Қазақстанда топырақтың құ­нар­сыздануы өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Мамандар онсыз да шөлейтті, сортаң жерлер дегра­­да­­цияға қатты ұшырап жатқанын ай­­тады. Жиыны 180 млн гектар болатын жайылым жердің 24 пайызы шөп шықпайтын қу тақырға айналған.
Жерге күтім болмаса, жеміс те бермейді
571
оқылды

Топырақта құнар болмаса, азықта нәр болмайды. Себебі азық-түліктің 95% өндірісі топырақ пен судың сапа­­­­сы­на байланысты. Аталған саладағы қор­­­­даланған мәселелер 5 желтоқсан күні Ас­та­нада өткен «Топырақ пен су – жердегі тір­­­­шілік нәрі» атты халықаралық кон­­­­ференцияда егжей-тегжейлі қозғалды. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруа­­шы­лығы ұйымының (FAO) Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырған жиынға отандық және халықаралық сарапшылар қаты­­­сып, өз ойын ортаға салды.

Ғалымдардың зерттеуінше, бүгінде Қазақстанда 90 млн гектардан астам жер эро­­зияға ұшыраған, оның 29 млн гек­­та­ры – ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланып отырған жер. Бір ғана 2018 жыл­дың өзінде елімізде 35 млн гек­­тардан астам жер сортаңданып, 17 млн гектарға жуық жайылым ресурстар тозып кеткен. Мәжіліс депутаты, Аграр­лық мәселелер комитетінің мүшесі Нұр­жан Әшімбетов республика бойынша то­пырақ деградациясы өте күрделі проб­лемаға айналып отырғанын айтады. «Ең алдымен, оған адами фактордың әсері бар. Ол – жерді жөнді-жөнсіз пайдалану мә­селесі. Егістік көлемін ұлғайтып жа­тыр­мыз, бірақ алатын өнім аз. Мәселен, Павлодар облысы биыл 4 центнерден ғана өнім алды. Бұл – өте төмен көр­сет­кіш, тіпті өнім алынған жоқ деп те айту­ға болады», – дейді депутат. 

Қазақстан БҰҰ-ның шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясына 1994 жылы қол қойып, 1997 жылы рати­фикациялаған болатын. Аталған кон­­­­вен­­­­циямен бірлескен жобалардың үй­лес­тірушісі болып 2021 жылы АШМ Жер ре­­­­­­­­сурс­­тарын басқару комитеті бел­­­гіленді. Комитет төрағасы Мұрат Темір­­жановтың айтуынша, қазақстандық та­рап 2018-2030 жылдар аралығында БҰҰ-ның мақсаттары мен стратегиясын жү­зеге асыру үшін өңіраралық топтың жұмысына белсенді қатысқалы отыр. «2022-2026 жылдар ара­лығында 25 млн 250,0 мың гектар аумақта топырақты зерттеу, 29 млн-ға 600,0 мың гектар ау­мақта электронды кар­таларды да­йын­даумен геоботаникалық зерттеулер жүр­­гізу жоспарланған. Сон­дай-ақ 36,0 млн гектар алаңда Жерді мониторингілеу қа­­­­­­­растырылып отыр», – деді М.Темір­­жа­нов. Қазір республика аумағының 44,0%-ы ци­фрландырылыпты. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін 100%-ды құра­­­мақ. Ауыл шаруа­­шы­лығы мақсатын­дағы жерлердің цифр­­­лық картасы жердің нақты жай-күйі­не мони­торинг жүргізуге мүм­­кіндік береді.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта жерді пайда­­­ланушыларға талап күшейтілмек. 

«Қазір Жер қатынастары комитеті ар­найы бағдарлама жасап, айналысып жатыр. Ол бойынша топырақтың сапасы зерттеліп, тексеріледі. Содан кейін егер сіз пайдаланған жеріңіздің жағдайына зиян келтіріп, топырағын тоздыратын болсаңыз, шара қолданылады. Сол се­­бепті фермер өз меншігіндегі, пайда­­ла­нып отырған жерінің жай-күйіне, топы­рағын құнарландыруға жауапты бол­­­­­­­­­­­­мақ», – дейді Мәжіліс депутаты Нұр­жан Әшімбетов. 

FAO дерегіне сүйенсек, әлем бойын­ша жер бетіндегі топырақтың 33 пайызға жуығы тозған, яғни сапасы мен құнары нашарлаған. Дүниежүзінде топы­рақ эрозиясы жыл сайын 20-37 миллиард тонна құнарлы топырақты жояды. Бұл мәліметтер Астанада өткен халықаралық конференцияда да айтылды. БҰҰ жоба­ларының өңірлік үйлестірушісі Надежда Дементьева топырақ деградациясы әлем­нің барлық аймағында аса жылдам жүріп жатқанын жеткізді. Оның ай­­туын­ша, 2015 жылдан бері 4 млн шаршы шақы­­рым­дай аумақ жойылып кеткен. «Ор­­та­лық Азияда жер аумағының 24%-ы дегра­дация әсерінен тозған, бұл шама­мен 935 мың шаршы шақырым, яғни Қыр­ғызстан аумағынан төрт есе үлкен жер көлемі. Мұндай жағдай шөлейттену қаупі бар жерде тұратын аймақ халқы­­ның 30%-ның өмір-тұрмысына әсер етпек», – деді Н.Де­меньтева. Осыған орай БҰҰ 2030 жыл­­ға дейін тез арада 1 млрд гектар ау­­­мақты қалпына келтіруді көздеп отыр.

Конференцияға Ресейден арнайы келіп қатысқан ғалым, РҒА География ин­ститутының ғылыми қызметкері, био­­­­логия ғылымдарының докторы Гер­ман Куст топырақ деградациясы тұтас Ор­талық Азия мемлекеттері үшін аса жоғары көрсеткішке жетіп, қауіп төн­­ді­ріп тұр­ғанын айтты. «Аймақта то­пырақ құрамы тіптен кеуіп, сортаңданып бара жатыр деу­ге болады. Мәселен, Тәжік­­­стан­да топы­рақтың деградациясы 29,5% -ға жет­­­се, Қырғыз Рес­­пуб­­­­ликасында – 25,2%, Түрік­менстанда – 24,2%, Қазақ­станда – 24,1%, Өзбекстанда – 19,8%. Сондықтан тиімді технологияны қолда­­нып, дегра­дацияға ұшыраған жер кө­лемін азайту қажет», – деді ол. 

FAO ұйымы бүгінде «Орталық Азия мен Түркияның құрғақшылыққа бейім және тұзды ауылшаруашылық өндіріс ландшафттарындағы табиғи ресурс­тарды кешенді басқару (ИСЦАУЗР-2) жобасын жүзеге асыруда. Жобаның өңірлік үйлес­­тірушісі Махмуд Шаума­­ровтың айтуын­ша, табиғи ресурс топы­рақ пен суды тиім­сіз пайдалану азық-түлік қауіпсіз­­­­дігіне қауіп төндіреді. 

Биылғы шілде айында Қазақстанға Еуразиялық топырақ серіктестігінің бас­­қарушы комитетіне төрағалық ету міндеті жүктелді. Негізгі мақсат – топы­рақ ре­сурс­та­­рын тұрақты басқару әдіс­терін кең ауқымда жүргізу. Жер ресурс­тарын бас­қару комитетінің төрағасы Мұ­рат Темір­жа­новтың сөзінше, Қазақстан 2025 жылы Еура­зиялық топы­­­рақ серіктестігінің жос­парлы оты­­­ры­сын өткізуді ұсынып отыр. «Мұн­дай ке­­­­шенді іс-шаралар жер ресурс­­тарын тұ­­рақ­ты бас­­қару мәсе­лесінде маңызды рөл атқарады. Ол деге­ніңіз – жердің шө­­лейттенуі мен тозуына қарсы күресте мо­ни­торинг құрал­­дары мен проблема­­ларды шешу әдістерін енгі­­зуде үлкен мүм­кіндік бермек», – дей­­ді ол. Мәжіліс депу­таты Нұржан Әшімбетов ендігі кезеңде егіс­тік алқап­­тарының көле­мін реттеп, мал азығы да­қыл­дарының үле­сін кө­­бейт­кен дұ­рыс. «Ас­тық алқап­тарын көбейте бер­ген­нен аса пайда жоқ. Бәрібір Ресей­дің арзан ас­тығынан бәсе­­келес бола ал­май­мыз. Қа­зір төрт түлікке жем-шөп тап­­­шы. Кеңестік ке­­зең­де көпжылдық шөп­­тер жақ­сы егіле­­тін, кейін осы іс мүл­дем тоқ­тап қалды. Мә­жілісте жайылым жер­ді пайда­­­лану туралы заңға өзгерістер енгіз­дік. Мен сол жұмыс то­бына бас­шы­лық еттім. Ауыл ма­­ңайын­дағы жер­­­лерді жақ­сарту үшін әкімдіктерге құзырет беріп, бюджеттік бағдарламаға ен­гіз­дік», – деді депутат. Бұл жұмысты же­­­­дел­дету үшін көп­жылдық шөп түрлерін еккен фермер­лерге суб­­сидияны да бір­­неше еселеп тө­леу жағы қарасты­рылып жатқан кө­рінеді. Сөз жоқ, құнарлы топы­рақ, күтім­­дегі жер кли­­мат­тық өзге­­рістерге де тө­теп беріп, же­мі­сін де мол бе­­ре­ді. Сон­дық­тан мамандар жерді пайдалануға ғылыми тұрғыдан қарап, жаңа техно­­логия енгізетін кез келгенін айтып отыр.

Бауыржан БАЗАР