қарай, газ құбыры желі­лерін тартатын арнайы компаниялардың көп жағдайда жұмысын заңды түрде атқармауы салдарынан қайғылы оқиға болады. Алдағы уақытта мұндай компаниялардың жұмысын  бақылауға алу мақсатында 30-ға жуық газ инспекциясын құрып, арнайы инспекторлар жасақтауды қолға алып отырмыз, – деді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, биыл қаланы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, елді мекендерде ауызсу, электр жүйесі, табиғи газ бен кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталады. Нәтижесінде, қала тұрғындары 65 пайызға кәріз жүйесі, 96 пайыз табиғи газ, 99 пайыз ауызсу және 100 пайыз электр жүйесімен қамтылмақ. Көлік инфра­құрылымын дамыту бағытында айналма және магистралды жолдардың өткізу қабілетін арттыратын бірқатар ірі жоба іске асырылуда. Ташкент – Алматы – Түркістан бағыттарын қала орталығымен байланыстыратын Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомобиль жолын қайта құру, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылыстары жүргізілуде.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ