Мәжілісте есірткі қыл­мы­сы­на қарсы күрес шара­ларына арналған Үкімет саға­ты өтті. Қазіргі ахуал бойынша Ішкі істер ми­нистрі Ержан Сәденов баяндама жа­сады.
Есірткімен күрес күшейеді
464
оқылды

БҰҰ мәліметі бойынша, есірт­кіні пайдалану мен заңсыз айна­лымы­ның, әсіресе ұйымдасқан есірт­кі айналымының ауқымы барлық елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр. М­әжілістің вице-спикері Дания Еспаева бұл мә­селе Қазақстанда да өзекті еке­нін атап өтті.

– Елімізде есірткінің жыл са­йын­ғы заңсыз ай­налымы – шама­мен 25 тонна, оның 95 пайыз­дан астамы каннабис тобындағы есірт­кі­ге, 5 пайызға жуығы синте­тикалық есірткіге, 1 пайыздан азы апиынға, героинге және зат­тар­дың өзге де түрлеріне тиесілі. Елімізде есірт­кі қылмысына қарсы іс-шаралар тұрақты қолға алы­нып жатқанына қарамастан әлі де шешіл­ме­ген проблемалар бар, – деді Мәжіліс Төра­ғасының орын­басары.    

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қазіргі уа­қытта синте­тика­лық есірткінің жаппай тара­л­уы өзекті мәселе екенін айтты. 2019 жылға дейін­гі заңнама қауіп­ке тез әрі тиімді әрекет етуге мүм­­кін­дік бермегендіктен Ішкі істер министр­лі­гінің бастамасымен жаңа заң жобасы әзір­ленген. Онда есірткінің құрылымдық элемент­терінің «аналогтері» және «алмас­тыр­ғыштары» ұғымдары енгізілді, бірақ кейбір нормалардың Кон­сти­туцияға сәйкестігі күмән тудырды. 

– Маңызды шешімдердің нәти­жесінде д­е­пу­таттар «револю­ция­лық» түзетулер пакетін қа­был­дады. Бұл жұмыстың нәтижесін әлі де кө­ріп келеміз. Біріншіден, жаңа психикалық бел­сенді зат­тарды бақылауға алудың нақты те­тігі құрылды. Бүгінде Қазақ­станда қауіпті есірт­кінің барлық белгілі түрі бақылауда. Екін­шіден, оларды тізімге қосу процедурасы 1 ай­дан аз уақыт алады. Бұл үшін Еуразиялық Одақ елдерінің тізбе­лерінде немесе БҰҰ Халық­аралық комитетінің ұсынымдарында есірт­кі за­ттарының болуы жет­кілікті. Үшіншіден, есірт­кінің жаңа түрлері елімізде іс жүзінде пай­да болмай тұрып бақылауға алынады, – деді Ержан Сәденов.

Министрдің сөзінше, осы түзетулер күшіне ен­геннен кейін соңғы 5 жылда «синтетикалық есірт­кіні» тәркілеу көлемі 10 келі­ден 1 тоннаға дейін күрт өскен. Сонымен қатар жыл басынан бері 4 трансұлттық ұйымдасқан қыл­мыс­тық топ пен 75 жасырын есірт­кі зертханасы жойылды, олар­­дан 185 тоннадан астам пре­курсорлар тәр­кіленді.

– Қазіргі уақытта қылмыстық жауап­кер­ші­лік тек прекурсорлар мен зертханалық құрал-жабдық­тарды заңсыз әкелгені үшін белгіленген. Іс жүзінде біз есірткі өндірушілерінің өз тауа­рын сатуға кіріскен уақытын күтуге мәж­бүр­міз. Бұл мәселені шешу үшін Ішкі істер министрлігі Се­нат депутат­тарымен бірлесіп, прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айна­лы­мы үшін жауапкер­шілікті күшейтуді көз­дей­тін тиісті заң жобасын әзірледі. Ол қазір Мә­жі­лістің қарауында, – деді Ішкі істер министрі.

Есірткі құралдарының, психо­троптық зат­тар мен олардың пре­курсорларының заңсыз ай­налы­мына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталы­ғы­ның дирек­торы Атагелді Язлыев те баяндама жа­сады. Ол трансұлттық есірткі қылмысына қар­сы күрес орталы­ғының осы жылдың 9 айын­да ат­қарған қызметінің қорытындысы тура­лы ақпарат берді.

Заңнама және сот-құқықтық реформа ко­ми­тетінің төрайымы Снежанна Имашева қо­сым­ша баяндамасында 2014 жылдан бас­тап есірткіні медициналық емес мақсатта қолдану үшін жауапкер­шілік Қылмыстық кодекске ауыстырылғанын, тыйым салу тек қоғамдық орындарға ғана қарас­тырылғанын атап өтті. 

– Нәтижесінде, биыл медициналық емес мақ­сатта 89 қылмыстық құқықбұзушылық тір­келсе, оның 30-ы ғана сотқа жеткен. «Қоғамдық орын» деген маңызды тармақ болғандықтан, есірт­кіні қолданатындар үйде қолдандым деп жауапкершіліктен оңай құтыла алады, бұл заң­ды. Биыл медициналық емес мақсатта 370 мың­ға жуық факті анықталды, – деді С.Има­шева.

Осыған орай, депутаттар қо­ғам­дық орын­дарда медициналық емес есірткіні қолдануды қыл­мыс­тық, ал қалған жағдайда әкімшілік заң­мен жазалауды ұсынып отыр. Бұл қадамдар дәрі­лік заттарды медициналық емес мақсатта пай­далануға толық тыйым салуды қамтамасыз етуі керек. 

Депутаттар есірткі қылмы­сымен күреске қа­­­тысты түйткілді мәселелерді ортаға салды. Ай­тыл­ған ұсыныстар апта соңына дейін жи­нақ­талып, Үкіметке жолда­натын болады.