Қыстың көзі қырауда мұз­дай суға шомылатын адамдар көбейіп келеді. Бұл көрініс қазір жұрт көзіне жат емес. Тіпті, қытымыр қыстың суы­ғында теңізге шомылу үрдісі спорттың бір түріне айналғандай. Бірақ саламатты өмір дағ­дысын қалыптастыру ниеті бар адамның барлығына спорттың бұл түрі денсаулық кепілі бола алмайды.
«Морж» болу оңай дейсің бе, қарағым?!
870
оқылды

Мұздай суға шомылған дұрыс-ақ. Тек ережесін ескерген жағдайда. Шетелдік кинодан немесе әлдебір жаңалықтан естіп, таңғалдырған қысқы шомылушылар елімізде де жетерлік. Суық маусымда судан саулық іздеген адамдардың ағзасында қандай өзгерістер болатынын білгіміз келіп, қыста теңізге түсуді тұрақты дағдыға ай­налдырған «морждармен» әңгіме­лесіп көрдік. Қыс қылышын сүйреп келе салысымен-ақ суық суға сүңгуге сай тұратын шымкенттік Дастан Абайұлы қыста шомылуды төрт жылдан бері әдетке айналды­рыпты. Айтуынша, төменгі ауа температурасында шомылу арқылы тұмау мен суық тиюдің не екенін ұмытқан. 

«Спортпен шұғылданып жүр­геніме көп уақыт болды. Қыс мез­гілінде мұздай суға шомылуды дос­тарымның ұсынысымен бас­тадым. Шымкенттегі Қошқарата өзенінің суы емдік қасиетке бай дегенді бұрыннан естуші едік. Қыста да түсіп көргіміз келді. Суға түсерден бұрын денені судың тем­пе­ратурасымен теңестіріп аламыз, жүгіріп, денені жаттықтырамыз, қар болса денені түгел қармен ысқылаймыз. Судан шыққан соң дене қызып, жылына бастайды. Көңіл күйім жақсарып, сергіп қаламын. Бұл қадамға алғаш рет барып отырған соң мамандардың кеңесіне жүгіну керек. Себебі оған психологиялық дайындық пен қоса, ішкі организм де дайын болуы керек», – дейді Д.Абайұлы. Ол сарышұнақ аязда суық суда шомылу денені шынықтырып қана қоймай, сананы да сергітетінін айтады.

Ал қыста суға шо­мы­луды енді ғана бастаған ақтаулық Ернат Дүйсенов алған әсерінің керемет екенін жасырмады. Күз айынан бастап шомылуды жоспар­лап, психологиялық дайындықтан өтіп жүр екен. «Каспий теңізі жаға­лауында бірнеше шақырымды жүгіріп, артынан суға күмп ете түсу қорқынышты болып көрінгенімен, ғаламат энергия сыйлайды. Әлеу­меттік желіде осылай суға түсіп жүрген жасы үлкен аталарды да көрдім. Қызығушылығым сол кез­де оянды. Өзім мұздай суға түсер алдында санада ұстау керек ереже­лер­мен таныса бастадым. Бел буып, міне биыл алғаш рет қыстың қара суығынан қорықпай, теңіз суына бір сүңгіп алып, ерекше әсерге бөленіп отырмын». Енді Ернат та өзгелердің жүрегі дауала­маған спортпен айналысуды әдетке айналдырмақшы.

Ауырып ем іздегенше, ауырмау­дың жолын өзен суы­нан іздейтін­дер денесін шынық­тырып жүр. Осы тұста тәжірибелі «морждар­дың» кеңесіне құлақ түріп, ойын білдік. Олар мұздай сумен ойнауға болмайтынын ескертеді. Семей қаласы «Үржар» спорт клубының басшысы Арман Сыдық:

«Мұзды су – бұл ерекше эле­мент. Сіз онымен қарым-қатынас жасай білуіңіз керек. Әдетте шо­мылуға арналған белгілі терең­діктегі шұңқырларды таңдаған жөн. Есте сақтайтын жағдай, әлсіз болған кезде мұздай суға шомылу қауіпті. Суға түсер алдында ере­желер мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек, денсаулы­ғыңыз­ды алдын ала тексерткен соң осы әрекетке баруы қажет. Бұл жазғы шомылуға да ұқсамайды, онымен шатастырмаған абзал. Менің ойымша, денеде физикалық артықшылықтар болуы мүмкін. Дегенмен денсаулыққа пайдалы екен деп «өзім білемге» салынудың еш қажеті жоқ. Аязды күні салқын суға алғаш бастап отырғандар ма­мандар мен төтенше жағдай қыз­меткерлерінің бақылауымен шо­мыл­ған дұрыс», – деп сақтық ша­раларын қатаң сақтауды ескертеді.

Спорттың барлық түрі ден­сау­лық кепілі болмайтынын айттық. Қыс маусымында шомылудың спорт түріне айналуы адам­дар­дың қызығушылығын да арт­тырып отыр. Бірақ қыста шо­мылуына тыйым салынған адамдар да бар. Олар не себепті шомылуға болмай­тынын біле ме екен? Бұл сұраққа Мақаншы ғы­лыми-зерт­теу инс­титутының тер­миялық зақым­дану бөлімінің маманы Индира Ос­панова жауап берді:

– Қыс айларында далада мұз­дай суда шомылу кезінде қан тамырлар күрт тарылады да, жүрек бұлшықетіне жүктеме артып, қан қысымы көтеріледі. Осы себепті жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар «морж» болу үшін ұзақ уақыт дайындалуы керек. Егер дайын емес адамды суға түсірсе, ең қорқынышты нәрсе – жүректің рефлекторлық тоқтауы. Тері үлкен рефлексогендік аймақ болып есеп­теледі және температураның күрт өзгеруі осындай қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар тыныс алудың, қан айналымының бұзылуы, яғни гипертониялық дағдарыс немесе керісінше, қысым­ның төмендеуі де ықтимал. Суық суға түсудің пайдасы көп екенін жоққа шығара алмаймын. Мысалы, терісі мінсіз, бетінде әжім болмай­ды. Әрі инсульт, инфаркт алған адамдар үшін таптырмас ем-дом шараларының бірі шығар. Десе де, мұздай су созылмалы аурулардан құлан-таза арылуға көмектеспейді. Шомылу арқылы ағзаны шынық­тырып, иммунитетті күшейтуге болады, бірақ одан артық ештеңе күтпеңіз», – дейді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, «мор­ж­дарда» адреналин бөлінуі күшейіп, жүрек қағысы жиілей түседі. Әсе­рінен терморегуляцияның барлық тетігі қарқынды жұмыс істей бас­тайды да, қан тамырлары жатты­ғады. Бірден мұздай суға түсу организмге күйзеліс әкеледі. Бірақ ол қысқа мерзімді процедура бол­ғандықтан, денсаулыққа аса қатты зиян емес екенін де тілге тиек етті. Сонымен қатар дәрігер қысқы шо­мылуды жаңадан бастап көретіндер үшін бірқатар кеңесін айтты. «Алдымен денені суық сумен ыс­қылап, тамағыңызды салқын сумен шайыңыз. Далаға шықпас бұрын ваннада үстіңізге суық су құйынып бастаңыз. Яғни, жүйелі түрде және психологиялық тұрғыдан дайын болып қана шомылу керек», – деді ол.

Халық арасында суық мезгілде мұздай суда шомылатындарды «морж» деп атап кеткен. Шын мә­нінде, кімдерді «морж» деп атай­мыз? Еліміздің барлық өңірінде қыс бірдей аязды бола бермейтіні мәлім. Мұз жамылғысы қалың болатын аймақ та бар. Бетіне мұз қатып, ойық мұз арқылы тереңге сүңгитіндерді ғана «морж» дейміз. Бірақ екінің бірі айналыса бер­мейтін спортшыларды халық қалай айтса да, қалт айтпайды.

Жылдағы дәстүрінен жаңыл­мағандар мен медицина маман­дарының сөзіне сенсек, «үсті басы ақ қырау» мезгілде мұздай суда шомылудың денсаулыққа тигізер пайдасы зор екеніне күмән кел­тірмейміз. Пайдасын ойлап, бірден суға қарап бас салудың соңы қай­ғылы жағдай екенін өз денсаулы­ғына алаңдайтын әр азамат жадына бекем түюі керек. Қызығы мен сейіл-серуені бар қысқы мезгілде спортшылар ғана емес, әуесқойлар да ұнатып,  шомылады. Қысқасы, қай мезгілде шомылу алаңына барсаңыз да, алдымен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыз. Адам ағзасы әртүрлі, сондықтан қандай да спортпен айналысуды баста­саңыз да бірінші дәрігер бақы­лауынан өткеніңіз абзал. Әңгіме денсаулық турасында болған­дықтан, «су сенің досың және дұшпаның» дегенді әсте естен шығармаңыз. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ