Ғалам соңғы уақытта мүлде өзгеше қарқында дамып келеді. Әсіресе, жасанды интеллект, роботтехника, электронды инженерия, цифрлы технологиялар заманауи әлемнің бір бөлшегіне айналды.
Ұлттық бірегейлік: Ұтқанымыз бен ұтылғанымыз қайсы?
928
оқылды

Осындай мәдени, технологиялық даму барысында әрбір мемлекет осы бір ғаламның бір бөлшегі екенін дәлелдеуге тырысып, жаһандану жағдайында бәсекелестікке төтеп беруге талпынады. Бү­гінгі жаһандық экономикалық, тех­никалық және әлеуметтік-мәдени оң өзгерістерге дер кезінде ұлттық болмысын жоғалтпай бейімделгісі келеді. Бұл ретте ұлттық бірегейліктің алатын орны бөлек болмақ. Біз мақаламыз­да осы ұлттық бірегейлік туралы сөз қозғамақпыз.

«Ұлттық бірегейлікті этникалық бірегейлікпен шатастырмауымыз қажет»

Алдымен «Ұлттық бірегейлік де­геніміз не? Біз оны қандай өлшемдермен анықтаймыз? Ұлттық бірегейліктің индикаторларына не жатады?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік. «Бі­регейлік» дегеніміз (латын тіліндегі «іdem», «identіty» «ұқсау», «бірдей болу») – адамның біреуге ұқсауы, сонымен өзін теңестіру әрекеті. Демек, ұлттық бірегейлік адамның белгілі бір ұлтқа, елге, мәдени кеңістікке жа­татындығын білдіретін бірегейліктің құрамдас бөлігі. Ұлттық бірегейліктің қалыптасуындағы маңызды фак­торларға: территория, жер, шаруа­шылық, мемлекет, мемлекет құраушы халық, сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұра білу, мемлекет құраушы ұлттың тілі мен мәдениеті жатады. Бұл ұғымды нақты бір ұлттың жа­һандану жағ­дайында бәсекелестікке төтеп беру қабілеті және сол бәсеке­лестікте тірек ететін ұлттың күш-қуа­ты деп түсіндіріп келеді. Біз осы сұрақтың төңірегінде бірнеше адамнан жауап іздеп көруге талпындық. Көбі бұл ұғымның ауқымы кең екен­дігін, бір ғана сұхбатпен мәнін то­лық ашу қиынға соғатындығын айтып қал­ды. Әлеуметтанушы, сарап­шы Ерсінбек Арғынбекұлының пікі­рінше, ұлттық бірегейлік ұғымына мем­лекеттік Туымыз, Әнұран, Ел­таң­бамыздан бастап, ұлттық құнды­лық­тарымызға дейінгі дүниелер кірмек. 

«Ұлттық бірегейліктің не қажеті бар деген сауалға келетін болсақ, бұл өз кезегінде ұлттық сананы оятуға септігін тигізбек. Не үшін ұлттық сананы оятуымыз керек? Себебі қазіргі жүріп жатқан жаһандануға жұтылып кетпес үшін әр ел өз ұлттық құнды­лықтарын сақтап қалуға тырысады. Мәселен, француздар ағылшын тілін біле тұра тек французша сөйлейді. Мұның өзі осы ұлттық бірегейлігін сақтаудың бір жолы десек болады. Ал мұның өзі ел тәуелсіз­дігінің нығаюына, ғұмырының ұзақ болуына септігін тигізбек. Біздің елі­мізде де осындай әрекеттерді байқауға болады. Мәселен, көптеген кино, әдебиет туындыларын ана тілімізге тәржімалау, қазақы ұлттық киім­дері­мізге деген сұраныстың артуы осы сөзіміздің бір дәлелі болмақ», – дейді ол. 

Ал тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаев ұлттық бірегейлікті этни­калық бірегейлікпен шатастырмау керек екенін айтып қалды. «Этникалық бірегейлік – жалпы қазақ шеңберіндегі бірегейлік. Ұлттық бірегейлік деге­німіз – мемлекеттік деңгейдегі ауқымды ұғым. Бұл ұғымның төңірегіне елімізде қанша ұлттар өмір сүрсе де, барлығы соның ішіне кіреді деген сөз. Этни­калық бірегейлікте бір атадан тараған­дығымен, әдет-ғұрыптарымен, тұр­мыстық ұқсастығымен ерекшеленсе, ұлттық бірегейлікте мемлекетіміздегі барлық этнос өкілдерінің бір мем­лекеттік тілде сөйлеуімен, сол елдің ұлттық құндылықтарын сыйлауымен, бір мақсат, бір мүдде жолында әрекет етуімен ерекшеленбек. Бүгінде бұл бірегейліктер дұрыс сақталып отыр­мағанымен, алдағы уақытта тиісті дәрежеде сақталуы керек болады. Осы­лай бірегейлік бірнеше сатылы болады. Мен атаған осы екі біре­гей­ліктің де өзіндік проблемалары бар. Мәселен, этникалық бірегейлікте рулық біре­гейліктің төңірегіндегі архетип дү­ниелер әлі күнге өмір сүріп келеді», – дейді ғалым. 

«Абай жолы – ұлттық бірегейлігіміздің айнасы болды»

Мәдениеттанушы Бердалы Оспан түсінігіндегі ұлттық бірегейлік ұғымы адамның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, ішкі мәдениетінен басталмақ. Яғни, ата-бабаларынан қанмен келген қасиет. Оның айтуынша, белгілі бір ұлттың бір дүниені жақын тартуы, соған жанының ашуы, сүюі, соның дамуына мүдделі болуы осы ұлттық бірегейліктің анық­тамасына сай келмек. 

«Біздің қанымызда бұрыннан келе жатқан көптеген дерекқорлар сақ­талған. Яғни, тегімізден тартқан белгілі бір қасиеттер, ерекшеліктер. Мәселен, сонау сақ дәуіріндегі ою-өрнектер, тұрмыстық құралдар, өнер туындылары біздің жанымызға сондай жақын, сон­дай аяулы. Яғни, рухани болмысы­мыздың бір бөлшегі. Ал бөтен бір халық­тарға ол дүниелер жай ғана бір өнер туындысы, жай бір көне ескерткіш ретінде көрінуі ықтимал. Өнер туын­дылары өте көп. Бірақ біз барлығын жанымызға жақын тарта бермейміз ғой?! Барлық әндерге жүрегіміз селт ете бермейді. Ал өзіміздің ұлттық дүние­танымымызға сай дүниелерді жанымыз елжіреп қабылдайды. Яғни, біздің ұлттық бірегейлігіміз сонда деген сөз. Осы ұлттық бірегейлігімізді нығайту барысында 20-шы ғасырда көптеген еңбектер, ауқымды жұмыстар атқа­рылды. Ауыз әдебиеті керемет дамыған ұлт екеніміз рас. Бірақ Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын жаз­ған кезінде қазақ өзінің ұлттық айнасын романнан көре білді және ұлттық бірегейлік үлкен деңгейге көтерілді. Сол кезде Күләш Бай­сейі­това, Шара Жиенқұлова, Құрманбек Жандарбеков, Жұмат Шанин сынды өнер майтал­мандары өз салаларында көптеген еңбек сіңірді. Бұл кино саласында да жақсы көрініс тапты. Бір ғана «Қыз-Жібек» фильмінің өзі неге тұрады?! Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев сынды режиссерлер қарқынды жұмыс істеді. Кезінде Болат Сарыбайұлы көне аспаптарды жинаса, Өзбекәлі Жә­нібековтер би және аспаптар ан­самблін құрды. Әбілхан Қастеев бұл жолда көркемсурет арқылы еңбегін сіңірді. Сонымен қатар дәстүрлі және эстрада әндері де дамыды. Мәселен, «Дос-Мұқасан» тобының жастар арасындағы ықпалы зор болды. Осы­лайша, бір халықты рухани басқа деңгейге көтеріп тастады. Жаңа ғасырда да көптеген жетістіктерге жеткенімізді атап өтпесек болмайды. Осы отыз жылдық егемендік жолда біз жабық қоғамнан ашық қоғамға өттік. Әлем жұртшылығы қазақты тани бастады. Бұған өз ке­зегінде өнерпаздарымыздың, спорт­шыларымыздың әсері мол болды. Бір ғана Димаш Құдайбергеннің өзі біздің ұлттық бірегейлігімізді таныта білді десек болады. Осылайша, әрбір сала маманы өз мамандығы бойынша осы ұлттық бірегейлікті дамытуға мүд­делі болуы керек», – дейді. 

Бердалы Оспанның өзі «Сақтардан қазақтарға дейін» деген кітап жаздым, қазақтың 156 салты туралы 156 мақала жазған. «Бұл да соған қосқан үлесімнің бір бөлшегі деп қарауға болады. Антрополог Оразақ Смағұл ағамыз қазақтың 5 мың жылдық тарихы бар екенін ғылыми түрде дәлелдеп берген жоқ па? Енді кезіндегі гректердің және өзге халықтардың жазбаларын оқып отырсаңыз, біздің халқымыз туралы көптеген қызықты деректерге қаны­ғасыз. Мәселен, Лукян деген ғалым «сақтар балаларына мыс тақтаға өз­дерінің заңдарын жазып оқытады» деген жазба қалдырыпты. Яғни, ертеден бастап заң жүйесі болған, ағарту жұмыстары жүргізілген деген сөз. Сонымен қатар «сақтар үйлерінің дуалдарына батырлардың суретін салған» дейді. Яғни, бейнелеу өнері мен қолөнер ертеден дамыған, мәдениеті жақсы қалыптасқан. Демек, біздің мемлекеттігіміз сол ертеден қалып­тасқан деп айтуымызға болады. Жалпы, ұлттық бірегейлікті дамыту – ұлттық идеологияға негізделеді. Бұл тұрғыда мемлекет осы ұлттық идеологияға аса мән беріп, бұл жолда көптеген жұ­мыстар атқару қажет деп білемін», – дейді ол. 

Жапондардан не үйренеміз?

Кезінде Алаш зиялылары ұлт бо­лашағын болжауда жапондық үлгіні негізге алғаны баршаға мәлім. Сон­дықтан да «жапон тыңшылары» деген жала арқалады. Бүгінде Жапон мем­лекеті робот, кеме, машина және технология жасау бойынша әлемдік көшбасшы мемлекет екені белгілі. Ұлттық идеологиясы да жолға қо­йылған. Жапондықтар үшін баба­ла­рынан қалған күріш шаруашылығы экономикасын дамытуда тиімді бол­маса да, ел үкіметі мәдениетінің діңгегі саналатын күріш шаруашылығын мемлекеттік тұрғыда қаржыландырады. Ұлттық бірегейліктің бір сатысы – шаруашылық екені мәлім. Әр елдің өзіне тән шаруашығы, дәстүрлі тұрмыстық ерекшелігі бар. Мәселен, Италияның пиццасы, француздың әтірі дегендей. Бұл тұрғыда жапон халқы әлемдегі ең ірі брэндтердің жапондық баламасын ұсынатыны таңғалдырады. Тіпті, мәдениетте де «жапондық жол» жолға қойылған. Мә­селен, бір ғана анимациялық фильм – анимелерінің өзі әлемдегі жастарды бірден баурап алды. Осынау аниме индустриясы қатты дамып, Оскар сыйлығын да талай иемденді. Анимедегі кейіпкерлерге ұқсас киінген, сәнденген ұрпақты кез келген елден кездестіруге болады. 

Сонымен қатар жапон халқы бала­ларына алғашқы білім беруде ұлттың мәдени құндылықтарын, тілін мең­гертуден бастайды. Рухани-адам­гершілікке тәрбие міндеттерін жүзеге асыру ұлттық мәдениетті сақтаудың ең маңызды шарты – қоғамның рухани қауіпсіздігінің басты алғышарты ре­тінде қарастырылады, өйткені тек «мәдени мұра» – бұл халықтың ұлы­лығы мен тәуелсіздігінің кепілі. Жапо­ния әлі күнге әлемнің үшінші эконо­микасы дәрежесіне тек техно­­ло­гиясымен ғана жеткен жоқ. Бұл жолда ұлттық бірегейлігінің маңызы зор екенін атап өтпеске болмас. 

 

ТҮЙІН:

Ұлттық бірегейлікте Еуропаның Фран­ция, Германия, Англия секілді дамыған елдерінің өзі барынша сақ. Олар қазіргі деңгейіне саяси-экономикалық құрылымды әлемнің озық үлгілерін талғаммен қа­былдай отырып, сабырмен модер­ни­зациялау арқылы жетті және сол жетілу жолында ұлттық мемлекет прин­ципін бірінші кезекке қойды. Францияның ұлттық идеясынан Шарль де Гольдің: «Франция, егер француз алғашқы қатарда тұрса ғана нағыз Франция бола­ды» дегені өте ойланарлық сөз. Ұлттық бірегейлік қалыптасу дәуірінен соң адамзаттық сәйкестік басталмақ. Ал Батыс пен Шығыстың ойшылдары болса, же­келеген ұлттардың сәйкестігі адам­заттық сәйкестікке бастайтынын дә­лел­деуден жаңылған емес. Осындай байламдардың ішінде С.Хантинг­тонның («Өркениеттер қақтығысы») ойы оқшау тұр. Ол ұлттық сәйкестік қанатын кеңге жая келе адамзаттық біркелкі өркениеттің құрылуына әкеледі, жаңа адам, әлем адамы жасалады дейді де, оған «хомоглобалис» деп ат қояды. Яғни, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру – баршаға ортақ міндет болмақ. 

Наурызбек САРША