2024 жыл жақсы жаңалықтарға, өрелі өзгерістерге, берекелі бетбұрыстарға толы болады деген үміт бар.
Не жаңалығың бар, 2024?
коллаж: Елдар ҚАБА
1,377
оқылды

Халқымыздың, мемлекетіміздің бар аңсар-арманы да, тілек-мұраты да, жоба-жоспары да межелі міндеттермен ұштасады, ауқымды асулармен астасады. Еліміз ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа жылды қарсы алды. Бұл жылда қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?

Балалар Ұлттық қордан ақша ала бастайды

2024 жылы «Ұлттық қор – балаларға» бағ­дарламасы іске қосылды. Сондай-ақ Мем­лекет басшысының тапсырмасымен биыл 5 жастан асқан балаларға арналған «Ке­лешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйе­сі енгізіледі. 

«Келешек» аясында балаларға арнап ашыл­ған арнайы жинаққа мемлекет тара­пынан бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және ин­­­вестициялық табыс үстемеленбек. Осы жи­нақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жо­ба­сының қаражаты қосылғанда жас ұр­пақ­тың сапалы білім алуына мүмкіндік туа­ды. 

«Ұлттық қор – балаларға» Президент бағ­дарламасына сәйкес, 2024 жылдан бас­тап Ұлттық қордың инвестициялық та­бысының 50%-ы балалардың арнайы жи­нақтаушы шотына аударылып тұрады. Бұл ақша Қазақстан азаматтығы бар, 18 жас­қа толмаған барлық балаға – осы жы­лы шамамен 6,7 миллион жасөскінге бе­рі­леді. Теңгемен бірге күрт құнсызданбауы үшін қаражат долларда сақталады. 

Президент айтқандай, жал­пы­ха­лық­тық референдумда қабылдан­ған конституциялық өзгерістер Әділетті Қа­зақстанның символына, бір ұстынына ай­­налды. Оның барысында Ата Заңы­мыз­да жер мен табиғи ресурстар халықтың мен­шігі деген басты қағидат бекітілді. «Ұлт­тық қор – балаларға» бастамасының ар­қасында осы ұлттық байлықтың игілігін әр­бір отбасы көреді. 

Бала Ұлттық қордан алған бүкіл қара­жа­тын кәмелеттік жасқа толған соң, білім алу­ға немесе баспана сатып алуға пай­да­лана алады.

Ауыр жұмыс еңбеккері арнаулы төлем алады

Аса ауыр әрі зиянды жұмыс істейтін адам­дар, әсіресе кеншілер, шахтерлар, мұ­най-газ саласының жұмысшылары көп жылдан бері Үкіметке ерте зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік беруді талап етіп келді. Көп тілегені биыл жүзеге аспақ. 2024 жы­лы зиянды өндірісте істейтін азаматтар үшін «Арнайы әлеуметтік төлем» (АӘТ) ен­­­гізілді. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Светлана Жақыпованың ай­­­­туынша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бас­тап, 55 жасқа толған және жұмыс беру­ші­лері кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зей­нетақы жарналарын аударып тұрған зиян­ды жұмыстағы еңбеккерлер осы тө­лем­ді ала бастайды. 

Бұл төлем түрі зейнеткерлік жасқа тол­ғанға дейін беріледі. Министрліктің есе­бінше, биыл арнаулы төлемді 37 мың адам алуы мүмкін. Қойылатын басты шарт – олар ауыр жұмысынан кетіп, әрі қа­рай еңбек жағдайлары зиянды жұмыс­пен айналыспауға тиіс.

АӘТ көлемі 4 көзден құралады. Бірін­ші­ден, оған бюджеттен 2 ең төменгі күн­кө­ріс деңгейінде арнаулы кәсіптік мем­ле­кет­тік жәрдемақы аударылады. Екіншіден, жұмыс беруші өз қаражаты есебінен 1 ең тө­менгі күнкөріс деңгейінде кәсіби төлем қо­сады. Үшіншіден, сақтандыру ұйым­да­ры­нан зейнеталды аннуитет шарты бойын­ша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінде сақ­тандыру төлемі бөлінеді. Төртіншіден, БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемінен ақы қо­­сы­лады.

Еңбек вице-министрі Назгүл Сағын­ды­қованың мәліметінше, АӘТ ай сайын­ғы сомасы орташа есеппен 208 мың тең­ге­ге жетуі мүмкін.

Бірыңғай жиынтық төлем жойылды

Онымен бірге тағы бір әлеуметтік-экономикалық эксперимент аяқталып, жалғасын таппай, тарих қойнауына жол тартты. Қазақстанда бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) 2019 жылдан бастап енгізілді. Ол «Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» деген санатты, шындап келгенде мемле­кет­тің қамқорлығынсыз, өз күнін өзі көр­­ген, сонымен бірге мемлекетке – са­лық, оның қаптаған қорларына – жарна мен аударылымдар аудармайтын аза­мат­тарды еңбек нарығының көлеңкесінен шы­ғарып, заңдастыруға бағытталды. 

Заңдастырылу үшін оларға жеке кә­сіп­керлігін тіркеудің қажеті болмайтыны жа­рияланды. Тек өз бетінше БЖТ төлеп тұр­са жеткілікті. Бұл алымның ай сайынғы мөл­шері мегаполистерде, облыстық маңы­зы бар қалаларда тұратын жеке тұл­ға­лар үшін – 1 АЕК-ті (2023 жылы 3 450 теңгені), ал басқа елді мекендерде, соның ішін­де ауылда тұратын жеке тұлғалар үшін – 0,5 АЕК-ті (1 725 теңгені) құрады.

БЖТ құрамында төрт міндетті алым-са­лық түрі біріктірілді: жеке табыс салығы (ЖТС); Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тан­дыру қорына әлеуметтік аударымдар; БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдері; міндетті әлеу­меттік-медициналық сақтандыру қо­рына аударымдар.

Үкімет басшысының орынбасары – Қар­жы министрі Ерұлан Жамаубаевтың бай­ламынша, БЖТ тетігі өзін-өзі ақтаған жоқ. Оған жұрт қызығушылық танытпап­ты. Мысалы, ол енгізілген 2019 жылы рес­­­публикада 2,6 миллион өзін-өзі жұмыспен қам­тушы болды. Оның мардымсыз бөлігі ғана БЖТ-ға ден қойды.

– Бірнеше жыл бұрын БЖТ-ны өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға ар­нал­ған жеңілдік түрінде енгіздік. Соның ар­қасында бейресми жұмыспен қамтыл­ған­дар біріншіден, медициналық сақтан­ды­рылатын еді. Екіншіден, зейнетақы жи­нақтарын жинап, зейнетақы жүйесіне қа­тысу өтіліне байланысты базалық зей­нетақы төлемін алуға құқық берді. Үшін­ші­ден, бұл оларға еңбек ету қабілетінен айы­рылған, жұмысынан, асыраушысынан айы­рылған, жүкті болып, босанған, бала асы­рап алған, 1 жасқа дейінгі бала күтімі­мен айналысқан жағдайларында әлеу­мет­тік төлемдер алуға мүмкіндік беретін еді. Алай­­да аталған құрал өзін-өзі ақтаған жоқ. 2023 жыл бойы БЖТ арқылы небәрі 300 мың адам қамтылған. Олардың төле­ген төлемі 1,5 млрд теңге ғана. Тым аз, – деді бас қаржыгер.

Тиісінше Үкімет жаңа заң қабылдап, БЖТ мерзімін ұзартуды жөн деп тап­пады. Бұл сынаққа берілген төрт жыл­дық мерзім түгесілді. 

Мемлекеттік кірістер комитеті былтыр БЖТ төлеген 300 мыңдай азаматқа биыл­дан бастап, жеке кәсіпкер (ИП) ретінде тір­келуді немесе салықты өз бетінше тө­­­леуге кірісуді ұсынды. Жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелгендер өзі таңдаған са­лық режиміне байланысты салық тө­лейді. Ал дара кәсіпкерге айналғысы кел­ме­се, тапқан табысының 10%-ы мөлше­рін­де есептеп, жеке табыс салығын төлеу­ге және жылына бір рет табыс салығы бо­йын­ша декларацияны (240.00 форма­сын) тапсыруға міндетті.

Декларациялаудың маңызды ІІІ ке­зеңі басталды

Жалпыға бірдей декларациялау 2021 жыл­дың 1 қаңтарынан басталды. Бұған дейін­­гі екі кезеңде мемлекетке табысы мен шығысын шенеуніктер, мемлекеттік қызметшіге теңестірілгендер, мемлекеттік функ­цияларды орындайтындар, түрлі дең­гейдегі депутат, Ұлттық банк, мемле­кет­тік банктер, сондай-ақ білім беру, ден­саулық сақтау, мәдениет, спорт және бас­қа саладағы мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектордың қызмет­кер­лері және осылардың бәрінің жұбайлары жариялап келді. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің де­ре­гінше, бұлардың жалпы саны 570 мың адам­нан асқан. 2024 жылғы жаңа кезеңде бұл сан бірнеше миллионға дейін еселеп арт­пақ. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл сан шамамен 3,9 млн адамды құрайды деп тұспалдап отыр.

Биылғы 1 қаңтарда бастау алған үшін­ші кезең заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшыларын және олардың жұ­байларын, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайларын қамтиды. Дек­ларацияларды уақытша тоқ­татылған және әрекетсіз жеке кәсіп­кер­лер де тапсыруға міндетті.

Маңғыстау облысы бойынша МКД өн­­ді­ріс­тік емес төлемдерді, жеке тұл­ға­лар­­ды және Арнаулы салық режимдерін әкім­шілендіру басқармасының басшысы Мәдина Жақанқызының айтуынша, тап­сырушылар декларацияда бағалы қа­ғаз­да­рын, биткоин, альткоин, стейблкоин жә­не өзге де цифрлық активтерін, ком­па­­­ниялардағы, тұрғын үйлер мен ком­мер­ция­лық мүліктегі үлестік қатысу шарт­та­рын, инвестициялық алтынын, зияткерлік мен­шік және авторлық құқық объекті­ле­рін, үйінде қолма-қол ақша күйінде сақ­тал­ған 34,5 миллион теңге (10 мың АЕК) ше­гіндегі қаражатын, нотариалды куә­лан­дырылған қарыз шарттарын, құны 3,4 млн теңгеден асатын қымбат мүлкін, кар­тина сияқты мәдени құндылықтарын, зер­герлік бұйымдарын, асыл тұқымды жа­нуарларын және басқасын көрсетуі тиіс.

Активтер мен міндеттемелер туралы дек­ларацияның қағаз нұсқасын 15 шіл­де­ден, ал электронды түрде ұсынса, 15 қыр­күйектен кешіктірмеу қажет. Бұл ретте дек­ларацияларда берілген деректердің дұрыстығын мемлекеттік кіріс органдары 2026 жылы ғана тексере алады.

Ең төменгі жалақы 85 мыңға көтерілді

Ел Әділетті Қазақстан құруға кіріс­ке­лі бұқара үшін маңызды бір көр­­­сет­кіш қарқынды өсе бастады. Әңгіме ең тө­менгі жалақы (ЕТЖ) туралы болып отыр. Әйтпесе, 2022 жылға дейін ол атышу­лы 42 500 теңге мөлшерінен көтерілмей келді. Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сыр­масымен, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап, ЕТЖ 60 мың теңгеге күрт жо­ғары­латылды. Былтырғы 2023 жылы бұл көр­сет­кіш 70 мың теңгеге жеткізілді. Ал осы қаң­тарда елдегі жалақының ең төмен мөл­шерi 85 мың теңгеге дейін артып отыр. Нә­тижесінде, үш жылда екі есе ұлғайды.

Еңбекминінің түсіндіруінше, әртүрлі са­ладағы әрі барлық меншік нысанындағы кә­сіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 мил­лион­ға жуық жалдамалы жұмыскердің, соның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай табысы ұлғайды. 

Ведомствоның сендіруінше, бұл басқа жұ­мыскерлердің жалақысының артуына да серпін береді. Себебі жұмыскердің жа­ла­қысы оның біліктілігіне, орындайтын жұ­мысының күрделілігіне, саны мен са­па­сына қарай қалыптастырылады. Демек, жұ­мыс беруші мемлекет талабын орындап, қатардағы, біліктілігі жоқ жұмысшының ға­на жалақысын көтерсе, онда ол білік­ті­лігі жоғары маманға теңесіп қалуы мүм­кін. Содан ұйым, компания маманнан ай­рылып қалмау үшін олардың да жа­ла­қысын әрі қарай жоғарылатуға мәжбүр бо­лады. 

«Бірінші кезекте ЕТЖ-ның өсуі бі­лік­тіліксіз, «жалақысы төмен» жұмыс­кер­лер­ге әсер етеді. Екіншіден, жалақы деңгейін бел­­гілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пай­да­ла­натын жұмыс берушілер, сондай-ақ раз­ряд аралық біліктілік жүйесін ескере оты­рып, қызметкерлердің басқа санат­тары­ның жалақысын қайта қарайтын бо­лады», – деп хабарлады министрлік.

Көптеген салада жалақы өсуде

Әділетті Қазақстан еңбеккерлердің жа­лақысын көтеру бойынша дәйекті ша­ра­лар қабылдап жатыр. Мәселен, 2020-2023 жылдары жыл сайын шамамен 600 мың педагогтің жалақысы 25%-ға кезең-ке­зеңімен арттырылды. Нәтижесінде, олар­дың жалақысы 2 есе өсті. 

2021-2023 жылдар аралығында мем­ле­кет­тік мекемелерде және коммуналдық кә­сіпорындарда жұмыс істейтін 6 мыңға жуық медицина қызметкерінің, оның ішін­де дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, ор­та медициналық персоналдың жалақы­сы жыл сайын 20%-ға көтерілді.

2021 жылы әлеуметтік қамсыздандыру са­ласындағы 38 мың қызметкердің жа­ла­қы­сын кезең-кезеңімен арттыру басталды, нә­тижесінде үш жыл ішінде, 2021-2023 жыл­дар аралығында олардың жалақысы 2 есеге көбейіпті. 

2022 жылғы 1 қаңтардан азаматтық қыз­метшілердің жекелеген санатының, ша­мамен 600 мың адамның жалақысын 2022-2025 жылдар кезеңінде жыл сайын орта есеппен 20%-ға ұлғайту басталды. Нә­тижесінде, 4 жыл ішінде олардың жа­ла­қысы 2 есе артады.

Сондай-ақ Еңбекмині жұмыскер­лер­дің жалақысын жоғарылату үшін жеке­мен­шіктегі кәсіпорындар арасында түсін­діру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде, 2023 жылы 8 мың жұмыс беруші 2,8 мил­лион қызметкердің жалақысын 5 пайыз­дан 50%-ға дейін арттыруға шешім қабыл­дады. Бұл жұмыстар 2024 жылы жалғасады деп жоспарланыпты.

Жаңа 2024 жылы мемлекеттік базалық зей­нетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 28 215 теңгені, зейнетақының ең төмен мөл­шерi – 57 853 теңгені құрайтын бола­ды. Айлық есептiк көрсеткiш (АЕК) 2023 жыл­ғы 3 450 теңгеден 3 692 теңгеге дейін өсті. Ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шама­сы биыл 43 407 теңге болып белгiленеді.

Бизнесті тексеруге мораторий аяқталды

Қазақстанда шағын және орта биз­несті дамыту үшін 2020 жылы оларды тек­­серуге үш жылдық мораторий жария­лан­ды. Оның мерзімі былтыр ұзартылған. Ал биыл доғарылды. Сарапшылардың пі­кірінше, мемлекеттік бақылау болма­ған­дықтан, өнім сапасы төмендеді, салық төлеуден жалтару жаппай белең алды, біраз бизнес көлеңкеге кетті. 

Сондықтан былтырғы жыл соңында Ұлт­тық экономика министрі Әлібек Қуан­­­тыров шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий ұзартылмайтынын мә­лімдеді. Ал Премьер Әлихан Смайылов 28 желтоқсанда «24kz» телеарнасына сұх­батында адал кәсіпкерлердің алаңдауына еш негіз жоғын айтты. 

«Бизнес қауымдастықпен бірлесіп, кә­сіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін шек­тен тыс талаптарды анықтау бойынша үлкен жұмыс атқардық. Нәтижесінде, 10 мың­нан астам негізсіз талапты анықтадық. Бү­гінде оның 9 мыңының күші жойылды. Қал­ғаны келер жылдың басында Парла­мен­тте тиісті заң қабылданғаннан кейін алынып тасталады», – деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, тәуекелдерді бас­қару жүйелерін автоматтан­дыру бойынша да жұмыстар жүргізілді. Бұл ада­ми факторды жоя отырып, тек­се­ру­лер­ді жоспарлауға мүмкіндік береді. Нә­ти­же­сінде, олардың саны 2 есеге қысқа­ра­ды. Жал­пы, заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкім­шілік қысым азаяды. «Ендеше мора­то­рий аяқталған соң елде жаппай тексеру­лер болмауы керек. Адал кәсіпкерлердің алаңдауына еш негіз жоқ», – деді Үкімет басшысы.

Білім саласында реформалар басталады

Таяуда Мәжіліс «Кейбір заңнамалық ак­тілерге білім беру және тәлімгерлік мә­­се­­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң жобасын қа­был­­дады. Алда оны Сенат мақұлдайды. 

Сонда биыл білім саласында тексеріс­тің жаңа түрі енгізілуі мүмкін: арнайы ко­миссия әрбір мектептің ғимаратын мұ­қият қарап, оның бала оқытуға қауіп­сіз­дігін тексереді. Бұл балалардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету және құқықтарын қор­ғау үшін қажет. Әйтпесе, соңғы жыл­дары мектеп төбелерінің құлауы сияқты қауіпті фактілер жиілеп кетті. Сондықтан біраз жыл бойы жұмыс істеп тұрған, ескіре бастаған ғимараттарды тексеріп тұру өте маңыз­ды. Нақтылағанда заң жобасында 30 жылдан көп пайдаланылған мектеп, ба­­лабақша мен колледждердің ғимаратта­рын әр 5 жыл сайын апаттылық қауіпі бойын­ша тексеру ұсынылды.

Реформа аясында педагогтерді қа­шықтан оқытып, онлайн универ­ситет­терде даярлауға тыйым салу жос­пар­ланған. Бүгінде технологиялардың озық дамуы қашықтан оқыту мүмкіндіктерін кеңейтті, жоғарғы оқу орындары маман­дар­ды онлайн даярлау үрдісіне бой ұрды. Бірақ зерттеулер көрсеткендей, педаго­ги­калық, медициналық, фармацевтикалық ма­мандықтар бойынша онлайн білім алу­дың үлкен қауіпі бар. Сондықтан заң жо­басында колледждер мен универ­си­теттерде педагогикалық және медицина­лық мамандықтар бойынша қашықтан бі­л­ім алуға тыйым салу туралы норма ен­­гі­зілді. 

Бұл биыл өмірге жолдама ала­тын жаңа­лықтардың бір парасы ғана. Мы­салы, биылғы 2024 жылы ел бойынша 20 жаңа су қоймасын салу және 15 су қой­масын қайта жаңғырту басталады. Елді елең еткізетін қызықты, ел өміріне әсер ете­­тін басқа да ауқымды жобалар мен бас­та­малар жыл бойы жүзеге аспақ. Олай бол­са қазақстандықтарды қызықты жыл күтіп тұрғандай.

Айхан ШӘРІП