Қазақ халқы – ежелден ержүректілігімен ерекшеленген халық. Ел басына күн туған сәтте ерлеріміз атқа қонса, жығылған жұрттың еңсесін еңбегімен көтерген қаракөздеріміз де аз болмаған.
Қуғындалған Дариха
6,705
оқылды

Міне, сондай жанның бірі – Социалистік Еңбек Ері, үш мәрте «Ленин» орденінің иегері, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, даңқты қызылшасы Дариха Жантоқова. Тағдыры тар жол тайғақ кешуден тұрған анамыздың өмір жолы жанарға жас үйіреді. Ал ерлігі бүгінгілер мен кейінгілерге рух береді.

Дариха Жантоқова 1918 жылы 8 наурызда Әулиеата уезі «Трудовой пахарь» ұжымшары (қазір Түйме­­кент ауылы) Ақжар бөлімшесінде дү­­ниеге келген. Әкесі Жексенбі мен ана­сы Науатбала Дариханы жас­­тайы­­­­­нан зерек қылып тәрбиелейді. Бір отбасында үш бала өссе, Дариха солардың ішінде ең еңбекқоры бол­­­­ған. Отызыншы жылдары жа­­­лынды жас Балатай Жантоқовпен тағдыр жарастырып, «Қызыл Жұлдыз» ұжым­­­­­­­­­­­­шарына мүше болып кіреді. Балатай осы ұжымшарға 1940 жылы басшы болып тағайындалған тұста әскер қатарына шақырылып, артын­­­ша Ұлы Отан соғысы баста­лып кетеді. 

«Балатайдан ең соңғы хат 1942 жы­лы Украинадан келді. Содан соң еш хабар болған жоқ. Тіпті, қара қа­­ғаз да келмеді. Ағам Жексембиев Қа­­дыр да майдан да­­­­ласынан орал­ма­ды. Тылда қалған қарттар мен әйел­дерге оңай соққан жоқ. «Бәрі май­­­­дан үшін, бәрі жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек еттік. «Мол өнімші әйелдер звенолары» қозға­­­­лысы қа­нат жайды. 1942 жыл­­­дан сондай звено­­­лардың бірін бас­қар­­дым. Соғыс уақыты ғой. Адам жетіспейді. Бригадир де болдым.

Соғыс та аяқталды. Отбасында інім Қоңыр, анам үшеуіміз ғана қал­дық.1946 жылы інімді үйлен­­­дірдім. Келініміз Мүбараның ар­­қасы ғой, өз басым әйел болып үй тірлігін істеп көрген емеспін. Барлық күш-жіге­­рім, уақытым не­­гізгі жұмысыма қы­­­­­зыл­­­­­­ша өсіруге кетті», – дейді Дариха Жантоқова естелігінде. 

Батыр ана Социалистік Еңбек Ері атағын сол қырқыншы жылдары алған. Ала жаздай төккен маңдай терлері әділ бағасын алып, Дариха апа­мыз еңбекшілердің ең жоғарғы марапатына ие болады.

«1947 жылы шаруашылығы­мыз­да төрт звено істеді. Бәрі де рекорд­тық көрсеткішке жетті. Менің звеном гектарына 850 центнерден балтамыр жинады. Келесі 1948 жыл­дың көк­те­мінде мен, Сын­дыбала Оңғар­баева, Қанымқыз Тортаева, Мәрзия Ибра­ги­­­мова, ұжымшар бригадир­лері Ке­рім­бай Мырза­құлов, Айтжан Бө­генбаевтар Со­циалистік Еңбек Ері атағын алдық. 

«Еңбегі көптің өнбегі көп» демей ме? Келесі 1949-1950 жылда­ры да қы­­­зылшадан мол өнім өсіріп, Ленин орденін алдым. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, оның Төралқа мүшесі болдым. Қы­зыл­шашылардың Одақтық съезіне делегат болып қа­тыс­­тым. Осы­лай­ша, адал еңбегіміз бағаланып отыр­ды», – дейді Дариха апамыз есте­лігінде. 

 Жеміс пен жетістік болған жер­де көреалмаушылық пен іштарлық қа­­тар жүретіндігі өмірдің ең әділет­сіз заң­дылығы ғой. 1953 жылы Дари­­ха апамызға «колхоз мүлкін та­­лан-та­­­раж­ға салды», «ағасы фа­­­шис­­­шіл» де­­­г­ен сияқты жалған жала жабылып, барлық атақ-даңқынан айырылып, 15 жылға сотталып кете­­­ді. Осылай­ша, небары 23 жа­сында жесір қалып, екі баласы бір­дей шетініп кеткен ананың Қара­­ғанды қаласындағы әйгілі «До­­­­­лин­ка» лагерінде азап пен ауыртпалыққа толы жылдары жал­ғасады. 

 «Бұл – 1953 жылы болған оқиға. Бәріне қазақтың жаман әдеті көре­ал­­маушылық пен іштарлық кінәлі. Арыз ұйымдастырғандар талай адам­ның обалына, бала-шағасының көз жасына қалды.

Әпербақандау Н.Хрущев бас­қар­­ған заман ғой. Жаламен сотта­­­лып, Қарағанды лагерінде азапқа толы бес жылымды өткізіп, бостан­­дыққа шығып, елге оралдым. Қы­­зыл­ша­­­лық­та еңбек ете жүріп, ақ­­­талуға де­ген үмітімді үзген жоқпын. Жоғары орындардағы азаматтарға айтып, қуансам деген ойым болды. Мұның сәті де түсті. 1956 жылы Жам­­­был об­лысына Қазақстан Ком­­­­партиясы Ор­талық Коми­­те­тінің сол кездегі бірінші хатшысы Н.Беляев келді. Оған қызылша алқа­бын көр­сету ұйға­­рылып, бұл үшін Сынды­­бала Оңғарбаеваның телімі таңдал­ды. Тамақты да осы кісінің үйінен да­йын­­­­­даттық. Ай­тылған күні қа­­сында Жамбыл облыстық партия коми­­­­тетінің бі­рінші хатшысы М.Сапар­ғалиев, басқа да лауазымды адамдар бар Беляев қызылшалыққа келді. Да­қылдың жай-күйімен та­ныса бас­­тады. Сындыбала екеуі­­­міз­дің ал­қап­тарымыздың шырайы бір­дей. Екеуі­міз өзара көмегімізді аямай, тә­­­­­­­­­­­­жі­­­­­­­ри­бе алмасып отырамыз. Айыр­­машылық, оның Алтын жұл­дызы кеудесінде де, менде мақта­нар­­лық еш белгі жоқ. Мәртебелі қонақ мұны бірден байқады. Осы арада көрген қорлық көзіме жас болып үйірілді. «Прокурор забрал...» деп бастап, тілім жеткенше алған Алтын жұл­­­ды­­зым мен орден­дерім­нен қалай айы­рылғанымды түсін­дірдім. Облыс пен аудан басшылары да жағдайды баян­дап жатты. Сол жерде Беляев ар­қам­нан қағып: «Мұңайма, бәрі ой­да­ғыдай шеші­ле­ді» дегендей ишарат танытты. Со­ны­мен не керек, көп ұзамай Респуб­лика Жоғарғы соты­нан жаламен қозғалған іс қайта қа­ра­латындығы туралы қағаз келді. Сөйтіп, 1959 жыл­дың ақпан айында Жо­ғарғы Кеңеске шақырылып, онда ақта­лып, маған Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын, басқа да марапат­тарымды қайтарып берді. Зардап шеккен өзге адамдар да ақталды», – дейді Дариха апа­мыз өткен күнді еске алған күн­делігінде. 

Міне, осылайша даңқты қы­зыл­­шасы апамыз ақталып, барлық атақ-даңқына қайта қол жеткіз­­­­­генімен, Беляев Қонаевпен бірге Хрущев тарапынан қысым көрген. Сондай-ақ облысқа Асанбай Ас­­­қаров басшы болып келген тұста оның тындырған тірлігі жоғары жаққа ұнамай, Кол­биннің көлгір ойынының құрбанына айнала жаз­­даған. Осы тұста Асқаров­қа Да­­риха Жантоқава бастаған азамат­тар ара­ша түскен. 

«Облыс ардагерлері сапында Сын­­­­дыбала екеуіміз талай есікті қақтық. Сот жүріп жатқанда Қыр­ғызстанда да бірнеше рет болдық. Сотқа төрағалық етуші татар әйелі­мен ұрысып қалғанымыз да бар. Атақты жазушы Шыңғыс Айтматов­­пен де кездестік. Сол күні әлденен­дей съезд жүріп жатыр екен, Айтма­тов соған қатысып, күткізіп барып келді. «Жекжаттарым, мейман­да­рым» деп қуанып, қонақжайлық та­нытты шоң қырғыз. Горбачевпен жақындығын айтып, көмектесуін өтіндім. Кейін Қырғызстан Прези­­денті А.Ақаевтың да резиден­циясы­на барып, қабылдауында болдық.

Соңы ел-жұрт болып араша түс­кен азаматымыз ақыры ақталып шық­ты», – дейді Дариха апамыз. 

 Дариха Жантоқова облыс ғана емес, елге танымал талай тұлға­­­лар­мен сырлас, берік байланыста бол­ған. Мәселен, Мойынқұмнан шық­қан екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев­­­­пен әзілі мен қалжыңы жарасқан. Атақты тарышы Ыбырай Жақаевпен 1948 жылы өткен ауылшаруашылық қыз­меткерлерінің республикалық кеңе­­­сінде бірге болып, тәжірибе алмас­­­қан. Талдықорғандық Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновпен тіпті тағдырлас болып, жалған жала­ның құрбанына айналу сынды әділетсіз­­­дікті бірге бастан кешірген. Екі мәр­те Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдиновпен болса, 1950-1951 жыл­­дары Мәскеуді бірге ара­­лап, замандастық, үндестік қарым-қатынаста болған. 

Сталиннің 70 жылдығын тойлау­да қадірменді қонақ ретінде шақы­­­рылып, Хрущев, Брежневтер­мен бір дастарқаннан дәм татқан. Сондай-ақ Қонаевтың үйінде қонақ­та бо­­­лып, Зухрамен құрбылық жақын­­дығы берік қалған.

Жалпы, Дариха Жантоқова ту­ралы дерек аз. Тек, мұрағаттың сар­ғайған құжаттарынан немесе ел ау­­зы­­нан батыр ана туралы естеліктер естуге болады. Соның бірінде Дари­ха мен Батыр Бауыржан Момыш­­ұлы­ның кездесуі туралы айтылады. 

«1968 жылы Дариха Жантоқова «Сарыағаш» шипажайына демалуға барады. Республикаға әрісі Одаққа танымал болған батыр апаны көр­ген дәрігерлер зыр жүгіріп қызмет көр­­­сетеді. «Шипажайға Еңбек Ері ке­­­­ліпті» деген ұзынқұлақтың әңгі­месі лезде тарап кетеді. Дәл сол кез­де Бауыр­жан Момышұлы да шипа­жай­­да демалып жатыр екен. Бүкіл шипа­­жайды дүр сілкіндірген батыр қыз­­дың биографиясы мен гео­­­­­­­­­­­­гра­­­фия­­­­­сына қанық болған Бау­­кең мен Дариханың басы ойда жоқта түйісіп қалады. Момышұлы­ның мұнда демалып жатқанынан хабар­­сыз Да­риха иіліп сәлем салып, кеші­­­­рім сұрайды. Сонда Бауыржан Момыш­­­­­­­­­­ұлы: «Арамызды алшақта­­­­тып тұрған бар жоғы сегіз жыл, сегіз бел екен, айналайын. Заманы бір за­ман­­­дас, бір қадамдас екенбіз. Мен – екі құдыретке бас иген жан­мын. Бірі, көктегі құдірет – Құдай, екіншісі, жердегі құдірет – еңбек. Сол Жер Ананың құдіретін әйгілеген әйел затынан, абыройлы Ана екен­­сің. «Абыройдың анасы – ақыл, ата­сы – еңбек» дейтін қазақпыз ғой. Сол екі абыройды арқалалап жүр­­ген саған бас иеміз. Кетпен шауып тер­ле­­ген күсті әрі күшті қолыңнан айна­лайын. Еңбектің мәні мен дә­­­мін әйгілеу үшін төккен терің сені төр­­ге шығарғанына бек ризамын. Жұ­мысқа құлай берілген өзің де бір Құ­дай берген адам екен­сің. Жантақ деген шөп бар түбірі жансақтан шыққан. Адам баласының жаны тақтан түспей, жанын сақтап жүр­сін деген мағына шығар, кім білсін. Жантоқова деген фамилияңа үңіл­ген­де ойлағаным, аталарыңның аруағы тыныш, жаны тоқ шығар. Сұлулық пен әсемдікті, парасат пен пайымды паш етіп тұрған мына келбетіңе қарап бұдан жас кезіңде қандай болғансың деп қоямын. Менің батырлығым жай батырлық сенікі хас батырлық екен», – деп батыр Бәукеңнің өзі Дариха апа­мыз­дың алдында бас иген екен. 

Иә, сөз жоқ, Дариха Жантоқова­­ның өмірі өнеге. Ерлігі көпке үлгі. Қазір даңқты ананың суреті Мәс­­­кеудегі Третьяков галлерея­­сында жә­не Киевтегі мемлекеттік мұра­жайда дүниежүзіндегі рекордсмен ретінде ілініп тұр. Сонымен қатар ол – Қиыр Шығыстағы теңіз фло­ты­ның құрметті матросы. Әри­не, мұндай құрмет жүрекке жылу бе­ре­ді. Алайда батыр анамыздың ерлігі мен өрлігі өз жерінде, туған топыра­ғында тасада қалмай, барын­ша дәріптелсе екен дейсің. Осылай­ша, руханиятқа құтты қадам жасап, жас­тардың жа­дында Дариха Жан­тоқованың есімі мен ерлігін жаң­ғыртсақ, бұл үлкен ғибратты іс болар еді. 

Биыл – Дариха Жантоқованың дүниеге келгеніне 105 жыл толды. Алай­да даңқты қызылшашының осынау мерейтойы ұмыт қалды. Бәл­­­кім, билік басындағылар алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтырып, батыр анаға өз дең­­­­­­­гейінде құрмет көрсетер деген сенім мол.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы