Қазақстанда негізгі саяси реформалар аяқталып келеді. Былтырғы және одан бұрынғы жылдардағы бірқатар бастамалар өз мәресіне жақындап қалды.
Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс
459
оқылды

Ал әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға бағыт­талған қадамдар жалғаса береді. Осы­лайша, 2024 жыл алдағы бес жылдағы да­мудың негізі болмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың EGEMEN QAZAQSTAN газетіне берген сұхбатындағы ойлардың бірқатары осылай өрілді. Сұхбат 3 қаңтарда жарық көрген болатын.

Мақсат – айқын, меже – белгілі

Қазір қоғам Президенттің сұхбатындағы пікірлер мен ұстанымдарды талқылап жатыр. Сұхбатта елдегі саяси, экономикалық реформалар, Қаңтар оқиғасының тергелу барысы, атом электр стансасының құрылысы, құбылған геосаяси жағдайда көршілермен, алыстағы серіктестермен қарым-қатынас мәселесі, ұлт жадында сақталған тұлғалар мен мерейтойларға дейінгі мәселелер қамтылды. 

Президент былтырғы жылды Қазақстан үшін маңызды оқиғаларға толы жыл ретінде атады. «Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды. Біз әділ және бәсекелі эко­номика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртарап­тандыру және монополиядан арылту, инфра­құрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айна­лыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады», – деп атап өткен Президент әлеуметтік саладағы көптеген өзгерісті атады. Атап айтқанда, ауылдарда ден­саулық сақтау нысандарын жаңғырту, әлеуметтік тұрғыда осал топтағы азаматттарды қолдау, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнайы төлемақы енгізу, Ұлттық қордан балаларға қаржы бөлу қатарлы мәселе­лердің құқықтық негізі жасалғанын айтты. Соны­мен қатар бұрын қолға алынған бастамалардың одан әрмен жалғасын табатынын да атап өтті. Был­тыр қыркүйекте ел халқына арнаған Жол­дауын­да айтылған міндет­тердің өзектілігіне тоқ­талды. Әсіресе, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемін қазіргіден екі есеге ұлғайту мақсаты қойылғанын атап өтті. Әрі бұл істе Үкіметке жұктелген міндеттердің айрықша екеніне тоқталды. Ал атқарылған жұмыстарды қорытын­дылап, алдағы міндеттердің пысықтап алу үшін Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтетінін айтты.

Сұхбат барысында Президент Халықаралық валюта қорының сарапшыларының есебін келтіре отырып, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асатынын, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға жоғары екенін атап өтті. Қазақстан қазір Орталық Азияда жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі бойынша алда тұр. Шамамен, бұл көрсеткіш 13 мың долларға жуықтады. Ал 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 16,8 мың долларға жетеді. Дегенмен бұл межеге жету үшін қажырлы еңбек те керек екені даусыз. 

Ұлт мүддесін ескерген сыртқы саясат ұстанамыз

Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында Қа­зақ­станның сыртқы саясаты ұлт мүддесін ескере отырып жүргізілетінін атады. «Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді», – деді. Әрі батыспен де, шығыспен де тең қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенімізді сипаттады.

Айталық, Қазақстан «С5+» үлгісіндегі ықпалдастық арқылы АҚШ және Еуропа мемлекеттерімен ықпалдастықты арттыра отырып, іргедегі Қытай, Ресей қатарлы елдермен де тығыз байланыс орнатуға мүдделі. Президент өз сөзінде: «Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық мін­деттерін орындап келеді. Біздің өзгер­мейтін мақсат-мұратымыз бар. Бұл – елі­міздің егемендігі мен аумақтық тұ­тастығын сақтау, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, эко­номикамыздың орнықты дамуына барынша қолайлы жағдай жасау. Мен он жыл Сыртқы істер министрі болғанда осы басымдықтарды айқындауға тікелей атсалыс-тым. Қазіргідей аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда бізге шетелдік серіктес-теріміздің бәрімен, әсіресе көршілерімізбен өзара тиімді ынтымақ­тастықты дамыту маңызды», – деді. Әрі геосаяси шиеленістер күшейтіп тұрғанда диалогтердің маңызды екенін де атады. Орталық Азияның өзіндік ұстанымы бар екенін тілге тиек етті. Сонымен бірге өңірдің даму мүмкіндігі де жоғары. Сондық­тан әлем елдерінің Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға назар аударуы – заңды құбылыс. «Тұрақты әрі өзара сенімге негізделген жоғары деңгейдегі диа­логтер болмаса, аймақтағы мемле­кет­тердің басқа да ықпалды елдермен қарым-қатынасын қарқынды дамытуы неғайбыл еді. Соңғы жылдары бұл бағытта біршама ілгерілеу бар. Әсіресе, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жыл сайынғы консуль­тативтік кездесулері нәтижелі өтіп келеді. Айтпақшы, Қазақстан төраға ретінде биыл да осындай үлгідегі кездесу ұйымдастырады. 2024 жылы еліміз өңірлік және халықаралық деңгейдегі бірқатар ықпалды ұйымдар мен бірлестіктерге төрағалық ететінін жаңа ғана айтып өттім.

Тағы бір маңызды шара – Астана халықаралық форумы. Биылғы маусым айында өтетін алқалы жиынға әлемнің көптеген көшбасшысы мен жаһандық деңгейдегі компаниялардың жетекшілері қатысады. Жиында климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты барша елдерге ортақ мәселелер талқыланады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Фран­циямен бірлесіп One Water Summit халық­аралық форумын өткізу туралы уағ­да­ластықтың мән-маңызы зор. Бұл басқосу климаттың өзгеруіне қатысты жаһандық қозғалысқа сүбелі үлес қосатын жиын болмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент Қытаймен де, Ресеймен де қарым-қатынастың тереңі екеніне тоқталды. Мәселен, Ресеймен арадағы тауар айналымы 2023 жылдың 10 айында 21,4 млрд долларды құраса, Қытаймен 24,3 млрд долларға жеткен. «Қытаймен ортақ шекарамыздың болуы, Шығыс пен Батыстың арасындағы ұтымды жерде тұрғанымыз қытай тауарларын түрлі бағытқа Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға зор мүмкіндік береді. Өйткені Бейжіңде жоғары деңгейде өткен «Бір белдеу, бір жол» атты үшінші форум аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірлесе дамыту жөніндегі келісімді және «Аягөз – Тачэн» бағытындағы теміржол құрылы-сы туралы меморандумды атап өтуге болады. Бұл келісімдер еліміздің көлік-логистика саласына тың серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын толығымен қолдайды», – деді Президент.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан сыртқы саясатта серіктестерінің бәрін тең көреді. Біздің пайымдауымызша, еліміз геосаяси шиеленістер кезеңінде бейтарап ұстаны­мынан айнымақ емес. Әрі осы ұстанымына өзгелердің де құрметпен қарауына қол жеткізе білді. Сұхбаттан осы месседжді аңғаруға болады.

Елдігіміз сынға түскен сәт еді

Президент өз сұхбатында Қаңтар дүрбелеңіне қатысты пікірін білдірді. Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын болған оқиға жайлы көп ойланғанын атап өтті. Сонымен қатар өзінің 2019 жылы бастаған реформаларын ұнатпаған ықпалды топтардың мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғанын айтты. 

«Олар бұл өзгерісті елімізде әбден та­мыр жайған жүйеге және билік құры­лымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады», – деді Президент.

Дегенмен Қаңтар оқиғасының астарында елде қордаланған әлеуметтік-экономикалық мәселелер тұрғанын айтты. Яғни, жылдар бойы қордаланып қалған мәселелер бірқатар азаматтардың арандатуға еріп кетуіне әсер етсе керек. Дегенмен дүрмекке еріп көшеге шыққан және құқық қорғау органдары тұтқындаған азаматтардың көбі босатылды. Дәлірек айтқанда, іс-әрекетіне сот баға беріп, жазаға тартылған 1 205 адамның 1 095-і рақымшылыққа ілінді. Оларға рақымшылық жасау бастамасын Президенттің өзі көтерді. «Ал жаппай тәртіпсіздікті ұйым-дастырғандар мен лаңкестік әрекеті, мемлекетке сатқындығы, билікті күшпен басып алуға тырысқаны және басқа да ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар жазасын толығымен өтейтін болады», –деді Мемлекет басшысы.

Жалпы, сұхбатта Президент Қаңтар оқиғасы жайлы біршама егжей-тегжейлі айтып өтті. Атап айтқанда, бүлікті ұйымдастырушылар дайындыққа 2021 жылдың жазында кіріскен. «Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік инсти­туттардың қызметін тұралату, консти­туциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді», – деді Президент. Сонымен бірге Қаңтар оқиғасын сан-саққа жүгіртіп, әлі де болса түрлі қауесет тарататындардың, оқиғаның себеп-салдарын бұрмалап көрсететіндердің бар екенін айтты. «Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Барып тұрған бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психо­логияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс», – деді Қ.Тоқаев. 

Сонымен қатар қосарланған билік, билік транзитіне қатысты сауалдарға жауап берген Президент бұл жағдайдың Қаңтар оқиғасына апарып соқтырған алғышарт­тардың бірі болғанын да айтты. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысқанын атап өтті Қ.Тоқаев. Сұхбатта екі жыл бұрынғы оқиғалардың өзге де қырлары айтылды.

Халық пікірі әрқашан ескеріледі

Мемлекет басшысы сұхбатында өзекті мәселелерге қатысты шешімдерді қабылдауда халық үніне құлақ асудың маңызды екеніне назар аударды. Сонымен қатар ел ішін кезген түрлі қаусеттерден хабардар екенін және өз ұстанымынан айнымайтынын аңғартты. Атап айтқанда, «Қазақстанда саяси тұтқындар бар» дейтіндердің уәжіне нақты жауап берді. «Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр» дейтін қаусетке де нүкте қойды. Президенттің 7 жылға бір рет сайлануы керек екенін жабық пікірталас­тарда осыдан 15 жыл бұрын ұсынғанын, сол ұстанымынан айнымайтынын айтты. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, кадр, энергетикалық қауіпсіздік, АЭС салу тәрізді мәселелерге өз көзқарасын білдірді. «Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарла-мамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы. Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС са­луды жақтаған немесе қарсы болған сарап­шылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді», – деді Президент.

Қысқасы, Президент өз сұхбатында қоғам өкілдерін толғандырып жүрген көптеген сауалға жауап берді.