Шағын және орта бизнесті қолдау Алматы қаласы әкімдігінің жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі болып табылады.
Алматы әкімі мегаполис экономикасын дамытудағы басымдықтар туралы айтты
679
оқылды

Шағын және орта бизнесті  қолдау   Алматы қаласы әкімдігінің жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Ол мегаполис экономикасында және алматылықтарды жұмыспен қамтуда ерекше рөл атқарады. ШОБ-тың қала экономикасындағы үлесін 60%-ға дейін ұлғайту күтіліп отыр. Осындай мәліметтермен Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында сөйлеген сөзінде мегаполис басшысы Ерболат Досаев бөлісті,– деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Оның айтуынша, субсидиялауға, кепілдік беруге және несиелеуге республикалық және жергілікті бюджеттерден 51,1 млрд теңге бөлінген. Бұл 1,7 мың ШОБ жобасын қолдауға мүмкіндік берді.

«Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында  10,2 млрд теңге инвестиция сомасына ауданы 88 мың шаршы метрге тең 18 шағын өнеркәсіп паркінің құрылысы белсенді жүргізілуде, бұл 2 мың жоғары білікті жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді мегаполис басшысы.

Ол сондай-ақ Алматы экономикасын одан әрі әртараптандыру үшін туризмді дамыту үлкен рөл атқаратынын айтты. 2023   жылдың 9 айында туристер саны 17,4%-ға өсіп, 1,5 млн адамнан асты. Оның ішінде шетелдік туристер үлесі 1,5 есеге ұлғайды.  Жыл соңына дейін туристердің саны 2 млн адамға дейін артады деп күтілуде.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Алматы агломерациясы шеңберінде туристік әлеуетті іске асыру үшін Түргеннен Қаскелеңге дейінгі тау кластерін дамытудың негізгі тәсілдері айқындалды. Мастер жоспарды келесі аптада таныстырамыз», – деді әкім.

Туристік қызығушылықтың 6 орны мен тарту нүктесін қосу көзделеді. Бұл Қаскелең және Түрген шатқалдары, Үлкен Алматы көлі, Медеу-Шымбұлақ, Талғар-Есік, Ақ бұлақ.