Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, елімізде 2023 жылдың басынан бері туризм саласын қолдаудың әртүрлі шарасына мақұлданған өтінімдердің жалпы сомасы 760 миллион теңге екен.
Турбизнесті субсидиялау көлемі ұлғайды
796
оқылды

Былтыр қолдау шараларының жалпы сомасының көрсеткіші 104,4 миллион теңге болатын. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 7 есе көп. Мемлекет шетелдік туристер үшін туроператорлардың шығынын субсидиялап келеді. Оған берілетін субсидия көлемі әр шетелдік туристке 15 мың теңге болды. Биыл 3600 шетелдік турист үшін жалпы сомасы 54 миллион теңгенің өтінімі мақұлданса, былтыр 421 шетелдік турист үшін 6,3 миллион теңгені құраған. Бұл көрсеткіштерден бір жылда субсидия көлемінің 8 есе өскенін көре аламыз.

Мемлекеттік қолдау шараларының бірі – Kids go Free бағдарламасы табысты жүзеге асып жатыр. 2023 жылы 13 туристік компания аталған бағдарлама бойынша 920 турды жүзеге асырды. Сатылған турлардың жалпы құны – 458 миллион теңге. Бұл  балалар әуе билеттерінің құнын қоспағандағы көрсеткіш. Екі мыңға жуық бала үшін жалпы сомасы 89,4 млн теңгені құрайтын 920 өтінім мақұлданды. Осыншама бала ел ішінде тегін ұшты. 2022 жылы бұл бағдарлама аясында 1,5 мың бала тегін ұшып, мемлекет 76,2 миллион теңге субсидиялаған болатын.

Kids go Free бағдарламасы аясында қазақстандықтардың көп саяхаттаған бағыттары Алакөл, Алматы және Маңғыстау. Бағдарламаны кеңейту мақсатында тарихи-мәдени орындарға танымдық турлар, өңірлердегі қолөнер шеберлерімен шеберлік сабақтар және жоғары сынып оқушыларына топтық турлар, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту үшін балалар мен олардың бапкерлеріне сапарлар ұйымдастыру ұсынылады.

Тау-шаңғы курорттары үшін сатып алынған құрал-жабдықтар мен техникалар құнының 25 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. Былтыр ешқандай өтінім түспесе де, биыл 2,8 миллион теңгені құрайтын екі өтінім мақұлданды. Бұл да тау-шаңғы туризмін дамытуға оң ықпал етпек.

Биыл туристік автобустар алу шығындарын өтеу сомасы да айтарлықтай өскен. Елімізде кемінде сегіз адамдық туристерге арналған көліктер құнының 25 пайызын мемлекет есебінен өтейді. Былтыр 10,6 млн теңге сомасында екі өтінім ғана мақұлданса, биыл құны 50 млн теңге болатын алты өтінім мақұлданды. Бұл былтырғымен салыстырғанда бес есе көп.

Қазақстанда жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының құрылысына кеткен шығынның 10 пайызы өтеледі. Былтыр мұндай бірде-бір өтінім келіп түспеген. Ал 2023 жылы жергілікті атқарушы органдар жалпы сомасы 355 млн теңгені құрайтын 10 өтінімді мақұлдады.

Жол бойындағы дәретханаларды ұстап тұруға берілетін ай сайынғы субсидия көлемі 83 300 мың теңгені құрайды. Биыл санитарлық бекеттер саны 4 есеге артқан. Биыл мұндай 86 өтінім мақұлданса, 2022 жылы 20 нысанды құраған болатын.

Сондай-ақ, туристік нысандар құрылысы мен қайта құру шығындарының 10 пайызы өтеледі. Былтыр республикалық бюджеттен бір ғана өтінім мақұлданса, биыл 11 өтінім мақұлданған. Оның жалпы сомасы 181,6 млн теңге.

Қазақстанда 2029 жылға қарай ішкі туристер санын 11 млн адамға, ал шетелдік туристер санын 4 млн адамға жеткізу жоспарланған. Бұл көрсеткішке жету үшін туризм индустриясын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жалғасын таба береді.