Соңғы жылдары Сыр өңірінде жастардың спортқа деген ынтасы артып келеді. Түрлі спорттық секцияға қатысып, шынығып жүрген балғындар осы сөзімізге айқын дәлел. Алайда саланы өркендетуде атқарылар жұмыстардың ауқымдылығы әлі де байқалады. Шешімін күткен мәселелер шаш етектен.
Сыр спортына серпін керек
564
оқылды

Өңірде жуырда ғана ашылған «Анаға тағзым» орталығында Қызыл­орда облыстық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова арнайы брифинг өткізіп, жыл бедерінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Онда Сыр мәдениетімен қатар, спорт саласына серпін беретін игі бастамаларды баяндады.

Басқарма басшысының айтуын­ша, бүгінде облыста 410 мәдениет, мұрағат және өнер ошағы, 41 спорт мекемесі жұмыс істейді. Соның ішінде 6 спорт кешені пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін қосымша 5 спорт нысаны есігін айқара ашпақ.

«Өңірімізде мәдениет және спорт саласында ілгерілеушілік бар. Облысқа қарасты аудандарда спорт алаңдарын салуға басымдық беріліп келеді. Ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Атап айтқанда, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасымен Тереңөзек кентіндегі «Сырдария» спорт клубы, Шиелі мен Жаңақорған аудандарын­дағы ауылдық клубтары күрделі жөн­деуден өткізілді. Мәдени сала бойынша облыста  «Анаға тағзым», «Отбасы» орталықтары жұмысын бастаса, көпфункионалды 1000 орындық «Өнер» орталығының құрылысы қарқын алды. Сол сияқты мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға жол ашатын «Арман» инклюзивті театры іске қосылса, Қызылорда қаласы әкімдігі жанында жұмыс істейтін «Жастар театры» өз алдына жеке ұжым ретінде қайта құрылды. Осы сынды атқарылған жұмыстар ауқым­ды», – деп мәлімдеді басқарма бас­шысы Мира Жомартқызы.

Жалпы, еліміздің спорттық жетіс­тіктеріне Сыр өңірінің қосқан үлесі өлшеусіз. Аймақтан әлемдік додаларға аттанған ауыр атлеттер, жауырыны жерге тимеген балуандар, ұлттық құрамада атой салған аяқдоп­шы­лар, шаршы алаңның шаңын қаққан былғары қолғапшылар ел мерейін асқақтатып қана қоймай, өңір халқының кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатады. 

Бірақ «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз әлі де қылтиып көрініп қалып жатады. Әсіресе, спортты жанына серік еткен жастарымызды қолдауда кемшін тұстары байқалады. Осы орайда, соған бір сәт көз жүгіртіп өтсек.

Аяқдопшыларды сөз етсек, Сырдың басты командасы – «Қайсар» футбол клубының жайы еріксіз еске оралады. Бір жылдары премьер-лигада үздіктер сапынан көрінген сырбойылық клубтың қазіргі аяқалысы көңіл көншітер емес. Оған ең бастысы клубтағы қаржылық қиындық қолбайлау болып тұрғаны ащы да болса шындық. Әупірімдеп жүріп, әрбір кездесуін өткізіп отырған қайсарлық­тардың адымы ашылар емес. Бұл жайында талай мәрте айтылып та, жазылып та жүр. Алайда мәселенің түбегейлі шешілгені жайында ақпар жоқ. 

Былтыр Қызылорда қаласының сол жағалауынан заманауи үлгідегі жаңа стадион салынатыны жария болған еді. Сол кезде ақжолтай хабарды облыс әкімінің өзі дүйім жұртқа мәлім еткен болатын. Алайда айтылған уәде, құрғақ сөз күйінде қалып тұр. 

Жалпы, «Қайсар» футбол клубы облыс орталығында 1969 жылы іргесі қаланған Ғани Мұратбаев атындағы стадионда ойындарын өткізіп келеді. Бұл стадионның сы­йым­дылығы 7 000 адамға негіздел­ген. Аталмыш нысанға 2020 жылы 1 млрд 200 млн теңге бөлініп, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда әлі күнге дейін сапасы көңілден шықпайды. 

Соған орай 2014 жылы облыс орталығынан жаңа стадион салу мәселесі сөз болды. Соның негізінде, 2016 жылы 10-12 мың адамға лайық­талған заманауи стадион қүрылысы басталады деп күтілді. Тіпті, оның жанынан 6 футбол алаңы салынып, үшеуіне жасанды, қалғанына табиғи шөп төселеді деп жоспарланған еді. Бірақ бастама аяқсыз қалды. 

Ал 2022 жылы сөз болған ста­дион­ның жөні, тіпті бөлек. Жалпы, құны 5,6 млрд теңгеге бағаланып, сол жағалаудан бой түзейтін стадион құрылысына «Саутс ойл» компа­ния­сы демеушілік жасайтыны ай­тылды. Бастапқыда жаңа стадион­ның 7 мың көрерменге арналып салынатыны көптің көңілінен шықпады. Сыйымдылығы кемінде 10-12 мың көрерменге лайықты болып салынуы керек деген пікірлер айтылды. 

Негізінен, 2022 жылы сөз болған жаңа стадион биыл салынуы тиіс болатын. Алайда жыл аяғы таяса да құрылыс қарқын алмады. Кейіннен «Саутс ойл» компаниясы демеушілік жасайды деп күтілген стадион құрылысы белгілі себеп­термен кейінге шегерілгені белгілі болды. Мұны құрылыс материал­дарының қымбаттауына байланысты жобаға бөлінген қаржының жет­кіліксіз болып тұрғанымен түсіндірді.

Сыр өңірінен футзал командасын құру мәселесі де көптің көкейінде тұр. Бұл жайында бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Бірақ қуанышты хабар болар емес. 

Осы төңірегінде брифинг бары­сында басқарма басшысына да сауал қойылды. Басқарма тарапынан аталмыш футзал командасын құруға бірінші кезекте мамандар тапшы­лығы қолбайлау болып тұрғаны мәлім болды.

«Өңірімізде кәсіби аяқдопшы­лардан құралған футзал командасын құру үшін білікті мамандар қажет. Соған орай басқарма тарапынан 2024 жылдың еншісіне 120 млн тең­ге қаралып, футзал мәселесін ше­шу жоспарлануда. Оған маман­дарды, бапкерлерді тарту көзделіп отыр. Бүгінде тиісті орындарға ұсыныс берілді. Әрі қарай депутаттар қолдап, Экономика басқармасы қаржы бөліп жатса, жергілікті команда құруға дайынбыз», – деп түсіндірді бұл жайында Мира Қаз­бекова. 

Осылайша, күмән мен күдігі басым футзал командасын құру мәселесі халық қалаулыларының ықтиярына беріліп отыр. Әрине, көптің қолдауын тауып, жаңа клуб жасақталса, талай жарқын жеңістер­дің куәсі болар едік.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы