Жетісу өңірінің өсімдік шаруашылығын дамытудағы, оның ішінде жеміс-жидек пен көкөністі өсіріп, сақтау және өңдеуден өткізу мүмкіндігі аса мол. Шыбық шаншысаң, тал болып өсетін, шырайлы да, шұрайлы аймақта жеміс-жидек, көкөністің сан алуан түрі өседі.
Жаркентте 7 мың тонналық қойма бар
1,523
оқылды

Адамдар қолымен өсірілген бау-бақты айтпағанда, тауларының қойнаулары мен орман-тоғайлары табиғаттың тап-таза тартуына тұнып тұрады. Тек дер кезінде жинап алып, дұрыстап сақтап, қайта өңдеу немесе саудаға шығару қажет. Сонда осы саладан нәпақа тауып жүрген жергілікті шаруалардың табысы артады және тұрғылықты халық қыс айларында да бағасы қолжетімді, сапасы жақсы жеміс-жидек, көкөністен тарыға қоймайды.

Әсіресе, облыстағы Жаркент аймағының өсімдік шаруашылығы бойынша әлеуеті  басқа аудандарға қарағанда анағұрлым жоғары. Соған сай осы саланың әлеуетін арттыруға қосатын  үлесі де қомақты. Табиғаты басқа аудандардан қолайлылығымен ерекшеленетін шекаралық өңірде жеміс-жидек пен көкөністі кіріс көзіне айналдырып отырған шаруашылықтар баршы­лық. Сонымен бірге көрші елмен екі арадағы мемлекеттік шекарада орналасқан арнайы эко­номикалық аймақтың да бұл бағыттағы мүмкін­дігі зор. Осыған байланысты, дәл қазір  аудан да ауыл шаруашылығын дамытуға, оның ішінде өсімдік шаруашылығын мүмкіндігінше өркен­детіп, жергілікті өнімдерді сақтау мен қайта өң­деуден өткізуге  үлкен мән беріліп отыр. Атал­ған сала дамыса, жергілікті жұртты жұмыспен қамтуда да жетістіктер тіркелері анық. 

Қазір бұл саладағы басты проблеманың бірі әрі бірегейі –  күзгі жиын-терімнен соңғы өнімді дұрыстап сақтап, тиімді бағада сату немесе қайта өңдеуден өткізу. Қоймалар мен қайта өңдеу кә­сіп­орындарының жетіспеушілігінен кейде өнім­дердің сыртқа арзан бағада жөнелтілуі немесе ысырап болып  жататындығы да рас. Бүгінде осы мәселені ретке келтіру бағытында нақты істер атқарылуда.  Панфилов ауданында сыйымдылығы 7 мың тонналық жеміс-жидек пен көкөніс сақ­тай­тын қоймасы пайдалануға берілді. Алып жо­баға  1 млрд теңгеге жуық инвестиция салынған. Бұл аудандағы ғана емес, облыстағы ең ірі қоймалардың бірі болмақ. 

Жоғарыда айтқанымыздай, шекаралық ауданда күзде  жеміс-жидек пен көкөністің мол қоры жиналады. Өйткені аймақ шаруашылықтың осы түрі үшін аса қолайлы. Алайда алтын күзде  жиналатын сол мол өнімді дұрыстап сақтайтын лайықты қойма жоқ екенін облыс әкімі Бейбіт Исабаев халықпен кездесу сайын қайталап айтып, аудандағы атқамінерлерге осы бағытта нақты істер атқарып, жұртқа пайдалы  жобалар­ды қолға алу керегін тапсырған болатын. Ақыры бұл бағытта ақырындап болса да алға жылжу көрініс бере бастады. Оған алып қойма құры­лысы дәлел бола алады. 

Күні кеше шекаралық аймаққа жұмыс сапа­ры­мен барған облыс басшысы маңызды жобаның жүзеге асқанына куә болды. Екі күнде аудандағы тағы да басқа бірқатар нысанды аралап, жұмыс­тар­дың барысын өз көзімен көрген Бейбіт Иса­баев  жанында жүрген жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеді. 

Осыдан бір жыл бұрын «Валиев Аюпжан» шаруа қожалығының құны 220 млн теңге бола­тын 1 мың тонналық заманауи жеміс сақтау қой­масы іске қосылған.  Аталған шаруашылық биыл қосымша 780 млн теңге инвестиция са­лып, қойма қуаттылығын 7 мың тоннаға дейін жеткізіпті.

Шаруашылық басшысы Расул Тохтахунов­тың айтуынша, қазір 300 тонна алма, 30 тонна көкөніс сақталып тұр, оған қоса 1 мың  тонна кар­топ әкелу жоспарлауда. Қойманың бір бұрышы жеміс сүрлеу орны ретінде жабдық­талмақ.  Шаруа­шылық басшысы облыс әкіміне кар­топ, пияз, сәбіз сияқты әлеуметтік маңызы бар өнімдерді сатып алып, сақтап, соның арқасында маусымаралық кезеңде жергілікті тұрғындарды арзан бағадағы өніммен қамтуға мүмкіндік бар екенін, осы мақсатқа мемлекеттен айналымға қаржылай көмек болса деген тілегін де  жеткізді. 

– Облыс орталығында  осындай үлкен қойма салынып жатыр, оның қуаты Талдықорған өңірін қамтуға толық жетеді. Ал Жаркенттегі бұл қойма Панфилов, Кербұлақ аудандары аумағында маусымаралық кезеңде бағаны ырық­тандыруға ықпал ететін, халыққа пайдасы тиетін жоба болса, қолдау шараларын  қарас­тырамыз. Ол үшін алдымен оның өңірдің әл-ауқатын арттыру­дағы тиімділігін, қолдаудың қаржылық моделін – бәрін зерттеп, зерделеп көру керек, – деді об­лыс басшысы.  

Жалпы, жыл соңына таман Жаркентте жағым­ды жаңалықтар жетерлік. Соның бірі – қалалық мәдениет үйінің ғимаратын сатып алу құқығымен 5 жыл мерзімге сенімгерлікпен басқаруға алған кәсіпкер Ильшат Османовтың спорт кешені. Ол ғимаратты 500 млн теңгеге толықтай күрделі жөндеуден өткізіп, Daraboz спорттық кешенін ашқан. Мұнда бір мезгілде 120 адам жаттығады,  20 адам еңбек етеді. Сонымен бірге аудан орталығынла  «Жайлы мектеп» бағдарламасымен 1 200 орынды жаңа мектеп салынуда. Бас мердігер BI GLOBAL ЖШС жо­балау-сметалық құжаты мемлекеттік сараптама­дан өткенін күтіп, құрылыс алаңын дайындауда.  Қазір нысанның іргетасын құю  жұмыстары жүріп жатыр. 

– Бұл – облыс көлемінде «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынып жатқан алғашқы мектеп. Мұнан кейін осы бағдарлама аясындағы білім мекемелерін салатындар сіздердің осы құрылысқа үлгі ретінде қарайтын болады.  Бұдан соң Үшаралда, ал келесі жылы облыс бойынша тағы 5 мектеп осы бағдарлама аясында салынады, – деді Б.Исабаев. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы