Парламент Мәжілісі Эколо­гия мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төра­ғасы Еділ Жаңбыршин 20 жел­тоқсандағы жалпы отыры­ста қаралған Жоғары ауди­тор­лық палата төрағасының «Жеке­леген аудиторлық іс-шаралар­дың қорытындылары бойынша су ре­сурстарының басқарылу тиім­ділігін талдау» атты есебі бойынша баяндама әзір­леген еді. Депутат өз баян­дама­сында өзек­ті мәселелерді қозғады.
Су – ырыстың көзі
фото: Жаслан ЖҰМАБЕКОВ
1,087
оқылды

Жасыратыны жоқ, су мәселесі – еліміздің ең әлсіз тұсы. Өйткені біз трансшекаралық су ресурста­рына өте тәуелді, әрі шөлейтті мем­лекетпіз.

Сарапшылардың бағалауы бо­йынша Қазақстан жылына табиғат­тан 25 миллиард текше метр су ре­сурстарын алады. Оның 21 мил­лиар­ды тұтынуға кетсе, қалған 4 мил­­­лиард су шығынданып, далаға ке­тіп жатыр. Өкініштісі, соңғы жыл­­­дары су шығындары – 48 па­йыз­ға өскен. Бұл өте қауіпті жағдай.

Бұл жөнінде Мемлекет бас­шысы: «2040 жылдарға қарай Қа­зақстандағы су тапшылығы 15 мил­лиард текше метрге жетуі мүм­кін» – деп айтты. Аталған дефицит­тік цифра қазір елімізде алынатын су қорының 60 пайызын құрап отыр. Болашақта осы су тап­шылығы болса, 17 жылдан кейін еліміздің көп өңірлері сусыз қалуы әбден мүмкін. Эколог-ғалым ретінде па­йымым, Мемлекет басшысы осы бастан бекерден-бекер су де­фицитін қауіп етіп отыр­ған жоқ. Жағдай қазірдің өзінде мәз емес.

Осы ретте, су мәселесі бойынша біраз жүйелі проблемаға тоқталып өтуді жөн көрдім.

Бірінші. Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі 20 жылдан бері толық шешілер емес. Біз әртүрлі бағдарламаны қабылдауды қатырамыз. Мәселен, 2002-2010 жылдары «Ауыз Су», 2011-2020 жылдары «Ақ Бұлақ», ал 2020-2025 жылдарға ар­налған «Өңірлерді дамыту» және «Нұрлы Жол» сияқты 5 бағдар­ламаға бюджеттен 1,5 трлн теңгені нақты бөлдік. Дегенмен әлі күнге дейін 51 пайыз ауыл таза ауызсуына қол жеткізе алмаса, 36 пайыз ауылда орталықтандырылған су жүйелері жоқ. 21 ғасырда, қыстың күні қы­рауда қол арбамен, бидонмен су тасыған ауыл тұрғындары жетерлік.

Екінші. Негізгі, су ресурстарын тұтынушы сала – бұл ауылшаруа­шы­лығы. Агроөндірістік кешен­дердегі судың шығыны 40 пайызға жетіп отыр. Оған себеп, 30 жылдан бері ирригациялық каналдардың әбден тозуы, иесіз қалуы, уақтылы жөн­делмеуі.

Келесі мәселе, бұл салада су үнемдеуші технологияларды пай­далану деңгейінің өте төмендігі. Бізде тамшылатып суаратын әдістер жоқтың қасы. Игерілетін жерлердің тек 14 пайызында ғана су үнемдеу технологиялары қолда­нылады. Мысалы, құнарлы жері жоқ, тас пен құмның үстінде агроөндірісті дамытып отырған Израиль, суды үнемдеу тәсілдерінің арқасында 1 гектар жерге небәрі 6 метр куб су пайдаланады. Біз сондай жерге екі еседей су шығын­даймыз.

Үшінші. Алдағы бес жылдықта еліміздің ішкі жалпы өнімін екі есеге өсіруді жоспарлап отырмыз. Ол үшін өндіріс дамуы керек. Ал өндірістің ең негізгі ресурсының бірі – бұл су. Қазір кәсіпорындар су ресурстарымыздың 28 пайызын тұтынса, алдағы 5 жылда бұл цифра кемі 1,5 – 2 есеге өсетіні анық.Сон­дықтан, өндірісте суды қайта пай­далану мәселесін заңмен шеге­леп, міндеттеу керек. Өйткені, өндірістік кәсіпорындардың тек 30 пайызы ғана суды қайта пайдала­нып отыр. Бір ғана мысал, кө­ліктерді жууа­тын нысандар суды қайта пай­далануды жолға қой­маған. Ал олардың көбі ауызсумен көлік жуады. Қаншама су ысырап болып жатыр.

Төртінші. Еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге шешімін табар емес. Құдай­дың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Тасқын, ерінді қар, жауын-шашын сулары да Жаратушының бізге берген сыйы. Мұның бәрін ішкі су қорымыз деп қабылдауымыз қажет. Мәселен, Қытай, Аргентина, Бразилия, Араб пен Таяу Шығыс елдерінің көбінде әрбір жауын-шашынның там­шысын мүмкінді­гінше ішуге де, өндіріске де пай­даланады. Мы­салы, Германияның Франкфурт аэропорты жауын суын пайдалану жүйесі арқылы жылына бір миллион куб суды үнемдейді. Біз Астанамыздың еріген қар суын, тіпті пайдаланбаймыз.

Бұдан басқа, кәріз, ағынды лас суларды да әлемнің көптеген Син­гапур сияқты елі 100 пайыз қайта өңдеп, тіпті ауызсуға пайдаланады.Ал бізде суды қайта пайдалану небәрі 2,5 пайыз. 

Бесінші. Қазақстанның су қор­ларының бірі – жер асты сулары. Қолымыздағы бар деректерге сүйен­сек, тұщы су қорымыз 43 млрд текше метр. Бірақ бұл мәлімет Кеңес Одағынан кейін қайта актуализациядан толық өткен жоқ. Яғни, жер асты суларын қайта зерт­теп, бағалап, нақты қорын анықтау мемлекет үшін аса маңызды.

Бұдан басқа, жаңа әріптестерім депутаттар Садықов және Абден айтып кетті, өңірлерде жер асты суларының зияндануы мен оны үнемсіз пайдалануы орын алып отыр. Жер асты су қорын – мұнай, газ, уран сияқты еліміздің страте­гиялық қоры деп есептеуіміз қажет. Оны қорғау, үнемдеу аса маңызды міндет!

Жер асты суларын басқаруда да кемшіліктер бар. Бұл маңызды ресурстарды басқаруды жүйелі іске асыру үшін, жер асты суларын басқару компетенциясын жаңа құрылған Су министрлігіне берген дұрыс болар еді. Бұл жөнінде жаңа Су министрі Нұржан Молдиярұлы да өзі позициясын айтты.

Тағы бір күрделі мәселе – Каспий теңізінің тартылуы. Кейбір жағалаулар 3-4 километр кетіп қалды. Жайықтың теңізге құятын жері 30-40 сантиметр болып қалған. Ертең теңіз порт­тарымыздың жағ­дайы қандай болмақ. Бізге көрші мемлекет­термен бірлесіп, кешенді зерт­теулер жүргізіп, оның нақты се­бептерін анықтау қажет. Кас­пийді жоғалтсақ, елдің әлеу­меттік эко­номикасы былай тұрсын, ол Арал теңізінің тағдырын қай­талап, планетарлық масштабтағы эколо­гия­лық катастрофаға алып келетіні айтпаса да түсінікті.

Алтыншы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшы­лығын шешу үшін арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырым­дық каналды жаңғыртуды тап­сырды.Бірақ бүгінгі Үкіметтің сал­ғырт, әрі баяу қимылынан жа­қын арада Қазақстандағы су тап­шылығы мәселесі шешімін толық таппай­тын­дай көрінеді.

Қорыта келе, еліміздегі саяси реформалардың нәтижесінде, Жо­ғарғы аудиторлық палата жылына екі рет Мәжіліске есеп беруге тиіс. Бұл – Ата Заңымызбен бекітілген норма. 

Жоғары аудиторлық палатаның негізгі функцияларының бірі – бюд­жет қаржысын тиімді жұм­салуына мемлекеттік аудит жүргізу.Сондықтан болашақта әрбір есептеріңіз қаралып отырған проб­леманы жан-жақты, ауқымды, терең зерделеп, жалпымемлекеттік деңгейде қарастырылуы қажет. Өйткені сіздер Заң шығарушы билік – Парламенттің мінберіне келіп отырсыздар. 

Ал Үкімет, ең бірінші кезекте суды үнемдеу идеологиясын Пре­зидент айтқандай, ұлттық идеяға айналдыруды қолға алуы тиіс. Ол үшін барлық потенциалымызды қолдану маңызды. Суды үнем­дейтін технология өте баяу ен­гізіліп жатыр. Тасбақа аяң десекте болады.

Бағана депутат-әріптестерімнің тарапынан көтерілген кадр мәсе­лесі, ауызсумен қамтамасыз ету, суды үнемдеу, трансшекаралық су дипломатиясы, әділ су тарифі, суды қайта пайдалану, жалпыса­лалық цифровизация, жер асты суларын дұрыс пайдалану сияқты мәселелермен жан-жақты, жүйелі түрде айналысу қажет. Дана хал­қымыз айтқандай: «Судың да, сұрауы бар!».