Ақтөбе стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері теміржол вокзалын тексеру кезінде Қазақстанның Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Бангладештің 41, 31, 26 жастағы үш азаматын ұстады. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев мәлімдеді.
Заңға бағынбаған Бангладештің үш азаматы елден шығарылды
917
оқылды

Оның айтуынша, жоғарыда аталған құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігі ("Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы") бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Ақтөбе қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен шетелдіктер ҚР аумағына  5 жыл кіре алмайды. Заң аясында елден шығарылды.

Ол сондай-ақ жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2 000-нан аса азаматты, оның ішінде, ереже бұзғаны үшін 1 474 шетелдікті әкімшілік жауапқа тартқанын атап өтті.

«Сот қаулысымен біздің елден тыс жерлерге 376 шетелдік азамат шығарылды», – деді ведомство басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес шетелдік азаматтар елімізде болу мерзімі аяқталғанға дейін ҚР аумағынан шығуы керек. Кетуден жалтарған жағдайда ҚР шегінен тыс жерлерге шығаруға дейін әкімшілік жаза қарастырылған.