Қазақстандық өнертапқыштар өнертабыс әлеміне өзіндік қолтаң­басымен келіп, із қалдырып жатқан жайы бар. Артында «бірақ» деген сөзі тағы бар.
Өнертабыс патентпен шектелмесін...
811
оқылды

Соңғы кездері әлемде өнертабыс иелері көбейіп, ғылымға заманауи жаңалықтар  енгізу жиіледі.  Мұндайдың сан түрін интернет желісінен де біліп, көріп жүрміз. Әлем ғалымдары өркениет өрге басқан сайын жаңалық­тар мен тосын өнертабыс түр­лерінің де саны арта беретінін айтады. Дегенмен өнертабыс иелерінің дені ғалымдардың үлес салмағында  екенінде дау жоқ. Бірақ қарапайым халық арасында жоқтан бар жасап, онысын кәдімгідей кәдеге жаратып жүргендер де жоқ емес. Тек  өзі ғана емес, жасаған туындыларының қызығын  ел көріп, халық арасына кең таралып жататын­дары тағы  бар. Дегенмен көп жағдайда мұндай алтын  қолдардың жұмысының  70 пайызы еленіп-ескерілмей тасада қалып қоя береді екен.  

«Біз орасан зор қарқынмен дамып келе жатқан прогрессивті әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бұл өсу мен прогресс ғылымның, көптеген зерттеуі мен тәжірибенің жемісі. Біз қолданатын барлық дүние, соның ішінде автокөлік, электр қуаты, денсаулық сақтау және ғылымның өзге саласындағы жетістіктер  алдымен өнертапқыштардың  жаңалық­тарының нәтижесі болған деп айтар едім. Егер адамзат ең ұлы ақыл-ой иесі болмаса, біз әлі де орта ғасырлар­дағыдай өмір сүрген болар едік. Адамдар өнертабыстарды көп жағдайда қарапайым, қолдан жасалған деп қабылдайды. Бірақ бәрібір біз қанша қарапайым болса да өнертабыс иелеріне құрмет көрсетуіміз керек», – дейді ғалым, 100-ден аса ғылыми еңбектің, он шақты өнертабыс патентінің  авторы Қайролла Байшағыров. 

Біздің ел де өнертабыс иелерін ынталандыру мен лайықты марапаттар ұсыну мақсатында  Әділет министр­лігінің мұрындық болуымен жыл сайын «Шапағат» деген атпен өнертабыс иелерінің республикалық конкурсы ұйымдас­тырылып келеді.  

Ұлттық зияткерлік меншік инсти­тутының хабарлауынша, байқауға өнер­табыстың қолданылуы туралы жеке тұлғаның өтініші, кәсіпорынның, мекеменің және ұйымның пікірі, жалпы алған патенттері, авторлық куәліктері көрсетілген өтінімді үміткер атынан ғылыми ұйымдар немесе қоғамдық ұйымдар ұсынады. Байқау жеңімпаз­дарын мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдар­дың, кәсіпкер­ліктің, инновациялық қызмет саласындағы даму институт­тарының және қоғамдық ұйымдардың өкіл­дерінен тұратын комиссия төмен­дегідей критерийлер бойынша анық­тайды. Өнертабыстың әлеуметтік маңызы, өнертабысты пайдаланудан экономика­лық тиімділік, экологиялық қауіпсіздік, бәсекеге қабілеттілік, өндіріске енгізу және  технологияларды коммерция­ландыру сыналады екен. Сонымен, жеңімпаздар дипломдармен, ақшалай серти­фикаттар (500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін) қаржылай марапатталады.  

Жыл сайын ұйымдастырылатын «Шапағат» республикалық конкурсы биыл елордада дүркіреп өтті. «Шапа­ғат-2023» деген айдармен өткен байқауға  отандық өнертапқыштар өз жұмысын өткізген. Әділет министрлігі өкілдерінің айтуынша, биыл конкурсқа 200-ден аса өнертапқыш өтініш білдірген. Жеңімпаздар «Жыл өнертабысы», «Өнертапқыш әйел», «Үздік инно­вациялық компания», «Жас өнертап­­қыш» сияқты номинациялар бойынша марапатталды. Үздік өнертабыс иелеріне «Еліміздің еңбек сіңірген өнертап­қышы» құрметті атағы берілді.

Байқау ғылыми жобалар үшін көп­теген мүмкіндікке жол ашып беретіні рас. Үздік деп танылған жобалар өз патенттері мен дипломдары арқылы өзге де әлемдік байқауларға қаты­суға жол­дама болмақ.  Бірақ әлемдік бай­қауға қатысу үшін қаржылық қолбай­лау мен өзге де кедергілер кездесе ке­те­тіні белгілі. 

Тағы бір өкініштісі сол, біздің елде өнертапқыш өзі жасап шығарған  ғажайып дүниесін өндіріске енгізу үшін не өзінде мол қаражаты болуы керек немесе мемле­кеттік гранттық конкурстарға қатысып, соның есебінен жұмысын жалғас­тыруы қажет. Ал мем­ле­кеттік грантқа қатысу үшін ол міндетті түрде еліміздегі ғылыми мекеме­лердің бірінде қызмет етуі қажет. Сөйтіп, екі не үш жақты болып жүрген адамның шығарма­шылықпен айна­лысуға уақыты да қалмайтыны тағы бар. 

Ал елімізде ешкімге алақан жаймай, ешқандай байқауға қатыспай-ақ өзінің өнертабысын өзі жетілдіріп, дамытып, қызығын көріп отырған­дар қаншама? Солардың қатарында шымкенттік жастар тұр. Олар қазірдің өзінде Илон Масктың ізін қуып,  машина жасау ісіне жаңа серпін әкелуде.  Заман талабына сай эко­логия­лық таза, дыбыс­сыз қозғалатын авто­көліктер алғаш рет пайда болған кезде оған қызық­паған жан баласы қалған жоқ. Ең қызығы сол, мұндай көліктің ТМД елдерінде әзірге баламасы жоқ көрінеді. «Біз қазір өзіміздің зерттеп, дәлел­деген контрольер мен қозғалтқыштарды жетілдіріп түрлі маркадағы көліктерге орналастыруды ойластырып жатырмыз. Барлық құжатты реттестіріп, патенттеп алмақ ойымыз бар. Қазір жылы әрі жайлы орталықта жұмыс істеп жатырмыз. Осы күнге дейін барлығы 500 мың АҚШ дол­ларынан астам қаражат жұмса­дық. Арманымыз – қазақстандық үлгідегі көлік жасап шығару. Бұл мүмкіндікке қол жеткізсек, бәріміз үшін табысты әрі игілігі де мол жұмыс болары сөзсіз», – дейді Шымкенттегі электромобиль құрастыру орталығының инженер-механигі Нұрсұлтан Сейсенбай. Дегенмен жас инженер­лердің құрастыра бастаған көліктеріне мемле­кеттік рұқсат жоқ көрінеді. Тағы бір жағы жұмысты ғылыми тұрғыда жетілдіруге қаржылық қолбайлау да кедергісін келтіріп отыр.  

Айта берсең әңгіме көп. Елімізде бұдан да өзге өнертапқыштар жоқ емес, бар. Бірақ солардың жасап шығарған дүниелері шынымен де қолдауға зәру. 

Мысалы, өздігінен жүретін арба, тербелмелі бесік, күн қуатын пайдалану құрылғылары мен компьютер ойлап тапқандар бар. Ал өнертабыстың енді бір ауқымдылары ауыл шаруашылығы саласында десем артық емес. Себебі әуресі көп бұл саланы артығымен меңгергендер техникадан бастап мал мойнына тағатын GPS құрылғысын да жасап алған. Енді біреулері жем үгіткіш пен шөп турайтын аппараттың түрін жасап жатса, тағы біреулер көлік қозғалтқышынан алынған ескі майлардан қызымдылығы 1000 градусқа дейін көтерілетін пеш түрін жасап шығарып жатыр. Солардың бірі – ақмолалық Мағзұм Сұлтанғалиев. Темірден түйін түйген Мағзұм көліктің моторынан алынған ескі майымен жанатын пеш жасай бастағанына 2 жыл болған екен. Сұраныс та жоғары көрінеді. Тіпті, еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс алып  жатқан шеберде бос уақыт та жоқ көрінеді. Себебі мұндай пеш жасауда аса ыждағаттылық керек екен. «Біз 2 жылдан бері осындай пеш жасаумен айналысып жатырмыз. Одан бұрын да дәнекерлеу жұмысымен айналыстық. Адамдар қора мен гараждарын жылыту мақсатында біздің пештерді көп сұрайды. Биыл үй жылытатын пештің 50-60 данасын жасадық, әлі 8 тапсырыс орындауымыз керек. Көліктен алынған мотор майын пайдаланатын мұндай пеш экологиялық тұрғыдан да таза. Себебі май түгелдей жанып кете­тіндіктен, ауаға артық газ да тарамайды. Өзіңіз көрсеңіз де болады. Ал үнемділігі жағынан көмірден 2 есе арзан­ға шығады екен», – дейді шебер. 

Кеңес заманында біз айтып отырған өнертапқыштарға арналып «Изобре­татель» деген журнал ай сайын жарыққа шығып тұрды. Басылым беттерінде техникалық мүмкін­діктерден өзге сан алуан жаңалықтар қаптап жатты. Бір қызығы, әлгі басылым өнертапқыш­тардың жобаларын айнытпай кескін­демелерімен жариялап отырған. Былайша айтқанда, дайын жоба. Басылым бетіне шыққан дүние міндетті түрде өндіріске жіберіліп отыратын болған. 70-жылдар­дың ортасында Жапон елінен келген бір турист осы журналды  өзімен бірге еліне ала кетеді де, тұрақты оқырманы ретінде жаздырып алдырып тұрады. Осылайша, басылымдағы жарияланым­дарды сәл өзгертіп, өз елінің ғылыми жобаларына ұсынып отырған. Бүгінде 70 жастан асқан әлгі жапондық әлемнің ең бай адамдарының тізімінде жүрген көрінеді.  

«Шапағат» деген атпен конкурс жарияланды, болмағанда жеңімпаз­дардың жобаларын қаржыландырып, демеу жасап отыруы қажет. Әйтпегенде, атын әйгілеп, өнертапқыштарды ақпарат құралдарынан жарқ еткіземіз де, артынша олар аққан жұлдыздай жоқ болып кетеді. Оларды қайта іздеп, өнерінің жағдайын біліп жатқан  адам байқалмайды. Уақыт өте келе, тіпті ұмыт болып кететіні бар. Сондықтан бар дүниемізді жоғалтпай, ел игілігіне қарай қолданысқа енгізу, оның патент алуына мүм­кіндік жасау қажет-ақ.  

Бердібек ҚАБАЙ