Тіршіліктің басты көзі – ауызсудан Ақмола облысының Егіндікөл ауданы сонау тоқсаныншы жылдардан бері тарығып келеді. Әбден тозығы жетіп, қырық жамау болған «Нұра топтық су құбыры» биыл, тіпті күнара жарылып, халық бірнеше ай бойы мүлде сусыз қалған.
Егіндікөлде ел жатыр ауызсудан тарыққан
811
оқылды

Қара қарғаның миы қайнайтын шілденің шіліңгір ыстығында тамшы суға зар болған егіндікөлдіктердің ащы жанайқайы Үкімет пен құзырлы министрліктерге дейін жеткен. Бірақ жергілікті атқарушы орган төтенше жағдай жариялауға асықпаған. Ауызсудың азабын тартқан халықтың жылдар бойғы шырылын жергілікті қауымдастық өкілдері мен БАҚ-тың тегеурінді әрекеттерінің арқасында зордың күшімен жазда ауданда төтенше жағдай да жарияланды. Алайда осыдан кейін арада алты айдан астам уақыт өтіп бюджеттің бүйірінен бірнеше миллиард бөлінгенімен, мыңдаған халық күні бүгінге дейін ауызсуға зәру... 

Аудан халқының мүлдем ауызсусыз  қалғанына жақында бір жылға жуық уа­қыт болады. 6,5 мыңға жуық адам тұратын ауылда кейінгі кезде су қас­қалдақтың қанынан қат бол­ған­дық­тан, халық жылы орнын тастап жаппай көше бастаған. Дегенмен көшіп-қо­нуды қалтасы көтермегендер күні бү­гін­ге дейін тіршілік нәрінен тарығып ке­­леді. 

Төтенше жағдай жариялау қажеттігі ту­ралы халықтың ащы үні сонау сәуір­ден-ақ басталған. Бірақ жергілікті Егін­ді­көл ауданы әкімдігі халықтың айтқан та­лабынан ұзақ уақыт бас тартып келген. Де­генмен айлар бойы құбырдан су мүлде там­бай әрі БАҚ пен блогерлердің тегеу­рі­німен мамыр айында төтенше жағдай жа­рияланды. Үкіметтен осы аумақтағы Егін­дікөл, Қорғалжын және Атбасар ау­да­нына қарасты 24 елді мекенді сумен қам­титын жалпы ұзындығы 337 ша­қы­рым­ды құрайтын құбырды жөндеуге 3 мил­лиард теңге қаражат бөлінді!

Төтенше жағдай жарияланғанымен ау­данда су айдау құбырын салу тек Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев­тың тегеурінді тапсырмасынан кейін ғана қабылданды. Сөйтіп, төтенше жағ­дай мамырда жарияланғанымен «Нұ­ра топтық су құбырын» қайта құруға бюд­жет тек қыркүйекте ғана бекітіледі. Сәй­кестік пе, әлде басқасы ма құжат тек Пре­зиденттің тапсырмасынан кейін ғана мүмкін болған. Мемлекет басшысы елдің барлық су шаруа­шылығын басқару жүйесін оның ішінде «Қазсу шаруашылығы», «Нұра топ­­тық су құбыры» сияқты басты ком­па­нияларды реформалауды тапсырған. Со­нымен қатар аталған саланы кадрлармен кү­шейтудің қажеттілігін тапсырған. 

Жоспарға сай егіндікөлдіктер та­лай­дан арман еткен таза ауызсуға қара күзде қа­рық болға тиіс еді. Алайда жақында те­ріскей аймақты тұтас қамтыған минус 30-40 гра­дус сарышұнақ аязда егіндікөлдіктер  апталап сусыз қалды. Халық күні бү­гінге дейін Егіндікөлдегі жалғыз су мұ­нарасында бірнеше сағаттап кезек күту­ге мәжбүр. Оның өзінде су әр адамға өл­шеп қана беріледі. Тұрғындар жаңадан са­лынып жатқан құбыр құрылысының да өте баяу жү­зеге асырылып жатқанын сын сада­ғы­на алды.

– Ауызсу бізде ең басты мәселе бо­­лып тұр. Судың болмауынан аудан хал­­қы шын мәнінде көшіп кетіп жатыр. Жа­қында ғана ресми түрде ауыз тол­ты­рып 6 500-дан асамыз деуші едік. Бірақ қ­азір тұтас аудан бойынша шамамен 5 мың­ның ол жақ, бұл жағында ғана халық тұ­рып жатыр. Басты тіршілік көзі – су қас­қалдақтың қанынан қат болған­дық­тан, халық шынында да қатты ашынған. Соң­ғы екі-үш жыл ішінде су жағдайы тіп­ті қиындап кетті. Қырық жамау бо­лып, әбден тозған құбыр күнара жары­лып, айлап сусыз отыруға мәжбүр бол­дық. Міне, екі аптадан астам тағы да су­сыз қалдық. Ескі құбыр тағы жарылып, су жинау мұнарасына жетпей қалды. Сондықтан тасымал суды су жинау мұ­на­расына сағаттап кезек күтіп алуға мәж­бүрміз. Тұтас ауыл жалғыз осы су көзіне күні қарағандықтан басқа қолдан ке­лер қайран да жоқ. Бір отбасыға 300 литр­ден ғана су беріледі. Оның өзін кө­лігі барлар алып, көлігі жоқтар алыс бол­са да жаяулап алып кетеді. Салынып жат­қан жаңа су құбыры сағызша созы­лып кетті. Сабындыдан Егіндікөлге дейін созылған су құбыры трассасының 64 ша­қырымы жарамсыз. Соған жаңа құ­быр салынып жатыр. Бірақ жұмысы өте баяу. Биыл бюджеттен қаржы бөлініп Егіндікөлде екі бірдей ұңғыма құдық та қа­зылған. Бірақ 80 метрге дейін терең­дік­те қазылған құдықтан ішуге жарамсыз ащы су шықты. Оған қомақты қаражат шы­ғарып, облыс әкімдігінен ащы суды тұщыландыратын арнайы сүзгі қон­дыр­ғы­сы сатып алынған. Бірақ күні бүгінге дейін ол да орнатылған жоқ. Жұмыс өте баяу жүруде. Халықтың жағдайы өте мүш­кіл. Күн сайын сарылып, су үшін жар­ты күнімізді арнап, су тасуға мәж­бүр­міз, – дейді Ерік Серікбаев есімді жер­­­­гілікті тұрғын. 

Ауданда ауызсумен қамтамасыз ету аса ауыр жағдайда еке­нін Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Куру­шин де мойындады. Аудан әкімінің ай­туынша, төтенше жағдай кезінде бө­лін­уге тиіс болған қаржы күні бүгінге дейін мердігерге төленбеген. Салда­ры­нан мердігер компания жерді өз қар­жы­сы­на қаза бастаған. 

– Төтенше жағдайдан кейін қарастырылған 3 мил­лиард теңге әлі күнге бөлінген жоқ. Мердігер компания қазір өз есебінен экс­­­каватормен жер қазып жатыр. Са­бын­дыдан Егіндікөлге дейінгі 64 ша­қы­рым құбыр қатты тозғандықтан қазір сол жерлер қайта қазылып, жаңа құбыр са­лынып жатыр. Шамамен 55 пайызға орын­далып, 75 пайызға траншеялар қа­зылды. Өткен апта қатты аяз болып, экс­каваторлардың жанармайлары қатып қа­ла бергендіктен бір апта бойы жұмыс тоқ­тады. Қазір суды көлік­тер­мен әкеліп, су айдау мұнарасына құйып, содан халық су алып отыр. Мұна­ра­ға 100 текшеметр су сияды. Әрине, кезек өте үлкен. Спиридоновка сияқы жақын ел­ді мекендерге олардың өті­ніштері бойын­ша суды көлікпен жеткізіп беру­деміз, – дейді Егіндікөл ауданының әкі­мі Юрий Курушин. 

Егіндікөлдегі ауызсудың ауыр жағ­дайы күні кеше Қорғалжын ауданына қа­расты Сабынды ауылында облыс әкімі Марат Ахметжанов өткізген жиында та­ғы бір мәрте қаралды. Шұғыл жиынға Егін­дікөл, Қорғалжын аудандарының әкім­дері, Су ресурстары комитетінің өкіл­де­рі, облыстық құзырлы басқармалар мен ведомстволар, «Нұра топтық су құ­быры» мен басқа да мекемелердің мүдделі тұлғалары қа­­­тысты. Марат Ахметжанов халықты су­мен қамтамасыз етудің әлі де болса орын­далмауын атап, түйінді шешудің маңыз­дылығына назар аударды. 

– Мердігер ұйым үздіксіз жұмысты жүр­гізіп жатқанымен Нұра топтық су құ­бырын қайта құрудың екінші кезеңінің бірін­ші учаскесін жаңа жылға дейін аяқ­тау мүмкін болмай отыр. Аталған кезеңді аяқ­тау су шығын төмендетуге мүмкіндік беретін еді, – дейді Марат Ахметжанов. 

Су ресурстары және ирригация ми­нистр­лігінің Су ресурстары комитеті тө­ра­ға­сының орынбасары Мақсат Ая­шев­тің ай­туынша, аталған мәселе ерек­ше ба­қы­лауға алынған. Ал мердігер ұйым­ның өкі­лі Рустам Манатаев осы уақыт­қа дейін жүргізілген жұмысты баян етті. 

– Бүгінде Егіндікөл ауданынан бас­тап 26 мың метр траншея қазылды. Са­бын­дыдағы бас құрылыстан бастап, 31 630 метрді қосқанда. 42 570 метр құбыр қазылып ор­натылды. 22 құдық орнаттық. Топтық су құбырының 68,4 ша­қырымы ауыс­тыру­ды қажет етеді. Ауа райы жағдайы жұ­мысқа кедергі келтіріп уақытында аяқ­тай алмадық. Қазір нысанда 12 экс­кава­тор жұмыс жүргізуде, – дейді Bertys Construction ЖШС-нің директоры Рус­там Манатаев. 

Кездесу барысында облыс әкімі Ушаков селосында жарылған магистралды су құбырын жылдам жөндеуді тапсырды. Дәл осы апат салдарынан егіндікөлдіктер екі аптаға жуық мүлде сусыз отырған еді. Сондай-ақ өңір басшысы кезекші бригадалар ұйымдастырып, бұзылған жерлерді жөндеп, халыққа 31 желтоқсанға дейін ауызсу бе­руді жүктеді. 

Сонымен әзірге түйіннің қалай тарқатылып, егіндікөлдіктердің таза ауызсуға қашан қол жеткізетіні әлі де басы ашық күйінде қалып тұр. Құзырлы органдар судың үздіксіз қашан берілетінін тап басып айта алмады. Мил­лиард­тар бөлінгенімен ауызсудың бол­мауы халықты қашанға дейін алаң­да­та­ты­ны белгісіз... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы