Оның есімі - Жәнібек, Арқалықта туған.
Бір көріп, құшақтасам болды: Испанияда өскен қазақ баласы анасын іздеп келді
9,159
оқылды

Кезінде Арқалықтан асырап алған бельгиялық отбасы Жәнібек деген атын өзгертіп, оған "Эдди Жан" есімін берген, - деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Бұл туралы "Отандастар" қорының вице-президенті Олжас Беркінбаев өзінің парақшасына жазды. 

"Мына видеода ағылшынша сөйлеп, Сіздермен көмек сұрап отырған жігіттің есімі – Жәнібек, бірақ қазіргі құжатында ЭддиЖан деп жазылған. Ұлты – қазақ, 2002 жылы Арқалық қаласында дүниеге келген. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғызбасты анасы асырап алуға алып кеткен. Фламанд тілінде өскен ол, қазақша не орысша білмейді. Есесіне, ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде сөйлейді. Қазір Испанияның Мальорка аралында тұрады. Асырап алған отбасы оған еуропаша білім беріп өсірген. Осы күндері Астанада, өзінің туған әке-шешесін іздеп келіпті.

Кеше осы жігіт туралы пост жазып, артынан біздің заңнамаға сәйкес, баланың өзі айтуы керек деген соң оны алуға мәжбүр болғам. Бүгін өзінің рұқсатымен видеосын жариялап отырмын. Туған әке-шешемнен түк керек емес, тек анамның жүзін көріп, бір рет құшақтап, жүрегімді тыншытсам болды деген Жәнібек мына видеоны бүгін неше рет түсіргенін білсеңіз ғой... Әлі толқып жүрмін, ана туралы ойласам, эмоциямды басқара алмай қаламын дейді.

20 желтоқсан Астанадан Испанияға ұшып кететін Жәнібек, баршаңыздан көмек күтіп отыр. Қазақстан тым алыс, енді қашан келерім белгісіз, мұнда түрім қазақ, тілім өзгеше бәрі біртүрлі қарайды дейді. Мальоркада ол атбегілікпен айналысады. Жылқыны жақсы көреді екен...

Барынша таратып, қандасымызға қол ұшын созып жіберейік, ағайын!", - деп жазды ол. 

Көпшілік қазақ баласының туған ата-анасын тездетіп табуына тілеулестік білдірген.

"Құдай-ау, әр сөзінен кейін терең демалып, күрсінгені, көмейі толып толқығанын көргенде жүрегім ауырып  кетті. Талай қазақ отбасылары бала асырай алмай жүргенде мыңдаған қаракөздеріміздің шетел асқаны қиын. Анасы тезірек табылса екен", "Қандай әдемі жігіт болып өсіпті. Анасы табылса екен. Жарығым-ай. Алла бір өзіңе тапсырдым", "Тезірек табуына тілектеспін. Арқалық маңайындағы аудандарданда іздестірілуде, барлық чаттарда жүр", -  деп жазды олар.