Осыдан біраз бұрын Жетісу облысының Жаркент аймағындағы жүгері өсіретін диқандардың жанайқайын жарияладық.
Жүгерінің жартысы қар астында қалды
1,399
оқылды

Онда жүгері дәнін басты қабылдаушы –жергілікті «Жаркент крахмал-сірне» зауыты дәнді тым арзанға бағалап отырғанын, басқа аймақтардағы қа­был­даушылардың да кежегелері кері тартып, биыл жүгерінің қабылдау бағасы төмендеп тұрғанын жаздық. 

Соның кесірінен диқандардың біразы жайқалған жүгеріні алқаптарда қалдырып, орақ салмай отырғаны да айтылды. Өйткені ақыр соңында болымсыз бағаға өткізіліп кетуі мүмкін алтын дәнді алқаптан жинап алу шығынын айтпағанда, оны сақтап, кептіретін орындар да жетіспейтіндігі белгілі болған. Жаркент аймағындағы жағдай осындай болып тұрғанда, облыстың басқа аудандарындағы ахуал тіптен күрделеніп кеткен екен. Бұл өңірлерде жүгерінің дені сол бойы орылмай, қар астында қалыпты. Осыдан біраз бұрын аудандарды аралағанда бұған көзіміз жетті. Жалпы, биыл Алматы және Жетісу облыстары бойынша егілген жүгері алқаптарының аумағы 90 мың гектарға жуықтаса, соның тең жарымы орылмай, жиналғаны болса өткізілмей, қырмандарда қар басып жатыр. Ал қос облыстың басшылары Астанада есеп бергенде дәнді дақылдар жинау қорытындысына сәйкес, еліміз бойынша алғашқы бестіктен көрінетіндерін айтып айды аспанға шығарды.

Өткен жылдары отандық қайта өңдеушілер жүгері дәнінің қабылдау бағасын тоннасына 100-120 теңгеден тұрақты түрде ұстап тұрды. Ал басқа дақылдардың құны жыл сайын құбылып, шаруаларды әуре-сарсаңға салғанын көрдік. Қалай болғанда да, еңбек адамдары бірінші кезекте айналасына қарап, алдағы жоспарын түзеді. Өткен күзде пайдалы болған дақылды таңдайды. Қазіргі кезде оларға нарықта қалыптасар жағдайды саралап, алдағы жылдарды болжап барып, ақыл-кеңестер беру жағы кемшін. Өндіріс пен ғылыми-зерттеу, сараптау-болжау, жоспарлау органдары арасында байланыс мүлде жоқ. «Ортақ өгізден оңаша бұзауды» артық көретіндер өз білгендерімен қарекет етуде.

Фермерлердің айтуларынша, биыл өнім мол. Ал оны сақтап, кептіріп, өкізуде проблема шаш етектен. Қоймалар, кеп­тіргіштер, вагондар жетіспейді. Жүге­рішілердің жағдайдың тым күрделі екенін айтып, дабыл қаққанына бірнеше ай болған. Ауданнан түк шықпаған соң облысты мазалап, мұнан қайыр болмағаннан кейін Үкіметке, министрлікке дейін өтініштер жазылып, жеделхаттар жөнелтілген. Барлық сатыдан жаттанды жауаптар келген де, тынышталған. Соның салдарынан екі облыста тонналаған жүгері алқаптар мен қырмандарда шіріп жатыр. Осылайша, биыл майбұршақ пен бидайдың орнына жүгеріні таңдағандар жер сипап қалатын сыңайлы. 

– Біз егіп болғаннан кейін облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына барлық қажетті цифрды тапсырамыз. Облыстағы­лар мен министрліктегілер Алматы және Жетісу облыстары бойынша 90 мың гектарға жуық жүгері егілгенін жақсы білді. Әр гектарынан 10 тоннадан алғанның өзінде 900 мың тонна өнім жиналатынын мектеп оқушысы да есептей алады. Осылардың барлығын алдын ала жүйелеп, қаттап-шоттап, қырмандарды, қоймаларды, тасы­малдайтын вагондарды, қабылдайтын қайта өңдеу орындарын сақадай-сай қылып қоюға болатын еді ғой... Былтырлары «Жаркент крахмал-сірне» зауыты мен «АзияАгорФуд» ЖШС-не өткізіп келдік. Биыл екі кәсіпорын да қоймаларын қажетті өніммен ерте толтырып алды да, қабылдауды тоқтатты. Өнімді өткізу де оңай емес. Оны кептіру керек. Содан кейін барып құс және мал өсірушілерге сатуға болады. Бірақ кеп­тіргіштер жетіспейді. Кейбір кәсіп­орындар 1 000 тонна дәнді кептіруге 13-15 миллион теңге сұрайды. Қазіргі кезде шығынымыз басымыздан асып кетті. Күзде жа­бамыз деген несиелер де жан-жақтан қысып барады, – дейді Іле ауданын­дағы шаруа қожалық­тарының бірінің жетекшісі Ербол Қожахметов. 

Қос облыс бойынша жасалған болжамға сәйкес, 90 мың гектардың 40 пайызға жуығы далада қалып, шаруалар шарасыз­дықтан не істерін білмей отыр. 

Жоғарыда айтылғандай, екі облыстың жүгерішілері жағдайды айтып, Премьер-Министрге, Пре­зидент аппаратына дейін шығыпты. Іле-шала Парламент Сенатының депутаттары келіп кеткен. Диқандар тіпті болмаса, ҚТЖ арқылы вагондар бөлінсе, оларды жүгері дәнімен толтырып, тұйықтарға қойып, ал бос қоймаларға ылғалы жоғарылау болып тұрған дәнді қабылдап, кептіріп, сақтау жөнінде ұсыныс білдірген. Алайда бұл ұсыныстың соңы да сиырқұй­мышаққа салынып кеткен.

Аграршылар дәл қазіргі әлемдік нарық аласұрып, климат «тосын­сыйлар» тарту етіп жатқан шақта қолда тұрған мол өнімнің қадірін білмей, қар астында қалдыру қастандықпен бірдей деп есептейді. Отандық фермерлер жемнің бағасы аспандап барады деп дабыл қағуда. Жүгері биыл фермерлерден Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы сатып алынатын дақылдар қатарына енбепті. Ондағылар: «Біз Үкіметтің өкімімен жұмыс істейміз және өз бетімізбен сатып алу үшін жеке қаражатымыз жоқ» деп түсіндіреді, барлығын жоғарыға сілтеп. Министрлік болса, Жаркенттегі және Көксу ауданындағы кәсіпорын­дардың қоймалары толып кеткенін, кептіргіштердің дұрыс жұмыс істемейтінін және ҚТЖ тарапынан нақты көмек болмай тұрғанын айтады. Ал сатып алу бағасының төмендеп кетуін Ресейден жеткізушілердің нарықтан төмен экспорттық баға ұсыну арқылы Орталық Азиядағы бұған дейін Қазақстан жүгерісін алып келгендерді өздеріне бұрып әкеткен­дігімен түсіндіреді. Қазіргі кезде ресейлік қайта өңдеушілердің бағасы келісіне 50 теңге мөлшерінде. Сонымен бірге сырттан тасымал­данатын жүгері дәні де шамадан тыс артып кеткен. Сондықтан екі облыстың ауыл шаруа­шылығын­дағы­лар мәселені шешуді майшаммен қарап, Солтүстік Қазақ­стан, Ақмола облыс­тарындағы сүт-тауарлы ферма­лармен, еліміздегі құс өсірушілер, ет-сүт одақтарымен, шошқа өсіру­шілермен келіссөздер жүргізуде. Бі­рақ қолдарын мезгілінен кеш сер­меген сияқты.

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы