Әулиеата өңірі – қай кезде де тарихи тұлғаларымен, қасиетті мекендерімен танылған өлке. Әсіресе, Мойынқұм ауданы – тарихи орындарға бай құтты мекен. Мұнда Қазақ хандығының туы тігілген Хан тауы мен Жамбыл тауы өткен күннің өшпес ізіндей сыр шертіп тұр. Алайда осы Жамбыл тауы атауына байланысты ел ішінде аңыз да, ақиқатпен астасқан әңгіме де аз емес.
Жамбыл тауының құпиясы қандай?
2,227
оқылды

Ең әуелі Хан тауына тоқсалсақ, ертеде халық Керей мен Жәнібек сұлтанды ақ киізге көтеріп, осы Қозыбасында хан сайлаған. Көнекөз қариялардың айтуынша, Хан тауының үш биігі бар. Оның ең биік шоқысы – Сұңқар деп аталады. Одан кейінгі шоқылар – Көкшоқы және Қызылшоқы. Сонымен қатар Хан тауының далалық бетіне жақын орналасқан «Ханның үлкен тағы», «Ханның кіші тағы», «Ханның оры», «Ханның қорасы», «Ханның жолы», «Ханның өзені» деген де қасиетті мекендер бар. 

Мойынқұм өңіріндегі Хан тауын Шың­ғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан мекендеген деген де дерек айтылды. Аңыз бойынша бұл өңір құландардың мекені болған деседі. Жошы ханның баласы сонда құлан аулап жүріп мерт болады. Мұны естіп қаһарланған хан құландарды түгел қырмақшы болған екен. Сөйтіп, құландарды қамаған жер «Хан қорасы», құландарды қырған ор «Ханның оры» аталып кеткен. Олардың сілемдері әлі күнге дейін сақталып жатыр. 

Хан тауы дегенде, Жамбыл тауын да қоса атап өтпеу мүмкін емес. Жамбыл тауы Шу-Іле тауларының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Көп жағдайда Жамбыл тауының тарихы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімімен байланысты айтылады. Ақынның өзінің: «Шу өзенінің бойымен жүре берсеңіз, Хан және Жамбыл деген екі тауға кез боласыз. Менің әкем Жабай бір кезде осы тауларда көшіп-қонып жүрген. Жамбыл тауының етегінде, қақаған қатты боранды күні мен туыппын! Маған сол көне Жамбыл тауының есімі ат болып тағылыпты. Бұл 1846 жылы ақпан айы екен. Менің әкем Жабай шоқпыт шапанды көшпелі кедей адам болған», – деген естелігі бар. Жамбыл тауының түпкі жыныстары ашық, беткейлері тік, құлама болып келеді. Топырағы сұрғылт қоңыр, қиыршықты. Мұнда боз жусан, бұйырғын, баялыш, күйреуік көбірек өседі. Есте жоқ ескі заманнан ішіне сыр бүккен Жамбыл тауының тарихы тереңде жатыр. Жамбыл ақын: 

«Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім, 

Қамыққан, қанды жасты жанды көрдім. 

Ел көрдім – еңіреп босқан аңды көрдім, 

Қойнында Алатаудың зарды көрдім» 

немесе 

«Қақаған қар аралас соғып боран, 

Ел үрей, көк найзалы жау торыған. 

Байғара, Жамбыл, Хан да мен туыппын, 

Жамбыл деп қойылыпты атым сонан»,

– деп жырлайды. Бұл жолдар тарихтың шындығынан сыр шерткендей.

Жамбыл бабамыздың жоғарыдағы «Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім» деген өлеңіндегі жайттың Қоқан хандығының қыспағы екенін түсіну қиын емес. Ал жергілікті азаматтардың айтуынша, сол Қоқанның қыспағына қарсы тұрған тұлғаның бірі – Ерназарұлы хан Жамбыл екен. Бұл кісі тарихта болған адам. Кезіңде Тәуке ханның жанында жүрген Есей бидің ұрпағы хан Жамбыл сол кезеңдерде осы маңайды билепті. Халық аузындағы аңыз бойынша Қоқан хандығының алым-салық жинауынан Байғара мен хан Жамбыл бас тартады. Ел аузында жыр алыбы жырға қосқан Жамбыл, Байғара тауларының осы кісілердің атымен тікелей байланысты екен деген де әңгіме тарихта бар. Сөйтіп, қыспақтан халықты құтқаруға асыққан Байғара мен хан Жамбыл тағдырдың тәл­кегіне түседі. Ал хан Жамбыл ұрпақтары­ның бірі Көшербек Жұманқұлов та бабасы жайлы біраз жайды әңгімеледі. Бұл кісі кейін­нен тағдырдың жазуымен хан Жам­был­дың Шу бойынан, Мойынқұм дала­сынан өз еліне оралғанын айтады. Жаз мез­гілінде баба салтымен тау жайлап, қыста Талас бойына көшіп, бейбіт ғұмыр кешкен екен. Талас бойындағы Жаңақорған қалашығын салдырғаны да тағылымды әңгіме.

Хан Жамбыл – Жамбыл жыраудан бұрын өмір сүрген адам. Ел аузында Жам­был тауының тарихына қатысты осы екі тұлғаның есімі қатар аталады. Яғни, кө­не­көз қариялардан жеткен әңгімелер бойынша хан Жамбыл осы жерді мекендеген болса, ақын Жамбыл осында дүние есігін ашқан. Бірақ Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, тарихшы Жапар Тілеужанұлы Жамбыл тауына қатысты мүлде өзгеше пікір білдірді. Ол кісі бала күнінде әкесі Тілеужанмен бірге Жамбыл тауына барғанын, сондағы әкесінен естіген әңгімесін бізге айтып берді. «Жамбылдың әкесі Жабай, атасы Ыстыбай «Қоқан ханынан, Жетісуды билеген Құдиярбектен құтылар бір ғана жол бар. Ол – Сарыарқа­дағы ағайындарға жету», – деп жасақ дайындап, әулетімен осы Хан жолымен Арқаға бірнеше түйеге жүк артып, үдере көшкен екен», – дейді. Сонымен қатар тарихшы Жапар Тілеужанұлы әке мен бала арасындағы әңгімені тағы былайша өрбітеді. «Сол қол жағыңдағы ана биікке қара», – деді. Қарасам, тау үстінде жалғыз шоқы тұр. Әкей маған: «Бұл шоқыны қазір «Бүркіт шоқысы» дейміз. Мұнда бүркіттер ұя салады. Бірақ мықты қырандар емес. Ілгеріде, дәл осы шоқының басына «Жамбы» іліп қойып батыр жігіттер бәс тігіп, садақ атқан. Кім әлгі жамбыны атып түсірсе, сол жігіт тайтұяқ алтын ұтып, атағы шыққан. Сондықтан да жыр алыбы Жамбыл бабамыз туғанға дейін бұл тау «Жамбы» тауы деп аталған. Оны сендер білесіңдер ме?» – деп қария әкесінен естіген әңгімесін бөлісті. Жапар Тілеужан­ұлы бұл дерегін кезінде Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болған атақты ақын Тайыр Жароковтың да Жамбыл тауының ілгеріде Жамбы тауы деп аталғанын жазғанымен растай түседі. Бұл қисынға сенсек, Жамбыл жырау дүниеге келмей тұрғанда бұл тау Жамбы аталған.

Бүгінде бізге көненің сөзі, тарихтың өзі сияқты әсер қалдырады. Өзі де қариялық жасқа жеткен Жапар Тілеужанұлы бұл мәселе төңірегінде әкесі айтқан тағы бір әңгімені еске салады. «Ол кезде мына тораңғылар болмаған, өспеген» деп айтатын бұрынғы аталарымыз. Осы қуысқа түйені айналдыра шөгеріп, ортасына ықтырма күрке тігіпті. Ықтырма күркені айнала қоршаған жеті түйенің буы ықтырма күркеге жылу беріп, боран суығын өткізбегендіктен, жас ана Ұлдан баланы қиындықсыз өмірге әкелген. Жабай батыр бастаған топ боран басылған соң да жас босанған ана мен сәбидің қамы үшін үй тігіп, әлгі жерге бірнеше күн аялдапты. Сол күндердің бірінде әулет қариясы Жабайға «Мына Жамбы тауының қасиеті бізді де, жас босанған ана мен баланы да аман сақтады. Бұл – киелі жер. Ұлдан келін дәл осы асудың бұрылысына келгенде толғатпаса, асудан асып, мұнда келмес едік. Бұл да қисынын келтірген Алланың, осы киелі таудың шарапаты. Сондықтан сәбидің есімін Жамбы қойса дұрыс болар еді» деген әке әңгімесін сабақтайды. Сөйтіп, жаңа туған нәрестенің есімі Жамбы емес, Жамбыл болғанын, оның кейінгі әйгілі Жамбыл жырау атанғанын айтады.

Тағы бір деректерге сүйенсек, Жамбыл тауының етегін «жамбы» аталатын шөп жайлап өскен. Бұл шөптің ерекше емдік қасиеті туралы үлкендер көп айтады. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімі осы ерекше қасиетке ие жамбы шөбіне қатысты қойылған деген де аңыз бар. 

Әрине, аңыз бен ақиқаттың аражігін ажырату күрделі нәрсе. Сондықтан Жамбыл тауының атауы да, жаратылысы да әлі талай зерттеуді қажет етеді. Кейінгі жыл­дары осы Жамбыл тауының бөктерлерінде архологтер қазба жұмыстарын жүргізіп, түрлі зерттеу экспедициясын ұйымдастырып жатқандығы айтылуда. Біреулер бұны тарихи қазба жұмыстары десе, енді екін­шілер Жамбыл тауының етегінен алтынның мол қоры табылыпты деседі. Алайда бұған қатысты билік өкілдері әлі күнге ресми ақпар берген жоқ. Сондықтан бір байлам жасау қиын. Қандай археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатса да, бұл сеңнің қозғалғанын көрсетеді. Бәлкім, бірер жылдың бедерінде осы зерттеулер Жамбыл тауы атауының шығу тарихының құпиясын да ашып қалар...

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы