Лепра ХІХ ғасырдың орта ше­нінде әлемді дүрбелеңге салған өте қатерлі сырқат түрі саналды. Сол уақытта ес­­тіген жанға қорқыныш сезімін ұя­лат­қан дерттің дендегені соншалық, талай тағдырды жалмап, қаншама отбасына қасірет әкелді.
Қоңырау таққан кесел
5,486
оқылды

Бертін келе аурудың шипасы табылып, жылдам таралуы тежелді. Адамзатқа қаупі ауыздықталды. Дей тұрғанмен, аты жаман аурудың зардабын тартып, өз өмірі үшін күресіп келе жатқан талай тағдыр иелері арамызда әлі де бар. 

Сол заманда аурудың негізгі ошағы Қызылорда мен Атырау облыстары болып саналды. Дерт жұқтырғандардың шамадан тыс артуына байланысты емдеу мекемесін салу қажеттілігі туындады. Соған орай Қызылорда қаласынан ДСМ «Қазақ Рес­публикалық лепразорийі» мемлекеттік мекемесі салынып, жұмысын бастады. Еліміз бойынша лепра ауруына шалдық­қан жандарды емдейтін осы орталық Сыр өңірінде әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. 

Аталмыш аурухананың бүгінгі ахуалын көзбен көру мақсатында облыс орталы­ғынан 35 шақырымды артқа тастап, Тал­дыарал ауылына бет түзедік. Жеңіл көлік­пен жүйткіп, діттеген жерімізге түс ауа жеттік. 

Ауыл аумағына кіреберісте аурухана ғимараты алыстан менмұндалап, көзге түседі. Айналасы жасыл желекпен көм­керілген көпқабатты еңселі ғимараттың темір қақпасынан кіріп, қарауылдың нұс­қауымен әкімшілік ғимаратына бет түзедік. Мекеме басшысы Молдағали Сейтәлиев өз орнында екен. Ол бізге емдеу мекемесінің қазіргі жайын жан-жақты баяндай жөнелді.

Негізінен, лепра ауруы – адамзат пайда болғаннан бері келе жатқан бактерия. Олай дейтініміз, бұл сырқат жайында Гиппократ­тың жазбаларынан да кезіктіруге болады. Бұл микроорганизмді шақыратын жұқпалы ауру санатына жатқызылады. Яғни, бак­терия пайда болғанға дейін бұл ауру анық­талса керек. Сондықтан алғашқыда бұл аурудың жылдам таралуын тежеудің бірден-бір жолы дерт жұқтырғандарды адамдардың арасынан оқшаулау болды. 

Негізінен, ауру жұқтырған адамның дене мүшесінен өзгеріс байқалып, бет-аузы, аяқ-қолы тартылып, терісі өзгеріске ұшырайды. Сондықтан мұндай сырқат жан­дарға ертеде қоғамда жұмыс істеуге тыйым салынды. Еркін режимде өмір сүруге рұқсат етілмеді. Үстеріне де арнайы киім кигізілді. Ең бастысы, сол заманда Еу­ропада олардың мойнына, қолына қоңы­рау алып жүру міндеттелді. Осы арқылы бұл әдіс халықтың дерттен сақ­тануына, нау­қастардың қоғамнан оқшау­лануына мүм­кіндік ретінде қарастырылды. Осылайша, орта ғасырларда науқастар белгіленген тәртіппен қиын жағдайда өмір сүруге мәжбүр болды. 

«Бұл ауру түрі алғашқыда Еуропада кеңі­нен таралды. Науқастарға үрке қарай­тын заман болды. Соған орай дерт жұқтыр­ғандарды қоғамнан алшақтатуға шешім қабылданды. Осы мақсатта әр мемлекеттен лепразорийлер салына бас­тады. Алғашында бұл ауру түрлі атаумен аталды. Сол уақытта мұны «Болезнь святого лазеря» деп атаған екен. Яғни, құдайлар ауруы деп танылып, ауруханалар «Лазарет» аталып кетті. Ол кезде емдеу орындары лепра атауымен аталмайтын. Уақыт өте келе атынан ат үр­кетін бұл сыр­қат төңірегінде халық ара­сында түсінік пайда бола бастады. Ал бак­­терия ең алғаш 1876 жылы ғана анық­талды. Оны норве­гиялық Ганзен есімді ғалым микроскоп арқылы айқындайды. Соған орай бұл «Ганзен микробактериясы» деген атауға ие болды. Бір қызығы, заман түзеліп, халықтың ой-санасы дамып, жағ­дайы жақсара түскен сайын микробакте­рияның таралуы да азая бастады. Осылай­ша, ме­дицинада бұл әлеуметтік ауру ре­тінде танылды. Яғни, халықтың әлеуметтік жағдайы түзеліп, саламатты өмір сүру қағидаты қалыптасуымен бірге аурудың қауіптілігінің төмендеуі байқалды», – дейді емдеу орнының басшысы. 

Оның айтуынша, бұл дерттің қауіп­тілігі біржола жойылды деп айтуға келмейді. Себебі індеттің қаупі өршіп тұрған елдер жер бетінде әлі де бар.

Жалпы, елімізге бұл сырқат түрі жайын­да наркомздравқа Кеңес Үкіметі орнаған­нан кейін 1923 жылы мәлім болады. Оның ішінде Қызылорда об­лысына қарасты Арал өңірінде және Атырау облысында таралуы байқалады. Соның негізінде елімізден аталмыш індетке қатысты емдеу мекемесін салу ісі 1929 жылы бастау алады. Сол сияқ­ты көршілес мемлекеттер де ауруды ауыз­дықтауға кірісіп, лепразорий ауруханалар сала бастады. Ал Еуропада ХVIII ғасырдың өзінде бұл дертпен күресетін 18 мыңдай аурухана жұмыс істеген деген дерек бар. 

Қауіпті індеттің қазақ даласына қалай келгеніне тоқталсақ, бізде аталмыш дерт алғашқыда «лепра» атауымен танылмаған. Мәліметке сәйкес, бұл сырқат парсы тілінде «Мақау», ал өзбек тілінде «Пес» деген атауға ие болса керек. 

Мекеме басшысы індеттің қазақ дала­сына, оның ішінде Арал өңіріне алғаш келуінің тарихы тереңде екенін алға тар­тады. 

«Ертеде Арал өңірінің көшпелі қазақ­тары жазғы күні Мұғалжар мен Қаратауға, қыс мезгілінде Қызылқұмға қоныс аудар­ған. Ол заманда балықшы қазақ деген ұғым болмаса керек. Сол ХІХ ғасырда Арал теңізі «Көк теңіз» деп аталыпты. Сол ғасырдың орта шенінде, яғни 1822 жылдан бастап елі­мізге орыстар кіріп, теңізді игере баста­ғаны белгілі. Дерекке сәйкес, 1876 жылдың өзінде Астрахан өңірінің «Орал казактары» арасында бұл аурудың белгілері белең алған көрінеді. Осылайша, орыстардың теңізді игерген тұсында кедей қазақтарды жалда­малы жұмысқа алып қана қоймай, сол Астраханнан бурлактарды жұмыс істеуге алдырады. Осылайша, лепра ауруының бактериялары «Астрахань казактарымен» қазақ даласына енеді. Яғни, жағдайы жоқ, жертөледе жатқан қазақтар солармен бірге балық аулап, күнкөріс қамын күйттеуге көше жүріп, аты жаман ауруды бойына жұқ­тырып алады», – деп түсіндірді Молда­ғали Ақбайнашұлы.

Сол кезеңде теңіз жағасына отырықшы қазақтар шоғырланып еңбек етіп, күн түс­пейтін жертөлелерде тұрып жатқан. Қысы-жазы тек балықпен қоректенген. Дерт тасымалдаушы Астрахан казактарымен бірге бір ыдыстан ас ішіп, жертөледе бірге тұрмыс кешкен. Соның салдарынан 1923 жылдан Арал өңірінде сырқаттың кең етек алуы байқала бастайды. Әсіресе, имму­нитеті төмен адамдар арасында аурудың тез таралатыны белгілі болды. 

Алғаш рет Сыр өңірінде, қазіргі Тас­бөгет кентінде 1929 жылы лепрозорий салы­нып, науқас жандарды оқшаулау жұ­мыс­тары қолға алынады. Осы орайда тағы бір айта кететін жайт, сол уақытта лепро­зорий емдеу мекемесін мемлекет астана­ларынан ашуға ерекше мән берілген. Се­бебі бірінші кезекте науқастарға әлеуметтік жағдай жасау міндеттелген. Ал ондай мүм­кіндік ол уақытта ел астаналарында ғана қарастырылған. Соған орай сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласынан лепра­зорий ашуға шешім қабылданыпты.

Мекеме басшысының айтуынша, сол кездері ауруды анықтау оңайға соқпаған. Себебі дерттің белгілерін анықтайтын білікті дәрігерлер тапшы болған.

Негізі, аурудың саны 50-60-жылдары шарықтау шегіне жетіп, қауіптілігі айқын сезілді. Өйткені сол уақытта ғана лепра­зорийлер жоғары қарқынмен жұмыс істеп, медициналық құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етіледі бастады. Соның негізінде аурудың негізгі ошағы саналатын Арал өңі­рін тексеру шаралары күшейтілген бола­тын. Нәтижесінде, жылына 170-180 науқас жан анықталып, оқшаулау шаралары жүр­гізілген. Бұл аурудың басты тасымалдау­шысы адам екені анықталды. Соған орай қауіпті ошағы саналған аймаққа жылма-жыл күшейтілген залалсыздандыру жұ­мыстары жүргізіле бастайды.

Уақыт өте науқас жандардың шамадан тыс көбеюінен Тасбөгеттегі аурухана тарлық етеді. Соған орай 1965 жылы Талды­аралдан сол кезде 1 000 төсекке арналған қазіргі емдеу орны салынып, пайдалануға берілген. 

Дерекке сәйкес, ауру асқынған кезең­нен бастап қауіпті індетті ауыздықтау ша­ралары үздіксіз жүргізілген. Нәтижесінде, еліміз бойынша барлығы 3 612 адам лепра ауруын жұқтырғаны анықталыпты. 

Елімізге 1950 жылдары лепра ауруының таралуын тежейтін алғашқы дәрілер жет­кізіледі бастапты. Соған орай індетпен күрес шаралары күшейтіліп, таралу дең­гейін төмендетуге мүмкіндік жасалған. 

Дәрігер егемендік алған жылдар ішінде лепра ауруына шалдыққандар қатары күрт төмендегенін алға тартады. Оның ішінде 30 жыл ішінде 10 науқас анықталса, соңғы сырқаттанған адам 2017 жылы тіркелген. 

Қазір Қазақстан бойынша 265 адам аталмыш індетпен ауыратындар тізімінде тұр екен. Оның әрбірі Талдыаралдағы емдеу мекемесінде диспансерлік есепке алынып, тұрақты ем алуына мүмкіндік жасалған. 

Ең қиыны, бұл аурудың нақты таралу процесі, яғни жұғу салдары әлі күнге дейін нақты белгілі болмай тұр. Медицинада ауа арқылы таралуы айтылады. Дегенмен де, бұл індет ұзақ процесс кезінде ғана екінші адамға жұғуы ықтимал екені белгілі болып тұр. Яғни, бір шаңырақ астында ұзақ уақыт бірге тұрған адамдар арасында ғана дертке шалдығу мүмкіндігі жоғары екені нақты­ланған.

Емдеу орнының басшысы ұзақ жылдар бойына жүргізілген аурумен күрес шарала­рының арқасында оның адамдар арасында таралуы айтарлықтай төмендегенін алға тартады. Алайда инфекцияның қаупі тұ­рақты бақылауда болатынын жеткізді.

Қорыта айтқанда, қазір аталмыш лепразорийде 40-тің үстінде науқас ем алып жатыр екен. Емделушілердің орташа жасы 75 жасты құрайды. Ең егдесі – 80 жастан асқан қариялар. Мұның барлығы да сонау Кеңес кезеңінен бері қауіпті дертпен кү­ресіп жатқан жандар. Оның өзі індет жұқ­тырғаннан кейін денесінде қалған түрлі жарасын емдетіп жүрген науқастар. Ал 2017 жылдан бері елімізде ауруға шалдығу көрсеткіші тіркелмеген. Ең бастысы, бүгінгі жастар мен жасөспірімдер арасында қатерлі індетті жұқтыру фактісі жоқ. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы