Платформа сәуір айында іске қосылады.
2024 жылы петиция жариялауға арналған платформа іске қосылады
Фото:stan.kz
622
оқылды

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров 2024 жылы сәуір айында петиция жарияланатын жаңа платформа іске қосылатынын айтты,    деп хабарлайды Aikyn.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Айта кетейік, отбасындағы және тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғау туралы петицияға 150 мыңға жуық қазақстандық қол қойды. Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер вице-министрден отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы петицияда жиналған дауыстарды жаңа платформада автоматты түрде ауыстыру мүмкіндігі туралы сұрады.

«Жаңа платформаға автоматты түрде ауыстыруға мүмкіндік болмайды, яғни қайтадан қол жинау керек. Онлайн тәртіпте жаңа платформада дауыс тез жиналады. Бұл платформа сәуір айында іске қосылады. Бұл тұрғыда әр азаматта петицияны жариялауға заңды құқығы болады. Себебі заң қазан айында қабылданды, оның күшіне енуі 6 айдан кейін болады. Сондықтан келер жылдың сәуір айында онлайн-петиция жұмысын бастайды. Бұл тұрғыда петиция жариялауға барлық заңды негіз болады»,  деді Д.Қадыров.

Сонымен қатар ол әр адам өзінің жанайқайын қазірдің өзінде eOtinish арқылы жариялай алатынын еске салды. Кез келген өтінішті мемлекет қарастырады.

«Елімізде адамдар өзінің жанайқайын қазір eOtinish  арқылы жариялай алады. Азаматтардың өтініші міндетті түрде қарастырылады. Атап айтқанда, мемлекет үшін әр адамның дауысы маңызды. Қоғамдағы резонанстық мәселелерге міндетті түрде назар аударылады»,   деді вице-министр.