Жамбыл облысында табиғат танытқан тосын мінез талайды әбігерге салды. Қар құрсауында көліктер қалып, газ құбырлары істен шығып, жергілікті би­лік өкілдерінен маза қашты.
Қар құрсауында қалған Қордай
1,372
оқылды

Республикалық маңызы бар жолдар жабылып, жылу­­­сыз қалған тұрғындардың жанайқайы желіде желдей есіп, жауап­тылардың жон терісіне шоқ басқандай болды. Нәтижесінде, облыс әкімдігі жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады. Осылайша, қыстың алғашқы айының өзі қос бүйірден қысып, дайындығымыз қаншалықты деңгейде екенін тағы бір мәрте көрсетіп берді.

­­Ауа райының күрт нашарлауына бай­­­ланысты ең әуелі 12 желтоқсаннан бас­­­тап республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанының «Тараз – Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолда көлік қозғалысы тоқтатылды. Сондай-ақ жедел штаб құрылып, қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқаруға 117 тех­ника мен 103 маман жұмыл­ды­­рылды. 

14 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша құтқару бөлімшелері 1 279 адамды құт­­қарып, эвакуациялады. Олар Қордай ауда­­­­­нындағы 6 жылыту пунктіне орна­­­ластырылды.

Ал Шу ауданында қатты жел мен жауған қардың салдарынан электр желі­лері үзіліп, тірек тіректері құлады. «Шу – Отар» учаскесінде 11 жолаушылар пойы­­зының қозғалысы тоқтатылып, олар­­дың әрқайсысындағы орташа есеппен 500-700 адамға көмек көрсетілді. 12 жүк пойызы өз уақытынан кешігіп, бұл жағ­­дай да жығылғанға жұдырық болды. 

Облыстың 4 ауданының 32 елді меке­нінде 8 882 абонент электр қуатынан ажыратылып, халық қара түнекте қалды. Бұл өз кезегінде газ құбырларының істен шығуына әкеліп соқтырып, бұқара жарықтан бөлек жылусыз қалды. 

Төтенше жағдай жарияланған күннен бас­тап қауырт желі нөмірі іске қосыл­­­ғаны­мен, көмек жетпей жатқаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпарат аз болмады. Мұндай жанайқайлар аудан­дардан ғана емес, облыс орталығы Тараз қаласы тұрғындары тарапынан да түсіп, «Ұлы дала» ықшамауданының халқы шырыл қақты. Жарықсыз, жылусыз отырған жұртшылықтың шағымы үсті-үстіне түскенімен, жауапты сала маман­­­дары бәріне бірдей жете алмағаны рас. Нәтижесінде, тұрғындарға түндерін амалдап өткеруге тура келді. 

15 желтоқсан күнгі таң да «суық» бас­талды. Жол жиегінде қалып кеткен кө­ліктерден 2 413 адам құтқарылса, оның 90-ы балалар еді. 600 адам үйлеріне қай­тарылса, 1 813 жолаушы алты ауылда ашылған жылыту пункттеріне жеткізілді. 5 азамат Қордай аудандық орталық ау­руха­­насына жатқызылды. Оның біреуі – нәресте. Олардың жағдайы дәрігер­лердің бақылауына алынып, қажетті ем-дом көрсетілді. Осылайша, екі күннің ішінде қар құрсауында қалып қойған 5 000 адам құтқарылып, абырой болғанда адам шығыны болған жоқ. 

Жолда қалып кеткен жолаушылар санының көптігінен Қордай және Шу аудандарында 825 орындық қосымша 9 жылыту пункті іске қосылды. Құтқару шараларына 171 адам мен 76 бірлік тех­ника тағы жұмылдырылды. Жолдағы блок-бекеттерге полиция нарядтары қойылды. 

Электр желілерін қалыпқа келтіру бойынша «Жамбыл электр желілері» ЖШС көмегімен 23 апаттық-құтқару тобы құрылып, 27 арнайы техника жұмыл­дырылды. 

Шу аудандық көліктік прокура­­тура­ның ақпараты бойынша, «Шу – Отар» учаскесінде тоқтап қалған 11 жолаушы­лар пойызының бағыты қайта айқында­лып, бүгінде жағдай жіті бақылауға алынып отыр.

Жалпы, Жамбыл облысында қыс мезгілі бір­ша­ма жылы өтеді. Сондан да болар, жауапты мамандар бұл мәселеге атүсті қараған се­кілді. Олай дейтініміз, облыс аума­­­ғында орналасқан асуларда жылда қиын жағдай қайталанып жатады. Қар жауып, жел тұрса болды, жолдар жабылғаны былай тұрсын, құзырлы органдар жылыту пунк­­­­­­­ттерін қосымша ашып, еріктілер жа­­­сағын құрып ала-өкпе болып жатады. Одан кейін Қордай, Күйік асулары сияқты аумақтарға ауа райы тосын мінез танытқанда көлік қоятын тұрақтар ашу жағы ойлас­тырылмағаны таңғалдырады. Әйтеуір, жол жиегінде, қар құрсауынан көміліп тұрған көліктерді көресің. Бұл мәселені біржақты шешу үшін арнайы көлік тұрақтарын ашса, жол жабылғанын немесе боранның бас­талғанын көрген жолаушылардың өздері кө­ліктерін тұ­раққа қойып, қауіпсіздік ша­раларын жа­­­­­сайтын ба еді деген ой келеді. Бұл сөзіміздің жаны бар. Олай дейтініміз – күні кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жедел штаб отырысын өткізіп, Қордай, Шу аудан­дарында болған төтенше жағ­­­дайдың салдарын жою, қалпына келтіру және автожолды жіті бақылауға алу мәселесін талқылады. 

Облыс әкімінің орынбасары Қанат­­бек Мәдібектің сөзіне сүйенсек, қазір Жуалы, Қордай және Шу аудандарында жолда қалған барлық тұрғын құтқары­­­лып, жылыту пункттеріне орналасты­­­­рылған екен. 

Қолайсыз ауа райы салдарынан Са­ры­­су, Мойынқұм, Шу, Қордай аудан­дары бойынша электр энергиясынан ажыра­­­­­тылған 30 елді мекеннің 26-да электр желі­­лері қайта қалпына келтіріліп, 4 елді мекенді жарыққа қосу жұмыстары жал­ғасын табуда. 

Әрине, төтенше жағдайдың арты қай­­­­ғылы оқиғамен аяқталмағаны қуан­та­­­­ды. Алайда аймақ басшысы алдағы уа­қытта да кез келген жағдайға дайын болу керек екенін қатаң ескертуде. Әсі­­ресе, төтенше жағдай кезінде тиімді әрі жедел әрекет ету бойынша алго­­­ри­­тімді қайта әзірлеудің маңызы туындауда. Бұдан бөлек, облыс әкімі төтенше жағ­­­­дай кезінде болған мал шығындарын анықтау мен шалғайдағы шаруалардың жем-шөбіне қажетті көмекті ұйымдас­­тыруды тапсырды. 

Негізі, төтенше жағдай жариялан­­ғаннан кейін бір жетінің ішінде адам шы­ғыны туралы ақпарат тараған. Тіпті, әлеу­­­­­меттік желілерде қарда қатып қалған жолаушылар­дың бейнесі мен қаза тап­­­қан­­­дардың тізімі туралы хабарлама жел­­­дей есті. Мұндай суық ақпарат талай­­дың жағасын ұстатты. Алайда құ­зырлы орган өкілдері мұны ресми түрде жоққа шы­ғарды. 

«Ауа райының күрт нашарлауына бай­ланысты төтенше жағдай режимінде бірде-бір адам қайтыс болған жоқ.

Әлеуметтік желілерде Қордай асуын­­да адамдар үсіп, бүкіл отбасы қайтыс бол­­­­ды, сондай-ақ тасжолда қар үйінді­лерінде қаза болған адамдардың тізімі пайда болды де­ген ақпарат, суреттер мен бейнежазбалар таралуда. Бұл тізімде қар құрсауынан құт­қарылған және жылыту үшін мектепке жет­кізілген адамдардың деректері көрсе­тіл­ген.

Өлген адамдардың денелері бар та­быттардың суретіне келетін болсақ, бұрын қайтыс болған адамдарды жерлеу үшін біздің облыс арқылы транзитпен тасымалдағанын хабарлаймыз.

Жамбыл облысының Полиция де­­партаменті жалған ақпарат, оның ішінде олардың әлеуметтік желілерде таратқаны үшін қыл­­мыстық жауапкершілік көзделгені туралы ескертеді және тек ресми дерек­­­көздерге сенуге шақырады», – деді об­лыс­­тық Полиция департаментінің бас­па­сөз қызметі. 

Өңірдегі төтенше жағдайдан қанша шығын келгені туралы толық ақпарат айтылған жоқ. Шалғайдағы шаруалардың жапа шеккен мал санының есебі енді жи­­нақталып жатқандықтан, шығын көлемін есептеуге де уақыт керек шығар. Алайда табиғаттың осындай тосын міне­­­­зінен са­бақ шығармасақ, ертең бармақ тіс­теуіміз де бек мүмкін. Сондықтан жауаптылар апат айтып келмейтінін ескеріп, қолай­­­сыз ауа райының салда­­­­рына қазірден қамданса екен дейміз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы