Жетісу облысында Тәуелсіздік есімді бала тұрады. Осындай елден ерекше есімді иеленген жасөспірім – Тәуелсіздік Батырбекұлы Панфилов ауданының тұрғыны, жасы 12-де.
Тәуелсіздік Жетісуда тұрады
690
оқылды

2011 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында дүниеге келген тұңғыш ұлдарының есімін әкесі ырымдап, елінің құрметіне осылай деп қойған. Оның өзіндік себебі де бар. 

«Желтоқсан оқиғасында қаза болған Ләззат Асанова біздің ауылда туған. Ербол Сыпатаев та біздің ауданның азаматы. Желтоқсан оқиғасында ел тәуелсіздігі үшін құрбан болған азаматтардың ерлігі ұмытылмауы тиіс. Солардың құрметіне және егемендіктің қадірін біліп жүрсін деп Тәуелсіздік есімін бердім», – дейді Тәуелсіздіктің әкесі  Батырбек Нүсіпов.

Қазір Тәуелсіздік Батырбекұлы бүгінде Панфилов ауданы Көктал ауылындағы Абай атындағы орта мектептің 7-сыныбында оқи­ды. Оқу озаты, сынып старостасы. Мек­тепішілік іс-шараға белсенді қатысып, әрдайым алдан көрініп  жүреді. 

Мереке қарсаңында Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек мектепке арнайы барып, ерекше есімді балаға смартфон сыйға тартты. Жаркент өңірінің жастары да тәуелсіздік үшін айрықша үлес қосқанын атап өткен аудан әкімі бүгін солардың ізін басқан жас ұрпақтың бірі Тәуелсіздік есімін арқалаған жасөспірімнің Панфилов ауданында өсіп келе жатқаны бекер емесін айтты.

«Бұл ел тәуелсіздігіне деген ерекше құрмет деп білемін. Жас ұрпақтарымызға ұзақ ғұмыр, жарқын болашақ тілеймін!», – деді аудан басшысы. 

Жалпы, Нүсіповтер әулеті – ауылда үлгілі отбасылардың бірі. Ерлі-зайыптылар үш бала өсіріп отыр. Олар ұрпақтарының білімді, саналы, елге мақтан болар абыройлы  азамат болып өскенін қалайды және балаларына осы бағытта тәрбие беріп келеді.

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы