Қай кезде де Аралдың экологиялық ахуалы әлемдік мәселеге айналып тұр. Бұған дейін Арал теңізін  сақтау мақсатында бірқатар халықаралық шара қолға алынғанымен бұл мәселе өзектілігін әлі күнге дейін жояр емес.
Аралды құтқаруға қауқарлымыз ба?
1,878
оқылды

Жыл санап күрделене түскен эко­­ло­гиялық дағдарыс салдарынан Арал хал­қының денсаулығы күрт нашарлап, ауру­­шаңдық белең ала түсті. Құрғаған теңіз түбінен тонналаған тұзды шаңдар ауаға тарап, оның қоршаған ортаға зарбады ушығып кетті. 

Әр жылдары Арал мәселесіне арналған халықаралық конференциялар болып, өзекті мәселенің шешілуіне негіз қалады. Соның нәтижесінде, Аралды құтқару қоры құрылып, жүйелі жұмысын бастады. Қордың жұмысын үш жыл сайын Орталық Азия елдері үйлестіретін болып келісілді. 

Дерекке сәйкес, Кеңес кезеңінде егіс­тік алқаптарда суды тиімсіз пайдалану сал­­­­дарынан өңірде гидрологиялық жүйе­нің теңсіздігінен соңы Арал теңізі таба­­­нының құрғауына соқтырған. Содан бері 60 жылдан астам уақыт бойына Арал тағ­дыры ауқымды мәселеге айналып отыр. 

Жуырда Орталық Азия мемлекеттері теңізді бірлесе толтыруға уағдаласқаны жайында ақпарат желдей есті. Атап айт­­­қанда, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікмен­стан және Тәжікстан елдері Сырдария мен Әмудария өзендерінен су алу бойынша келісімге келген. 

Өзбекстан астанасы Ташкент қала­­­­сын­­­да өткен мемлекетаралық су шаруа­­шылығын үйлестіру комиссиясының отырысында аталмыш мәселе кеңінен тал­қыға түскен көрінеді. Соның негізінде, алдағы 2024 жылдың 1-сәуіріне дейін Шардара су қоймасына 11 мың текше шақырым су келеді деп күтілуде.  Ал «Дос­тық» мемлекетаралық каналынан 487 млн текше метр су алынбақшы. Бұл өз кезегінде Түркістан және Қызылорда об­­­лыстарына қажетті су көлемі жинақталады деп жоспарланған. Осы арқылы Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік артады деген үміт басым.

Осы мәселеге орай табиғат жанашыры, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы өз пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, қос өңірге қажетті су көлемін арттырып, те­ңізді сақтап қалу бағытында атқарылар жұмыстардың ауқымы кең, кемшін тұс­­тары да жоқ емес. 

«Бүгінде Арал теңізін құтқару жолдары әлемдік деңгейде өзекті мәселеге айналды. Жуырда Орталық Азия елдері бірлесіп, теңізді құтқару жолдарын қарастырып жатқаны мәлім болды. Оның үстіне бірне­­ше жыл бұрын қуаңшылықтың зардабын тартқан Сыр жұртшылығының жайы көпке мәлім. Кешегі Кеңес заманында Кіші Аралды 1,5 есеге толтыратын 48 тек­­ше метр су көлемі қысқарды. Соған орай теңіздегі балық қоры да азайды. Сондық­тан нақты уақытта Сырдария өзенінен өтетін судың белгілі мөлшерін Кіші Арал­­ға бағыттау қажет деп есептеймін. Осы орайда келер жылдың 1 сәуіріне дейін, яғни вегетация кезеңі қарсаңында Сыр­дария ағынынан Қазақстан тарабына 11 мың текше шақырым су көлемін жіберу көзделіп отыр. Бұл Арал теңізінің келе­­шегіне бағытталған нақты қадам деп тү­­­­­­­сінуіміз керек. Тек жоспарлы жұмыс жүйе­­лі жүргізілуі тиіс», – дейді эколог-жазушы.

Теңіз тағдырына алаңдаулы күй кешіп отырған өңір халқы Кіші Аралға бір там­шы су тамса қуанатындай күйге жеткен. Аймақтың экологиялық ахуалын жақ­сартуға қатысты қаншама табанды шара қолға алынғанымен тұзды, шаңды ауамен тыныстап отырған тұрғындардың халі мәз емес. Байырғы атакәсібі – балық шаруа­­­­­шылығы да тұралап тұр. Бұл жергілікті жұртшылықтың әлеуметтік жағдайына да айтарлықтай салқынын тигізіп отыр. 

Орталық Азия мемлекеттерімен бір­лесе атқаруға шешім қабылданған оңды бастамаға халықтың үміті асқақ. Дей­­­тұрғанмен, бұл жоба қаншалықты тиімді болады деген көмескі ойлардың  көңілде көрініс тауып тұрғаны жасырын емес. 

Осы мәселе төңірегінде Халықаралық аралды құтқару қоры Атқарушы коми­тетінің Қазақстандағы филиалына хабар­­ласып, мән-жайын анықтауға тырыстық. Қордың Атқарушы дирекциясы дирек­­торының орынбасары аталмыш жобаның өміршеңдігіне тоқталып, мән-маңызын баяндады. 

«Өздеріңізге белгілі, Өзбекстанның Таш­кент қаласында мемлекетарлық су шаруашылығын үйлестіру комиссия­­­сының 85-ші отырысында бұл мәселе кеңінен талқыланды. Соның негізінде Су ресурстары және Ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Орталық Азия елдері­нен су алып, Арал теңізіне құюға бағыт­­талған бірегей жобаны жүзеге асыруға қол жеткізгені көпке мәлім болды. Қаншама жылдан бері біздің қордың да басты мақ­саты – Арал теңізін құтқару болып та­былады. Қазіргі міндетіміз – «Саратс-2» жобасының екінші фазасын жүзеге асыру. Осы арқылы Арал теңізінің Қазақстан аумағындағы мәселесін біржола шешуге үміт бар. Шыны керек, бүгінгідей су тап­­­­шылығы белең алған кезеңде Арал теңі­­­­зін бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес деп ойлаймын. Дегенмен мүлде жойылып кетпеуіне әрекет жасау қажет. Бұл тұрғыда Орталық Азия елдерімен болған уағ­­­­далас­­тық нәтижелі болады деп үміттенеміз. Қазір Кіші Арал теңізін сақтап қалуға мүмкіндік бар. Бұған дейін Кіші Арал теңі­­­­зін сақтап қалуға бағытталған ауқым­­ды жоба қолға алынған кезден бастап, теңізді өлкенің тіршілігі қайта түлеп, әлеу­­­­меттік-экономикалық, экологиялық ахуалы аз да болса жандана бастағанына куә болдық. Сондықтан да бұл жұмыс­­­­­­­тарды тоқтатпай, жандандыра түсуіміз қажет», – деп мәлімдеді қордың атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Зәуреш Әлімбетова.

Оның айтуынша, «Саратс-2» жобасы­­ның екінші кезеңін жүзеге асыруда атқа­­­­рылған жұмыстар ауқымды. Атап айт­­­қанда, соңғы төрт жылда Халықаралық аралды құтқару қорының бастамасымен және Үкіметтің қолдауымен Дүниежүзілік банктің қаржыландыруы арқасында атал­­­мыш жобаның техникалық-экономика­­­­лық негіздемесі дайындалған. Оны Иран Республикасының YEKOM CONCULTING ENGINEERS компания­­сы толық зерттеп, зерделеп, бүгінде сараптамадан өткі­зіліп жатыр екен. Бұл жұмыстар алда­ғы уақытта да жалғасын тауып, нәтижелі болатынына сенім білдіріп отыр. 

Кіші Арал теңізін сақтап қалу бастама­­­сымен қатар, балық шаруашылығын жан­­­дандыру мәселесі де өзектілігін жойған емес. Қазір теңіздегі балық қоры күн са­нап азайып барады. Соған орай теңіз мар­­жа­­­­­­нын молайтуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын да алға тартып отыр.

Қалай дегенде де Орталық Азия елдері Арал тағдырына алаң. Өңір халқы теңі­­­зімен қайта қауышатын күнді тағат­­сыз­­­­дана күтіп жүр. Тек комиссия отырысында көтерілген ұтқыр ұсыныс нәтиже берсе игі. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы