Сыр өңіріндегі қабырғалы елдің арасында ескі мәдениеттен сыр шертетін құнды жәдігерлер аз емес.
Жөлектегі қара үй кімдікі?
10,040
оқылды

Соның ішінде Шиелі ауданына қарасты Жөлек ауылдық округінің жөні бөлек. Тарихи құнды деректерге қанығамын десеңіз, бұл елді мекеннен айналып өтпегеніңіз абзал.

Ханқожа көлін жағалай қоныстанған аядай ауылдың бір шеті әйгілі оғыздар дәуіріне жол ашса, келесі жағы Оқшы ата мазаратына бастайды. Осы ауылдық ок­ругтегі Жуантөбе деген ауыл өңір хал­­­­­қына жақсы таныс. 

Тарихи дерекке сүйенсек, бұл бір кез­­дері бірқатар ауылдардың басын қосқан ірі орталық болған деседі. Нақты айтқанда, 1939 жылға дейін бұл орталық құрамында іргелі Бестам, Ақтоған, Телкөл, Төңкеріс, Ақтам ауылдық округтерінің халқы бе­рекелі тіршілік кешеді. Ауыл халқы айна­­­ласына су тартып, егін егіп, өрісін төрт түлікке толтырып, адал еңбекке араласқан.

Осы ауылдың маңында күмбезді қараүй пішінде салынған ескі ғимарат жергілікті жұртшылыққа мәлім. Тарихи нысан жа­­­йында ел арасында нақты дерек жоқ. Ескі сәулет өнерінің үлгісін паш еткен нысан жайында әлі де зерттеу жүргізу қа­­­­жеттігі туындап тұр. Көнекөз қария­­­­­­лардан жеткен аңыз бойынша, бұл қараүй бір кездері ет сақтайтын қойма болғаны ай­тылады. 

«Жалпы, Жөлек ауылының тарихы те­реңнен тамыр тартады. Көнекөздерден көптеген шындыққа бергісіз аңыз-әпса­­­­­наларды естігенде еріксіз жаға ұстайсыз. Өзім ауыл тарихы төңірегінде талай уақыт­­­тан бері зерттеп, құнды деректер жинақ­тап келемін. Алайда ауыл маңындағы бей­­­мәлім қара үй жайында тұшымды мәлімет табылмады. Ауыл ақсақалдарының ай­туын­ша, ертеде осы аумақта төрт түлігін түлеткен ауқатты кісі өмір сүріпті. Бұл ны­санды сол кісі ет сақтайтын қойма ре­­тінде арнайы салғызған деген дерек бар. Әсіресе, күз, қыс мезгілдерінде сойған ма­­лының етін осы қоймада сақтайтын бо­­лыпты. Ол кісінің аты-жөні, тегі, тарихи нысан төңірегінде басқа да мәліметтер бізге әзірге беймәлім», – деп түсіндірді бұл жайында ауыл тұрғыны Бегімтай Сатаев.

Күмбезді қара үйдің биіктігі 3 метрді құрайды. Астыңғы жағы кәдімгі қам ке­сектен қаланған. Ал жоғарғы күмбез тұсы күйдірілген қыш кірпіштен өрілген. 

Нысанның ішкі жағынан қарағанда құбыла жақ бетінде биіктігі – 60, ені 40 сантиметр болатын үш дана ойық мих­­­рабы бар. Михрабтардың арақашық­тығы 20 сантиметр болса, ішке қарай 10 санти­­метрдей өлшеммен ойылған. Сол сияқты күмбездің төменгі тұсында биіктігі мен ені 20 сантиметрден тұратын төртбұрышты тағы 3 ойық жасалған. Ғимараттың оң­­түстік-батысқа бағытталған жалғыз есігі­нің ені шамамен 1,5 метрді құрайды. 

Жалпы, ғимараттың сыртқы пішіні кәдімгі қазақтың киіз үйін бейнелейді.  Тө­­бесінің диаметрі алты қанатты киіз үйдің шаңырағы іспетті елестейді. Ны­санның сыртқы кірпіштері қар мен жаңбыр суынан әбден мүжілген. Бүгінде ғимараттың есігі де қираған. Бірақ бір кездері есігі темір топсамен бекітілгені мәлім болып отыр. Нысанның ішінен бір кез­дері темір сына және шаппа немесе садақ секілді қарудың сынығы да табылған. Ал нысанның қабырғасынан ыстың, күйенің іздері байқалады. 

«Киіз үй үлгісінде жасалған бұл құ­ры­лыс Шиелі ауданындағы Жуантөбе ауы­­­лынан Қызылқұмға қарай 5 шақырым қа­шықтықтағы құмды аймақта сексеуілдің арасына салынған. Құрылыс жергілікті саз балшықтан тұрғызылған. Нысанда саңы­лау түсетін терезе жоқ. Тек нысанның іші­­нен кіретін есік пен төбесіне кішкене тесік қалдырылған болуы керек. Көнекөз қа­­­рия­­лардан жеткен мәліметке сәйкес, ерте­ректе сол маңда қоныстанған Орта жүз Көзей руының жатағы болған деседі. Мұ­ны осы ру тайпасының қыста соғымға сойыл­ған етті ыстап, қақтап, ұзақ мерзімге сақтауға арнап салған құрылыс нысаны деп санайды. Нысанның ішінде жерленген мүрденің орны байқалмайды. Соған сәйкес, бұл нысанда сол маңдағы малшы­­­лар сойған еттерін ағашқа іліп қойып, ішіне от жағып, түтінге ыстаған деген ақпарат айтылады. Ал түтін төбесіндегі те­сік арқылы сыртқа шығып отырған. Одан басқа қолымызда жазбаша деректер сақ­талмаған. Яғни, нақты мәлімет әлі күнге дейін беймәлім күйде қалып тұр», – дейді Шиелі аудандық өлкетану музейінің ғы­лыми қызметкері Бекболат Әбуов.

Негізінен, ескі мәдениеттің лебі ескен ауыл аумағында көптеген құнды жәдігер­лер құм арасында сайрап жатыр. Аталмыш аумақтағы «Жөлек базары», «Жөлек қор­ғаны» секілді тарихи деректер соған ай­қын дәлел. Ал Сексеуіл арасына жасырынған күмбезді құрылыстың құпиясы қашан ашы­латыны әзірге беймәлім күйде қалып тұр. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы