Бүгінде Астанада 261 128 бала оқи­тын 171 мектеп бар, оның 101-і мем­ле­кеттік, 63-і жеке және жетеуі рес­публикалық мектептер.
Астанада заманауи мектептер бой көтереді
547
оқылды

Биылғы оқу жылында елорда да тағы 7 мектеп ашылмақ. Бұл мектептер Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында, Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысында орналасқан. Сондай-ақ қолданыстағы мектептердің аумағында жаңа ғимараттар салынады. Олар – Кирпичный тұрғын үй алабында, Тархан 16, Таха Хусейн 5/1, Қарқабат 17 көшелерінде, Қабанбай батыр 9/1 даңғылында. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін оқу жылының басында 4 мектеп ашылған болатын.

Ал «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында Астанада 2023-2025 жылдар аралығында 88 800 орындық (екі ауысымда) 24 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ұлттық жоба орта білім беру ұйым­дарында жайлы және қауіпсіз оқу атмосферасын орнықтыруды көздейді. Яғни, «Жайлы мектеп» бағдарламасы оқушылар орнының жетіспеушілігін жүйелі түрде шешуге, апатты және үш ауысымдағы мектептерді жоюға бағытталған.

Сондай-ақ ол жаңа форматтағы мектептер құруды қарастырады. Алдын ала ойластырыл­ғандай, мектептер бірден дайын зертхана­лармен, шеберханалар, компьютерлік сы­нып­тармен және пән кабинеттерімен жо­баланады. Заманауи интерьері, спорт залдары мен асханалары, кіші және жоғары сыныптарға арналған жеке блоктары болады. Сонымен қатар мектептерде оқулықтарды сақтауға арналған жеке шкафтар қойылады. Бұл оқушының сөмкесін жеңілдетуге септік етпек. Мектептерге бейнебақылау және қауіпсіздік жүйесі орнатылады. Ал блоктар мен кабинеттердің есіктері террористік қауіп төнген жағдайда автоматты түрде құлыпталып қалмақ.

Мектептер 100 Мбит/сек жылдамдығы бар интернетпен қамтамасыз етіледі деп топ­шы­ланып отыр. Ал мұғалімдердің өз жұмыс орындары болуы тиіс. Сонымен қатар барлық мектеп ерекше қажеттілігі бар балаға сай болуы керек. Ал бұл мақсаттар үшін лифт­тер қарастырылып отырғаны мақтауға тұрарлық.

Білім ордаларында интеллектуалды ойындарға арналған «Интеллектум» кабинеттері болады. Физика, химия, биология пәндеріне арналған оқу зертханаларымен қатар мектептерді әмбебап зерттеулер жүргізуге болатын STEM-зертханаларымен (Science, Technology, Engineering, Mathematics) қамтамасыз ету жоспарлануда. Мысалы, жекеменшік мектептердегі осындай зертханаларда балалар 3D принтерлердің, лазерлік гравюралардың, метеостанцияның, тіпті электр тізбектерінің жұмысын зерттеп жүр. Сондай-ақ нанотехнология мен биотехнологияны зерттейтін зертханалар да қарастырылған. Ал одан бөлек, робототехника кабинеттері болады. Әрбір сынып touch/led экранмен жабдықталған.

Қарапайым кітапханалардан бөлек мектептерде цифрлық кітапханалар, әр қабатта кітап оқуға және демалуға арналған коворкинг алаңдары болады. Сонымен бірге «трансформер» парталармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, яғни бұл олардың көлемін реттеуге болатынын білдіреді. Мұны ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар әр қабатта ішуге болатын шағын ауызсу бұрқақтары болады. Шеберханаларға келер болсақ, онда балалардың тігіншілік, аспаздық, ағаш ұстасы кәсіптерін меңгеруіне барлық жағдай жасалмақ. Сондай-ақ қыш және бейнелеу өнері бөлмесі ашылады.

Мектеп аумақтары туралы бөлек айтып өткен жөн. Ыңғайлы мектептер волейбол, футбол, баскетбол алаңдарымен, тіпті теннис кортымен жабдықталмақ. Автотұрақтармен қамтамасыз етіліп, оларға жол салынады. Бір ерекшелігі, жобалау барысында мектептер бес климаттық аймаққа бөлінеді.

Тағы да қоса кететіні, мектептердің құры­лыс барысын ел азаматтары үшін видео­трансляция арқылы қадағалауды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Қала әкімдігі 2024-2026 жылдары мектеп салуға 20 жер телімін бөліп, құжаттарын бекітіп қойды.

Н.СӘРСЕНҒАЛИҰЛЫ