Биыл қыстың басы Астана мен бірнеше өңірде әдеттегіден жай бас­талғанымен, желтоқсанда кәріне мінді. Қатты аяздың салдарынан өткен жексенбіде еліміздің бірқатар өңіріндегі жылу жүйесінің жұмысы сыр берді.
«Жылудан» жылу кетті
564
оқылды

10 желтоқсан күні Екі­бас­­­тұз, Балқаш, Степнагорск, Ақтау, Теміртау, Көкшетау, Риддер қала­ла­рында коммуналдық шаруашы­лық қызметтерінен ақау шығып, жылу, су құбырлары кезегімен жарылды. 

7 желтоқсаннан бастап көтерілген аяз, кей жерлерде 42С-қа дейін жеткен. Синоптиктер ақырып келген аязға Арк­тикалық антициклон деп айдар тағып жатты. Осылайша, қыс қылышын сүй­рете келді, жылу жүйесін күйрете келді. Сақылдаған сары аязға шыдас бермей қатарынан бірнеше энергостанса мен жылу жүйелерінің жұмысында техно­логиялық бұзылыстар тіркелді. Әлеу­мет­тік желіде әуелі Екібастұз қаласы жы­лус­ыз қалды деген хабар желдей есті. Был­­тыр қыста бірнеше рет орын алған апаттан әбден зәрезап болған екібас­тұздықтар үрейленіп желіде «үйде жылу жоқ, бата­реялар суып кетті» деген жаз­­балар қал­дырып жатты. Артынша Энер­­гетика ми­нистрлігі Екібастұздағы жағ­дайды апат емес, «технологиялық бұ­­­­­­­­­­зы­­­лыс» деп атап, тез арада қалпына кел­ті­­­­реміз деп сендірді. 11 желтоқсан, дүйсенбі күні таңғы 7.00-де тікелей эфир­­ге шыққан Павлодар об­­лысының әкімі Асайын Байханов түнімен тоқтау­сыз жұмыс істеген мамандар жылу элек­тр стансасының жұмысын қалпына кел­тіргенін хабарлады. «Мазутпен жұмыс істеген үш су жылыту қазандығы толығы­мен отынның негізгі түріне – көмірге ауыс­­тырылды. Қатты отынмен жылы­тылатын қазандықтарды іске қосу сағат 04.30-да басталып, сағат 06.00-де толы­ғымен аяқталды», – деді аймақ басшысы.

Жексенбідегі сарышұнақ аяз Степ­но­горскінің де жылу желісінің жұмысына нұқ­сан келтірді. Қаладағы магистралды жылутрассасында жарық пайда болып, 7 мыңдай тұрғыны бар 98 үй жылудан ажы­рап қалды. Сол күні облысы орталы­ғы Көкшетау қаласының тұрғындары да жылусыз отыруды басынан өткерді. Дүй­сен­бі таңға қарай облыс әкімдігі аймақта жылу жұмысы қалпына келгенін жет­кізді.

Ал Балқаш қаласында құбырдың жа­рылуы бір күн бұрын орын алды. Қала әкім­дігінің мәліметіне сүйенсек, 9 желтоқсан күні 22:55-те Абай мен Әбу­ға­лиев көшелерінің қиылысында диа­метрі 630 милеметр құбыр жарылып, бір­­­неше үй жылусыз қалған. Жылусыз қал­ған қалалар эстафетасын Риддер де жал­­ғастырды. «10 желтоқсанда БШМ 2-нің кабелі үзіліп, қысқа тұйықталудан электр­мен жабдықтау жұмысы бұзылған. Осының салдарынан жылу қазанды­ғы­ның жұмысы тоқтап қалды. 19:00-де жы­лу қазандығы қайта іске қосылды», – де­лінген қала әкімдігі таратқан мә­лі­метте. «Тоңдық» деген тұрғындар дауысы Те­мір­тауда да естілді. Кеншілер шаһа­рын­дағы КарГРЭС-1 жұмысындағы ақау­дан пәтерлерде жылу азайып, қаланың ескі үйлерінде тұратын­­дарға қатты білінген. Қала әкімдігі қа­зандық агрегаттары ре­зервтік отынға (мазут) аустырылып, жы­лу қалпына келтірілгенін хабарлады.

Әдетте, осындай төтенше жағдай орын алғанда біреуді кінәлі қылып шы­ғару тәсілі бұл жолы әзірге көрініс берген жоқ. Десе де, жексенбі күні бірнеше қа­ла­да жылу құбыры жарылды деген жаңа­лық­пен қоса желіде «жылуға жауапты вице-ми­нистр қызметінен кетеді екен де­ген де сыбыс тараған. Кейіннен Энер­ге­тика министрлігінің БАҚ-на жолдаған түсін­дірме хабарында орынбасардың ең­бек демалысында жүргені айтылды. «Энер­­­­гетика вице-министр Жандос Нұр­ма­ғанбетов 16 қарашадан 15 желтоқсанға дейін еңбек демалысында, кейін басқа жұ­мысқа ауысуына байланысты жұмыс­тан босатылады. Желіде таралатын вице-министр мен ведомство басшылығы ара­­­­сындағы жанжал туралы ақпарат шын­­­­­­­­­­дық­қа  жанаспайды», – делінген министрліктің хабарламасында. Айта ке­тейік, Ж.Нұр­мағамбетов бұл қызметке 2021 жылдың 13 желтоқсаны келген бо­латын. 

Дегенмен жазадан ешкім құтылып кет­песі анық. Кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров жы­лу беру жүйесіне бөлінген қаражаттың есебіне қатаң талдау жасалып, әрбір жем­­қор қатаң жазаланауы керек екенін атап айтты. Премьер-Министрдің бірін­ші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында «AMANAT»-тық де­пу­­­тат инфрақұрылымның тозуын азай­ту үшін 160 млрд теңге бөлінсе де мә­селе шешілмей отырғанын жеткізді. «Жыл басында Парламентте жоғарғы ау­диторлық палатасының «Жылумен жаб­дықтау саласы» бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныс пен жүйелі сындар айтылды. Бірақ сол ұсы­ныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі көрмедік. Сондықтан бұл саладағы менеджмент пен бақылауды күшейтуіміз керек», – деді Е.Саиров.

«AMANAT» партиясы фракциясы мү­­­­ше­­­лерінің жылудың ақшасын түгендеп, сұрау салар жөні бар. Себебі биыл­­ғы жылу маусымына үкімет 146 млрд теңге жұмсал­ғанын, оның 16 млрд теңгесі ЖЭО-ның иелерінің қал­та­­сынан шыққан қаражат екенін мәлім­деген. Одан бөлек, Үкіметтің резерві­нен қосымша 20 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бюджеттен бөлінген бұл мил­лиард­тардың бәрін жинақтап санасаңыз қомақты қаржы. Алайда осынша көп ресурс қарасты­рылғанымен бір аязға осал­­дық танытты. Ақша демекші, екінші қыс қатарынан халықты әбігерге салған Екібастұздың ЖЭО жөндеуге биыл 17 млрд теңге жұмсалыпты. Екі апта бұ­рын ОКҚ-де өткен брифингте Павло­дар облысының әкімі Асайын Байханов ол қаражаттың 8,5 млрд теңгесі бюджеттен және 8,5 млрд теңгесі «ОАЭК» АҚ қара­жаты есебінен бөлінгенін мәлімдеген. Оның үстіне, қаланы жылумен жаб­дықтау желілерін жөндеуге 5,1 млрд тең­ге қарастырылған. Сонда Екібастұз хал­қы тоңбауы үшін жиыны 22,1 млрд теңге қаражат кеткен болып шығады. 

Сол сияқты Степногорскі қаласына да едәуір қаржы жұмсалған. 6 желтоқсан күні ОКҚ-не келгенде облыс әкімі Ма­рат Ахметжанов жеке компаниялар («Степ­ногорск ЖЭО» ЖШС мен «Степ­но­­горск Теплотранзит») қаражаты есе­бінен 5,3 млрд теңгеге жылу орталығы мен желі­ле­ріне жоспарлы жөндеу жүргі­зіліп жат­қанын мәлімдеген болатын. Ал Үкіметтің резервінен бөлінген 2 млрд теңге 3,1 ки­лометр магистпалды желіні жөн­деуге жұмсалған.

Үкіметтің бюджеттен жылуға деп бөл­ген қаржысын қымқырып қалу ісіне де тоқтам болмай тұр. Мәселен, Қаржы­лық мониторинг агенттігі биыл маусым айында 2020-2023 жылдар аралығында «Балқаш Жылу» ЖШС бұрынғы бас­шылығы 677 млн теңге көлеміндегі бюд­жет қаражатын жеке шоттарға аудару арқы­лы жымқырып келгенін мәлімдеген. Мұның салдарын қала тұрғындары тар­тып келді.

Бұл ретте «AMANAT» партиясы фрак­­­­­­­­­циясы мүшелері атынан бірқатар ұсы­нысты жариялаған мәжілісімен Е.Саи­­ров алдағы 3 ай қыс уақытында жауап­­­­ты министрлер жылы каби­нет­терінен шы­ғып, жылу орталық­тарының басы-қа­сын­­да жүруі тиіс екенін ескертті. «Осын­дай аязды күндері барлық жина­лыстарды қысқарту керек. Екіншіден, 2022-2023 жылдары бөлінген қаражаттың есебіне қатаң талдау жасалуы тиіс. Бұл саладағы әрбір жемқор қатаң жазалануы керек. Үшіншіден, осы күндері өңірлердегі же­дел штабтардың жұмысын «екі есе­ленген 24/7 режиміне» көшіру қажет. Төртін­шіден, әкімдіктер мен Үкімет осы сала­дағы өңірлік қауіпті зоналар бойынша «Тәуекел картасын» даярлап, олар бо­йын­­­­ша нақты мақсатты алгоритм жоспа­рын даярлап қоюы тиіс», – деді депутат.

Қатты аяздан жылу мен судан бөлек, газ құбыры да жарылып жатыр. Желтоқ­санның 12 күні түнде Жамбыл облысында магистарлды газ құбыры жарылып, 5 елді мекендегі (Қызылқайнар, Жасөркен, Жалпақтөбе, Қызылдихан, Гродеково) 980 үй, 8 әлеуметтік нысан жылусыз қал­ды. Ал Теміртауда диаметр 300 милеметр су құбырдағы су қатып, қаланың шығы­сындағы алты кварталдағы үйлерге су жеткізу қиындады. 

Бүгінде Қазақстанда 37 ЖЭО жұмыс істеп тұр. Оның 15-і мемлекеттің мен­шігенде, 22-і жекенің қолында. Бұлар­дың бәрінің ескіріп-тозу көрсеткіші– 66%. Өйткені 28 ЖЭО-ның пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асып кетсе, қал­ған 9-ның жұмыс өтілі 30 жылдан жоға­ры. Былтыр 20 желтоқсанда өткен Үкімет отырысында сол кездегі Энергетика ми­нистрі Болат Ақшолақов 37 ЖЭО-ның 19-ның жағдайын апатты деп си­пат­тағаны есімізде. 

Кешегі аязда сыр берген Степно­горскідегі ЖЭО тозу көрсеткіші – 81,7%-ды құраса, Риддердегі ЖЭО – 74,5%, Бал­қаштағы ЖЭО-ғы тозу көрсеткіші – 69,3%. 

Десе де, «ескіні жамағанның есі ке­теді» деген сөз ЖЭО-на жүрмейді. Жылу саласына жауапты мамандардың ай­туынша, жаңадан ЖЭО салудың құны – 250-300 млрд теңге шамасында. Қар­жыдан бөлек уақыт қол байлайды. Жо­­ба­ның құжатын әзірлеп, техникалық-экономикалық негіздемесін даярлау жоқ дегенде жарты жылды алса, жобалап, мемлекеттік экспертизадан өткізіп, құ­рылысын бастадым дегенше 3-5 жыл мер­зім керек болады екен.

Үкімет келесі жылдан бастап Көкше­тау, Семей және Өскеменге жаңадан ЖЭО салынуды жоспарлап отыр. Атал­ған үш жобаның құрылысын ресейлік «Интер РАО – Экспорт» компаниясы жүргізеді. Қалған қалалардың жылу ор­та­­лығына қатысты жағдай әзірге бей­мә­лім. Сондық­тан ел тұрғындарының аяз­ды күні тақы­мын қаттырақ қысып оты­­руынан өзге амал болмай тұр.

Бауыржан БАЗАР