Жер жәннаты Бурабайда тұратын Бурабай кентінің тұрғындары үйінде отырып шын мәнінде қатып қалуға айналған.
94 жастағы тыл ардагері үсіп қалуға шақ қалған: Бурабай кентіндегі тұрғындар тоңып отыр
894
оқылды

Тұрғындар пәтерлеріндегі температура 5 градустан аспайтынын айтып шырылдап отыр, деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Солардың бірі 94 жасқа келген тыл ардагері. Ақсақал Бурабайда пәтерінде отырып үсіп өлуге шақ қалған. Бұл туралы қарияға көмек көрсетіп жүрген әлеуметтік қызметкер хабарлады. 

 94 жасқа келген еңбек ардагері Бурабайда пәтерінде отырып мұздап отыр. Советская көшесі 6 мекенжайында тұрады. Пәтерде температура 15 градустан аспайды. Үсіп өлуге шақ қалған қарияны тамақтандыруға барғанда байқадым,  деп жазған әлеуметтік қызметкер. 

Бурабайлық тұрғындар үйлерінде температура көрсеткіші +5 градустан аспайтынын айтып, жергілікті биліктен төтенше жағдай жариялауды талап етуде. 

«Батареялар мұздай, температура 5-8 градустан аспайды. Бурабайда 30 жылда бәрі бүлінді. Оның орнына хан сарайындай коттедждер салды. Сондықтан жылу қазандығының күші жетпейді», «Бәрі мұздап отыр. Шыршаға миллиондар бөлгенше, үйлерінде қатып отырған адамдарға жылу мен су бермей ме? Бұл сұмдық қой!»,  деп жазды бурабайлық тұрғындар. 

Тұрғындар пәтерлерінің қатты суықтығына шағымданғанымен, жергілікті әкімдіктегілер жылудың штаттағы режимде жұмыс істеп жатқанын айтып ақталды. Әкімдіктің мәліметінше, жылу қазандығынан шығатын жылу температурасы 68 градус. Дегенмен «Бурабай тазалық» компаниясының басшысы Виктор Бахмат жылудың қауқары тұрғындарды жылытуға жетпейтінін мойындады. 

Қазіргі сәтте тұрғындарда еш таңдау жоқ. Жылу қазандығының қуаты толық көлемде жеткізуге қауқарсыз. Осыдан үш жыл бұрын жаңа екі қазандықты қосуға шешім қабылданған. Бірақ үш жылдан бері бұл қазандықтар іске қосылған жоқ,  деді «Бурабай тазалық» басшысы Виктор Бахмат. 


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы