Депутаттың пікірінше, Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына қатысты шындықты айтқан.
Халық кері кетуді қаламайды – Нұртөре Жүсіп
2,565
оқылды

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Президенттің “Егемен Қазақстанға” берген сұхбатына қатысты пікір білдірді.

Депутаттың пікірінше, Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына қатысты шындықты айтқан.

 Президент “Егемен Қазақстанға” кең көлемді сұхбат берді. Мұқият оқып шықтым. Мемлекет басшысы қасіретті Қаңтар оқиғасына байланысты біраз нәрсе айтыпты.

“Қазақстанға Ресейдің әскери қызметшілерін шақыру қаншалықты дұрыс шешім болды? Біздің мемлекетті сол кезде Ресей құтқарып қалды деген пікір көрші елде жиі айтылады.

– Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік.

Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақстан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқарып, қасіретті күндерде елді жайлаған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды.

ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкестікке қарсы операцияларға қатысқан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Армения жасағы «Ақсай» нан зауытын және «Алматы су» мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродромды, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті. Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмыл-дыруға мүмкіндік туды.

– Демек, бұл жүзеге аспай қалған мемлекеттік төңкеріс қой. Ендеше, Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі, тіпті революция деп атап жүргендерге не айтар едіңіз?

– Бастапқыдағы бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке, өртеу мен қиратуға ұласқан қайғылы оқиғаларға бүкіл әлем куә болды. Кім бейбіт шеруге автомат, тапанша және суық қару ұстап барады?! Ниеті дұрыс адам әскери қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкімшілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тоналып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын. Осындай жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан 3 миллиард долларға жуық шығын келді.

Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Барып тұрған бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін.

– Онда азаматтар биліктің іс-әрекеті ұнамайтынын қалай білдіре алады?

– Елімізде биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар. Азаматтар өзін толғандыратын мәселе туралы ашық айта алады. Мен мемлекеттік органдардан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, қоғамның пікірімен санасуды талап етіп келемін. Елімізде бейбіт жиналыстарды реттейтін демократиялық сипаттағы заң бар. Жақында петицияларды тапсыру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды.

Сондықтан бір нәрсені анық білуге тиіспіз. Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида. Демократияның бесігі саналатын батыс елдеріне қараңыздар, ешкім де көшеде жаппай тәртіпсіздік жасаған, мемлекеттік органдарға шабуылдаған адамның маңдайынан сипап, өбектеп отырмайды.

Полиция жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларды, яғни биліктің заңды талаптарына қарсы шығуға үндеген, қару-жарақ әкеліп таратқан, жағдайды ушықтырып, адамдарды күш қолдануға, маңайдағының бәрін қиратуға, өртеп-талқандауға азғырған адамдарды анықтап, әшкереледі. Ал тәртіпсіздікке кездейсоқ қатысқан, білместікпен арандап қалған адамдардың бұзақыларға қатысы жоқ. Оларға менің бастамаммен рақымшылық жасалды. Бұған дейін сотталған 1 205 адамның 1 095-і осы рақымшылыққа ілікті. Ал жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар мен лаңкестік әрекеті, мемлекетке сатқындығы, билікті күшпен басып алуға тырысқаны және басқа да ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар жазасын толығымен өтейтін болады”, деп бірқатар мән-жайдың басын ашып берді.

Ескі жүйені көксеушілер әлі де табылады. Олардың көбісі “майлы жілік” мүжігендер…

Халық Президентіміздің іргелі және түбегейлі реформаларын қолдап отыр. Кейінге оралудың жөні де, реті де жоқ! Бұл бұлтартпас және бұлжымас қағида болуы тиіс!