Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ауыл­дарға жиі шығады. Осы жолы әкім облыс­тың ең шалғай аудандары Жәнібек пен Бөкей Ордасы аудан­дарына бар­ды.
Өңірде өзгеріс көп
759
оқылды

Бұл екі аудан да облыстан әжептәуір қашықта орна­лас­қан. Халқы негізінен мал шаруа­шылы­ғымен айналысады. Өңір бас­шысы алыс аудандардағы әлеу­меттік ахуалды өз көзімен көріп, халықпен кездесті. 

Алдымен облыс әкімі Бөкей Ордасы ауданына барды. Әкім Хан Ордасы ауылындағы спорт залына ат басын тіреп, жас спортшылармен жүздесті. Бұл ғимаратта 100-ден астам бала спортпен айналысады. Олар бокс, күрес, ауыр атлетика, тоғызқұма­лақ және футбол секцияларына қатысады. Жасөспірімдердің жетістігі аз емес. Облыс­тық, республикалық додаларда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Армат Меңдешов жас спортшы­лардың қабілеті асып-тасып тұрғанымен, олардың жаттығуына айтарлықтай қолайлы жағдай жоқ екенін жеткізді. Облыс әкімі өз кезегінде бұл ауылға 2025 жылы спорт кешені салынатынын айтты. 

Бұдан әрі облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы «Рауан» шаруа қожалығына барды. Ол жерде шаруалармен кездесті. 

– Шетелде ет өндірісімен айналысатын компанияның жұмысын көзбен көрдім. Ол жерде де өндірістік кооператив құрылған екен. Мысалы, басты компания ет өңдеумен ғана айналысса, қалған қосалқы агроқұры­лым­дар тері өңдеу және қалдықтан минерал­ды тыңайтқыш түрлерін дайындауға жауапты. Ал өзге бір компания малдың сүйектерінен ұнтақ шығарады. Яғни, ешқандай қалдықсыз өндіріс деуге болады. Әрине, мұндай жетіс­тікке санаулы күнде жетеміз деп айту қиын. Десе де, заман бірігіп жұмыс істеуді талап етіп тұр. Президентіміз де ауыл шаруашылығы саласын жетілдіруді тапсырды. Сондықтан агроқұрылымдарға әрдайым қолдау көрсетуге әзірміз. Жергілікті қожалықтар мұнда ет өңдеу комбинатын ашса болады. Кейін тері өңдейтін зауытты да ашуға мүмкіндік туады. Сол кезде қазіргідей малдың етін келісіне 2 мың теңгеге сатумен шектеліп қалмай, одан да көп табысқа қол жеткізуге болар еді, – деді Нариман Төреғалиев. 

Сапар барысында облыс әкімі Хан Ордасы, Бисен және Сайқын ауылдық округтеріндегі медициналық мекемелерге санитарлық қызмет көлігін табыстады. Өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарына тиесілі автокөліктердің 78 пайызы тозған. Жыл соңына дейін 81 темір тұлпар сатып алынады. Басым бағыт ауылдық жерлердегі емдеу орындарына беріліп отыр. 

Бұдан соң аймақ басшысы Хан Ордасы ауылындағы мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Әкіммен кездесуге келген халық өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. 

 «Қазір біздің ауданнан Жәнібек, Жаңақала аудандарына ауызсу беріліп жатыр. Сонымен қатар соңғы кездері Қазталов ауданына да бізден су құбыры тартылады деген ақпарат тарауда. Бүйте берсе, бара-бара су мәселесі өзіміздің ауданда күрделі болып кетпей ме?», – деген сұрақ қойылды облыс әкімі Нариман Төреғалиевке. 

Су мәселесі бұл жақтың халқы үшін өте өзекті. Сондықтан да тұрғындардың мұндай сауал тастауы да заңды. 

– Иә, сіздегі ақпарат рас. Бүгінде Бөкей Ордасынан Қазталов ауданына су тарту жоспарланған. Бұл жобаны жүзеге асыру алдында бірқатар зерттеу жұмысы жүргізілді. Енді «Искра» жерасты су көзінен Қазталов ауданының кей ауылдық округіне тіршілік нәрін жіберу туралы ұйғарымға келдік. Айта кету керек, осы жерасты су қорының тек 10 пайызы басқа ауданға берілетін болады. Ал «Аймекен» жерасты су көзі осы ауданның қолданысында қала береді, – деп жауап берді Нариман Төреғалиев.

Тұрғындар Хан Ордасы, Мұратсай ауылдарының кіреберіс жолдары мен Шоңай-Сайқын тасжолын салу мәселесін де көтерді. «Хан Ордасының кіреберіс жолы келесі жылға жоспарланған. Мұратсай ауылының мәселесі 2025 жылы шешілмек. Ал Шоңай-Сайқын аралығындағы жол 2026 жылдың жоспарына енгізілді», – деді облыс әкімі. Өңір басшысы тұрғындардың сан салаға қатысты өзге де сауалдарына жауап беріп, алдағы мақсат-міндеттерді атап өтті.

Облыс әкімі бұдан әрі Жәнібек ауданына барды. Аймақ басшысы алдымен «Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы» республикалық автомобиль жолының жөндеу жұмыстарымен танысты. Биыл аталған бағыттағы 8 айға жоспарланған 120 шақырым жолдың 104 шақырымының құрылыс жұмысы аяқталған. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының айтуынша, 2024 жылы республикалық маңызы бар осы жолдың құрылыс жұмыстары толығымен бітеді. Сондай-ақ бұл бағыттағы жолдың 72 шақырымындағы көпір құрылысы да аяқталып, пайдалануға берілді. Мердігер – Uniserv ЖШС.

– Жыл сайын құрылыс материалдары­ның, яғни шебін, битум, цементтің жетіспеуі жол жұмыстарын тежеп тұратын. Бұл ретте, Үкіметпен және «ҚазАвтоЖол», «Қазақстан темір жолымен» бірлесе отырып, мәселенің шешімін таптық. Сонымен қатар құрылыс барысында мердігер мекемелердің ұйым­дастыру жағының әлсіздігі жұмыстың баяу жүруіне себеп болғандай. Жұмыстардың жай жүруіне талдау жасау барысында техникалардың да жетіспейтініне көзіміз жетті. Осындай мәселелерді шештік. Бүгінде Бисен мен Сайқынның арасындағы бітпей қалған 16 шақырым жолға әзірге шебін төселеді. Ал көпір құрылысының жұмыстарын өзім қалт жібермей қадағалап отырдым, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Жасқайрат ауылының кіреберісінен аудан ардагерлері мен ауыл тұрғындары өңір басшысын құрметпен күтіп алды. Олар өзекті мәселеге айналған жол құрылысы жұмыстарына дән риза. «Біраз жылдан бері халықтың мұңы болған жолдың қарқынды жұмысы көңіл қуантты. Аз уақыт ішінде осындай нәтиже барын көріп, біліп отырмыз. Осы жол саласынан біршама хабарым бар болғандықтан әрі аудан тұрғындары үшін маңызы болғасын салынып жатқанына ризамыз. Ауданға жолдың жетіп қалғаны көңілге қуаныш сыйлайды. Ең бастысы жол құрылысы жұмыстарына жан біткендей», – деді аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекет Әліпқалиев.

Одан әрі Жасқайрат ауылдық мәдениет үйінде облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы аудан тұрғындарымен кездесті. Жиынға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев және басқарма басшылары қатысты.

Аудан әкімі Тимур Шиниязов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Күні кеше 9 ауылдық округті аралап, елді мекендегі тұрғындармен кездестім. Ауданда 18 елді мекен бар. Халық саны – 14 352 адамды құраса, экономикалық белсенді тұрғындар саны – 7 762 адам. Ауданның 2023 жылға арналған бюджеті 6,8 млрд теңге. Биыл кірістеріміз 954,6 млн теңге көлемінде бекітілді. Желтоқсанның бірінде аудандық бюджеттің өз кірістері 140 пайызы орындалды және шығыстар жоспарының орындалуы 97,2пайызы құрады. Жыл басынан мүйізді ірі қара малы – 71 143, ұсақ мүйізді мал – 68 967, жылқы малы– 21 240, түйе –102 басты құрады. Аудан бойынша 2023-2024 жылғы мал қыстағына тұратын 94 мың шартты басқа 185,4 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланып, күні бүгінге 104,2 мың тонна жеке тұрғындар мен ауылшаруа­шылық құрылымдары дайындаған және өткен жылдан қалған 81,2 мың тонна мал азығымен қосқанда қажетті мал азығы дайын­далды. Жем азығы бойынша дайын­далған 2 157 тоннаның 920 тоннасы көршілес Ресей Федерациясынан әкелінді. Жем азығын дайындау жұмыстары жалғасуда. Биыл ауданымызда ауыл шаруашылығы құрылымдарымен барлығы 660 гектар жерге дәнді дақылдар және мал азығы дақылдары егілді. Аудан бойынша жұмыс істеп отырған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны– 998 бірлік, соның ішінде шаруа қожалықтар саны 546, жеке кәсіпкерлер саны – 452. Аталған салада 1 520 адам жұмыс істейді. Баршаңызға белгілі қазір ауыл халқының тұрмыс тіршілігін, әл-ауқатын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан көптеген бағдарлама қабылданды. Солардың бірі – «Ауыл Аманаты» жобасы. Аудан бойынша 4 015 аула 14 352 тұрғын тіркелген, соның ішінде жұмыссыздар саны – 796 адам, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны – 95 отбасы және өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар саны – 2 513 адам. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауданға 311 млн теңге қаражат бөлініп, күні бүгінге 55 несие алушының құжаты толық мақұлданып 249 млн теңге комиссия қарауынан өтті. Ауданда ғимараттары тозған, типтік жобаға сай келмейтін 5 мектепке жаңа ғимарат салу жоспарланды. Соның ішінде Ақоба ауылында 108 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде, жақында пайдалануға берілмек. Аудан толық газдандырылған, алайда отандық бас газдандыру сызбасына сай «Қамысты, Борсы, Талов ауылдарын газбен жабдықтау желілерін салу» нысаны бойынша жоба жасақталуда, –  деді Тимур Серікұлы.

Тимур Серікұлының айтуынша, баспанаға мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту мақсатында ауданға республикалық бюджеттен 96 млн теңге және аудандық бюджеттен 17 млн теңге қаражат бөлініп, 10 тұрғын үйді сатып алу жоспарланса, соның бесеуі биыл салынған. Қазір мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тұрғын үйлерді сатып алуға ашық конкурстар жүргізілуде. Жыл соңында тұрғын үй кезегіндегі 10 отбасы баспаналы болады.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев биыл өңірдегі 617 шақырым жолға 81 млрд теңге бөлінгенін, келесі жылы 800 шақырымға 100 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінетінін атап өтті. Осы жылға жоспарланған 27 мектептің бірқатары пайдалануға беріліп жатқанын, сондай-ақ 2025 жылға дейін 50 медициналық нысанның құрылысы аяқталатынын айтты. 

Тұрғындар шекараға жақын жатқан елді мекендердегі ескі үйлерді жаңалау керектігін, сол ауылдардағы азаматтардың кәсіппен айналысуына қолдау көрсетіп, гранттар берілсе деген ұсыныс, тілектерін жеткізді. Сонымен қатар ауылішілік жолдарды жөндеу қажеттігін, жарықтың жиі өшіп қалуына байланысты сұрақтарын қойды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы айтылған ұсыныстар бойынша Жауапты басқарма басшыларына тапсырма беріп, жағдайдың оң шешілуін қадағалайтынын айтты. Ал жарық мәселесіне қатысты облыс бойынша 82 пайыз электр жарығының тозып тұрғанын мәлімдеп, барлық сұрақтар бойынша тиісті жұмыстар ретімен атқарыла­тынын атады.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы