Өрт – тілсіз жау! Жанға бататыны – табиғат, ғимарат, дүние-мүлік, автокөліктердің өртенгені өз алдына, қызыл жалынның адам өмірін де жалмап кетіп жататыны. Соның бір азалы мысалы – биыл Семей орманындағы өрт. Одан да өзге жазатайым жағдайлар аз болған жоқ. Жылжабар санда өрт оқиғаларына қысқаша көз жүгіртіп өткен едік.
Өрт өршіген жыл
682
оқылды

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, биыл өрт сөндіру бөлімшелері 10 мыңға жуық өртті сөндірген екен. Оның барысында 8 мыңнан астам адам құтқарылған және эвакуацияланған. Өкініштісі, өрт салдарынан 265 адам жарақат алса, 321 адам қаза тауыпты. Өрт атаулыны табиғи, тұрмыстық және техногендік деп бөлсек, қай-қайсысында да қабырғаны қайыстырып кеткен жайт аз емес. Мәселен, өрт қаупі кезеңі басталғалы 810 орман өрті тіркеліп, 116 мың гектар ағашты алқап жанып кеткен. Соның ең бір қайғылысы – 8-10 маусымда «Семей орманы» резерватында болған алапат өрт. 60 мың гектарды шарпыған апат салдарынан 15 адам қаза тапқан болатын. Қаншама шаңырақ қара жамылып, қаншама отбасы жақынынан айырылды. Оқиғаны тікелей қадағалауына алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барып, өртенген орман алқаптарын тікұшақпен шолып,  өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді. Өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстары­мен кездесті. Сол жиында 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жария­ланатынын жеткізді.

«Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан бөлек, биыл табиғи сипатта 58 дала өрті тіркеліпті, оның аумағы 70 мың гектарды құраған. Осындай оқиғаларға жол бермеу мақсатында ТЖМ алдын алу жұмыстарын кең көлемде жүргізіп келеді. Жыл басынан бері азаматтық қорғау, ішкі істер, табиғат қорғау, орман шаруашылығы және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен тұратын топтар орманды және дала аумақтар мен демалыс орындарында 16 мың бірлескен рейд өткізген. Оның қорытындысында ауыл шаруашылығы алқаптарындағы құрғақ шөптерді рұқсатсыз жаққаны, жануын қадағаламағаны, сабан өртегені және өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 2 831 тұлға әкімшілік жауапкер­шілік­ке тартылып, жалпы сомасы 43 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың табиғат қорғау және орман шаруашылығы мекемелері 449 өрт-тактикалық оқу-жаттығуын өткізген. Жалпы тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында өрт қауіпсіздігі талаптары мен өрт кезіндегі әрекеттерді түсіндіру жұмыстары үнемі жүр­гізіліп тұрады. Бірақ осынау профилак­тикалық іс-шараларға қарамастан биылғы жылдың басынан бері тұрғын үй секторында 5 800 өрт болып, 261 адам қаза тапқан, соның ішінде 67 адам көмірқышқыл газынан уланып  көз жұмған екен. Бұл цифрлардың ішінде Алматы қаласындағы хостелде болған өрт оқиғасы да бар. Естеріңізде болса, 30 қарашада шамамен таңғы сағат 5.33-те Әди Шәріпов көшесі 86 мекенжайындағы Almaty Hostel хостелінің жертөлесінен шыққан өрттің салдарынан 13 адам қаза болған еді. Алматы қалалық Полиция департаменті таратқан мәліметке сай, қайтыс болғандардың төртеуі шетелдік. 2 Ресей азаматы және 2 Өзбекстан азаматы. Қалғандары қазақстан­дықтар. Олардың арасында өрімдей жастар да бар. Кейін белгілі болғандай, ғимарат адам тұруға пайдалануға арналмаған. Жалпы, қай оқиғада да сала проблемасы оның зардабынан соң анықталатыны өкінішті. Бұл алдын ала тексеру жүйесінің жоғымен, нақтырақ оған тыйым салынғанына байланысты болып отыр.

Профилактикалық жұмыстар тек төтенше жағдайлар бағыты бойынша жүргізіледі. ТЖМ мамандарының айтуынша, тұрғын үйлердің ішінде өртке осал боп келетіндері – дербес жылыту жүйелері, яки қазандықтары мен пештері бар жер үйлер екен. Соны ескерту мақсатымен төтеншеліктер тұрғын үй алаптарында үй-үйлерді аралап, 1,5 миллионнан астам тұрғын үйді тексеріп, 3 миллионға жуық азаматқа нұсқаулық өткізген. Сондай-ақ республика бойынша жергілікті атқарушы органдардың, жанашыр кәсіпкерлер мен еріктілердің қолдауымен жеке тұрғын үйлерге 26 мыңнан астам табиғи және көмірқышқыл газы мен түтін детекторлары орнатылған.

Қалай болғанда да, апат айтып келмейді. Сол себепті өрт қауіпсіздігі тек  ТЖМ-нің міндеті болып қалмауы тиіс. Жауапкершілік – ортақ міндет. Азаматтар да өз жүрген ортасында өрт қауіпсіздігіне мұқият болғаны жөн. Жаңа жылда өрт оқиғалары аз болғай!  

Нұрлан ҚОСАЙ