Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың ин­дустриялық паркіндегі жетекші кәсіпорын­дардың жұмысымен, әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Индустриялық парк – инвестиция айлағы
489
оқылды

Мемлекет басшысы Астананың маңыз­ды нысандарын аралауды, ал­ды­мен №1 индустриялық парктен бас­тады. Мұнда оған елорданың инвести­циялық тартымдылығы жөнінде мә­лімет берілді. Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың баян­дауынша, алғашқы жартыжылдықта елорданың аймақтық жалпы өнімінің көлемі 4,7 триллион теңгені құраған. Өсім көрсеткіші – 4,1 пайыз. АЖӨ құ­рылымындағы үлестің басым бөлігі, яғни 73 пайыздан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі. Ал инвестиция­ның үлесі – 11,5 пайыз. Инвестиция тарту ісінде №1 индустриялық парк айрықша рөл атқарады. Мұнда жалпы инвестиция сомасы 322 миллиард теңге болатын 100 жоба жүзеге асырылып жатыр. Парк өндіріс ауқымы жағынан республикада бірінші орын алады. Іске қосылған сәттен бері өндіріс алаңында 6,7 триллион теңгенің өнімі шығарыл­ған. Президент елорданың дамуына ірі өндіріс орындары аса қажет екенін айтты.

– Астана халқының саны өсіп ке­леді. Таяу жылдары 1,5-2 миллион адам­ға жетуі мүмкін. Сондықтан тұр­ғындарды, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысына арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Тау-Кен Алтын», Stadler Kazakhstаn, DSS, «ЭНКО», DUYQAZ, «ВМП Ас­тана» және MFA International секілді жетекші кәсіпорындардың жетістіктері таныстырылды. Құрамында қымбат металдар бар шикізатты өңдеумен және аффинаждаумен айналысатын «Тау-Кен Алтын» зауыты – «Самұрық-Қа­зына» ұлттық әл-ауқат қорының бас­­қаруындағы табысты кәсіпорын­дардың бірі. Зауыт іске қосылғалы бері 10 жыл ішінде Ұлттық банк үшін 200 тоннадан астам таза алтын өндіріп, 80,5 тонна қымбат металға толлинг қызметін көрсеткен. Президентке та­ныс­тырыл­ған тағы бір өндіріс орны – Stadler Kazakhstаn ЖШС. Кәсіп­орын­ның негізі биыл швейцариялық Stadler Rail AG холдингімен инвес­тициялық келісім нәтижесінде қа­ланды. Теміржол көлігін шығаратын әлемдегі көшбасшы компания Қазақ­станда жолаушы вагондарының өн­дірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Ең алдымен, зауыт өнімі отандық жыл­жымалы құрамды жаңартуға ба­ғыт­талады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін әртүрлі типтегі 500-ден аса вагон құрастырылмақ.

Индустриялық парктегі кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, олардың шығара­тын өнімдері ішкі нарықта да, одан тыс­қары жерлерде де сұранысқа ие. Мәселен, «ВМП Астана» зауыты шығаратын корро­зияға төзімді әрі өрттен қорғайтын лак-бояу жабындылары өнеркәсіптің түрлі секторында кеңінен қолданылады. Өнім­нің 90 пайыздан астамы Ресейге экспорт­талады, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғыз­стан нарықтарына да шығарылады.

Астана қаласының №1 индустриялық паркін аралап көру барысында Мемлекет басшысы «Бірыңғай шоғырландыру орта­лығы» ЖШС-ның жұмысымен де танысты. 2018 жылы негізі қаланған компания ре­зең­ке және пластмасса бұйымдарын өнді­реді. Кәсіпорын жыл сайын 72 миллион бақылау-индикатор пломбалары мен өздігінен жабысатын лейблдер, сондай-ақ мал шаруашылығында қолданылатын 24 миллион дана сырға шығарады. «Универ­сал» ЖШС компания­лар тобына кіретін «Бірыңғай шоғырлан­дыру орталығы» полипропилен қаптарын шығаратын зауытты, сондай-ақ Қазақ­станның өзге де өңірлерінде крахмал және крахмалдың қантқа айналып үлгермеген түрін өндіретін ірі өндіріс орнын басқарады. Қазір Түр­кістан облысының Шардара қаласында жүгері дәнін терең өңдеу жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Зауыттың қуаты жылына 150 мың тоннаны құрайды. Ком­паниялар тобы 80-нен астам өнім түрін шығарады. Мұнда 3 400 адам жұмыс істейді. Салынған инвестиция көлемі – 60 миллиард теңге.

Одан соң Президент жабындылар мен қаптама материалдарын шығаратын Metal Former ЖШС-ның өндіріс желісімен, бес кәсіпорынның басын біріктіретін YDA Industrial Park біріккен өндіріс кешенімен, MODEХ Astana темірбетон конструк­ция­ларын шығаратын зауыт жұмысымен та­нысты. Сондай-ақ Мемлекет басшысына YDA Group өнімдерімен толық жабдық­талған және компанияның қаржысына салынған Harmony Steam School мектебі таныстырылды. Балалар мұнда нақты ғылымдарға басым­дық бере отырып, STEAM (Science, Technology, Engineering, Arts, Math) техно­логия­сы бойынша оқиды. Мектепті бітір­ген түлектер инженерлік мамандық алып шығады.

– STEAM – физика, математика сияқты техникалық пәндерге баса мән берілетін ерекше бағдарлама. Сапалы білімге қатысты барлық бастамаға оң көзбен қараймын. Біз сіздерді қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы отандық өндірісті дамыту және ірі жобаларды іске асыру кезінде жергілікті өнімдер мен қызмет­тердің үлесін арттыру маңызды екенін атап өтті.

Одан соң Мемлекет басшысы Астана қаласындағы №96 мектеп-гимназияны ара­лап көрді. Президентке білім ошағын­дағы оқу-тәрбие жұмыстарының барысы таныстырылды. Бұл мектеп жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған. Биыл пайдалануға берілген гимназия елорданың сол жағалауындағы басқа мектептердің жүктемесін азайтуға септігін тигізіп отыр. Қазір мұнда 1 466 оқушы білім алады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоғамдық-гуманитарлық бағытта білім беретін мек­теп-гимназияның оқу үдерісі туралы баян­далды. Оқушыларға ағылшын, француз тілдерімен қатар, қытай тілі де оқытылады. Мектеп директоры Сәуле Теменованың айтуынша, мұнда инклю­зивті білім беруге баса назар аударылған. Бұл ретте әр оқушыға жеке оқу бағдар­ламасы әзірленген. Сондай-ақ инклюзивті қолдау, емдік денешынықтыру және бейін­алды даярлау кабинеттері бар. Бүгін­де мектеп-гимназияда арнаулы білім беру­ді қажет ететін 28 бала оқиды. Сонымен қатар мектепте цирк, қыш өнері, балет үйір­мелері жұмыс істейді. Мемлекет бас­шысы мектеп-гимназияның спорт залын, роботты техника кабинетін аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті.

– Роботты техника – перспективті сала. Мен сіздерді қолдаймын. Қазір әлем жасанды интеллектіге баса мән беріп отыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл – өте маңызды бағыт. Жасанды интеллект келешекте әрбір салада пайдаланылады. Сондықтан Қазақстан осы істе озық ел болуы керек деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент №96 мек­теп-гимназияның педагогикалық ұжымы­мен жүздесіп, мемлекет ұстаздардың мәр­тебесін одан әрі көтеруді жалғастыра беретінін айтты.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына елор­даның білім беру жүйесі жайында баяндалды. Астана қалалық Білім басқар­масының басшысы Қасымхан Сенғазыев биыл 16 мың оқушыға арналған 12 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бүгінге дейін 7 мектеп ашылған. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа мектеп іске қосылмақ. Сонымен қатар басқарма басшысы Президенттің Астана қаласында педагогикалық жоғары оқу орнын ашу жөніндегі тапсырмасы бойынша атқа­рылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы жаңа емханаға барды. City емханасының жаңа филиалы Астананың қарқынды дамып келе жатқан ауданында орналасқан. Бұл нысанда 30 мыңға дейін пациент тіркеле алады. Сондай-ақ мұнда халыққа алғашқы дәрігерлік көмектен бас­тап кешенді диагностика мен консуль­тацияға дейінгі қызметтер көрсетіледі. Жобаның инвесторы, Olymp Medical Group ЖШС бас директоры Ерлан Сүлей­меновтің айтуынша, бұл City емханалар желісінің үшінші филиалы. Елорданың Нұра және Алматы аудандарында екі филиал жұмыс істеп жатыр. Тағы да үш нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. Емхананың тағы бір ерекшелігі – онда маммологиялық орталық ашылады. Науқастар мұнда кешенді диагностикадан өтіп, сүт безі ауруларынан емделе алады. Медициналық орталықта томосинтезі бар цифрлық маммография, дәстүрлі және вакуумдық аспирациялық биопсия әдістері, хирургке қатерлі ісіктерді алып тастау жолын көрсететін локализация­лық инелер орнату сияқты диагностикалық тех­нологиялар қолданылады. Сонымен қатар емханада барлық қажетті құрал­дармен жабдықталған амбулаториялық хирургия орталығы ашылмақ.

Елорда нысандарын аралау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ADD Table Tennis Center Astana үстел теннисі орталығының жұмысымен танысты. Мемлекет басшы­сына аталған орталықтың Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) талаптарына толық сай келетіні жөнінде мәлімет берілді. Спорт нысанында рес­публикалық және халықаралық турнирлер өткізуге, сондай-ақ еліміздің ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға болады. Жалпы ауданы 3 700 шаршы метрді құрайтын орталық жарыс кезінде 16, ал жаттығу кезінде 26 теннис үстелін қоюға есептелген. Сонымен қатар мұнда 416 адамға арналған көрер­мендер трибунасы, жаттығу залы, меди­цина кабинеті, бапкерлер мен төрешілер бөлмесі бар.