Алматы және Жетісу облыстарында биыл өсімдік шаруашылығы барынша өркендегені, оның ішінде егістіктен мол өнім жиналғаны, дәнді дақылдар бойынша екі облыс та басқалардың алдынан көрінгені жабыла айтылып, жарқырата көрсетілген еді.
Жетісудағы жүгері жыры
451
оқылды

Бірақ сол өткен жылдың күзіндегі жиын-терімді қорытындылап жатқан тұста осы екі облыстағы жүгерішілердің алқаптарда жайқалтқан өнімдерін жинауына, сақтап, кептіріп өткізуіне байланысты мәселе көтеріліп, бұған дейін бірнеше жыл тұрақты болып тұрған қабылдау бағасының дәл өнім өткізер шақта күрт төмендеп кеткені қозғалып, диқандар «Табыссыз қаламыз!» деп дабыл қаққан еді.

Шаруалар табыс табуды айтпағанда, көктемнен бері жұмсаған шығындарын қайтара алмай, сан соғып қалды. Техни­­­­­ка­­­­­­лары сайлы, қырмандары жайлы ірі шаруа­­­шылықтар амалдап, бітік өскен ал­­­­тын дәнді орып, жинап, мүмкіндігінше өткізіп, біразын сақтауға қойса, орташалардың көбінің дәні ашық қырмандарда, одан қалса, ашық-шашық қоймаларда қалып, уақыт өте келе, көгеріп, шіріп, түкке жарамай қалуда. Ал техникасы мен қыр­мандары, қоймалары жоқ ұсақ шаруашылықтар ала жаздай төккен тердің өтеуі сияқты болған жайқалған жүгеріні ормастан, алқаптарда қар астында қалдырды. Білетіндердің айтуынша, екі облыста 90 мың гектарға дейін жүгері егі­ліп, соның жарым-жартысына жуығы да­лада қалған. Ашық-шашық қырмандар мен аңғал-саңғал қоймаларда қалып, ші­­ріп кеткені бар, орылмастан далада қар астында мүлгіп тұрғандары бар, мың­­­­даған гектардың алтын дәні ысырап болып жатыр. 90 мың гектардың әр гектарынан орташа 10 тоннадан өнім жиналады деп есептесек, миллион тоннаға жуық­­тауға тиісті алтын дәннің түкке жарамай қалуы әбден мүмкін. 

Осы бір өкінішті жағдай жөнінде біздің газет те бірнеше рет дабыл қағып, мәселе көтерді. Басқа ақпарат құралдары да қалыс қалмай, аудан, облыс әкімдіктерінен бастап, министрлікке, одан ары Үкіметке жеткізуге тырысты. Ақыры, жүге­­­­рішілердің жанайқайы жоғарыға жеткендей болды. Өткен аптада Жетісу және Алматы облысына келген Ауыл шаруа­шылығы министрінің орынбасары Азат Сұлтанов Талдықорғанда тиісті органдардың жауапты тұлғалары мен диқандардың өкілдерін қатыстыра отырып, алқалы жиын өткізді. Жетісу облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев жүргізіп отырған жиында ауыл шаруа­шылығына қатысты, соның ішінде жүгеріге байланысты күрделі мәселелердің туындау себептері жан-жақты талқыланды. Барлығы ашық айтылды. Ашынған фермерлер облыс әкімдігі мен өңірдегі ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік ететіндердің мәселеге дер кезінде назар аудармағаны салдарынан шығынға белшелерінен батқандарын, дәл қазіргі бүкіл әлемде азық-түлікке қатысты жағдай барынша ушығып тұрған кезде мыңдаған гектар жүгерінің орылмай қалғаны, орыл­ғанының дені қырмандар мен қоймаларда шіріп жатқанын жайып салды. 

«Егер қазан айында жүгеріге ең алғаш орақ түскенде қозғалған бағаға қатысты, қабылдауға байланысты мәселелерге ден қойғанда, жағдай бұлай асқынбас еді. Қайта өңдеу кәсіпорындары сол бастапқы кезде-ақ бағаны құбылтып, тым төмендетіп жіберу арқылы шаруалардың құлшынысын құрдымға жіберді. Есептей келе, ерте көктемнен бастап төккен терлерінің өтемі қайтпайтынын білгендердің салы суға кетті. Талай шаруа жер сипап қалды. Үлкен шаруашылықтар амалдап, қиындықтан шығар-ау, қолда барынан түгел айырылғандар қайтпек? 

Жалпы, біздің облыста ауыл шаруа­шылығының, оның ішінде егістіктің жай-жапсарын жақсы білетін адам қалмағандай. Жылды қорытындылаған соң, алдағы жылға дайындық барысында қандай дақылдың сұранысқа ие екенін, тиімді болатынын зерттеп, зерделеп, шаруа­шылықтарға ұсыныстарын айтып, жолдарын көрсетсе дұрыс болар еді. Әйтпесе, қазіргі кезде биыл табысты болған дақылды келер жылы диқандардың барлығы егеді де, күзде өткізетін жер таппай дал болады. Менің ойымша, биыл да сол жағдай қайталанады. Жұрттың бәрі майбұршаққа немесе қант қызылшасына бет бұрып, жүгері азаяды да, күзде аталған екі дақылға қатысты проблема туындайды. Алдағы кезде өндіріс пен ғылыми-зерттеу, сараптау-болжау қызметтері арасында тұрақты байланыс орнату қажет», – дейді жеріне жүгері егіп, шығынының жартысын да қайтара алмай жүген Жүрсін Тұрабаев. 

«Сол баяғы жаттанды жиын, «жауырды жаба тоқымдау». Күрделі жағдайдың ең бір күрмеулі тұстары қозғалғанымен, нақты шешімдер қабылданды дей алмаймыз. Уақыт жоғалтып алдық. Бірнеше ай өтіп кетті. Қоймаларда жатқан дәннің дені көгеріп, шіріп, жарамсыз болып қалды. Далада алқаптарда орылмағандарды амалы қалмағандар тиын-тебенге өткізіп жатыр. Жоғары жақтағыларды түсінбейміз. Бәрін жаңа естігендей болып отырады. Депутаттар да ештеңе шешпейді. Өздері сайланғанша, көзбен көріп жүрген, шешуге көңіл бөлмеген проблемаларды енді білгендей болатындықтары қайран қалдырады», – дейді табан ет, маңдай терлері далаға кеткеніне ашынған шаруа адамдар. 

Дегенмен сәл де болса, алға жылжу бар. Қалай болғанымен, вице-министр келгеннен кейін жүгеріге қатысты сіресіп тұрған сең сетіней бастағандай. Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар жанталасып, өздерінің бұған дейін де қарап отырмағандарын көрсеткісі келгендей, бірқатар компаниялармен жүргізілген келіссөздердің өз нәтижесін бер­генін сүйіншілеп, мәлімдеді. Бұл қадамдары тура министрдің орынбасарын күтіп отырғандай әсер қалдырды.

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев: «Дайындаушы компаниялармен жедел түрде жүргізілген келіссөздер ал­ғашқы нәтижелерін берді. Дүйсенбі, яғни биылғы 8 қаңтардан бастап «Іргетас трейд» компаниясы жүгері қабылдауды бастайды. 14% ылғалдылықта бағасы – әр тоннасына 55 000 теңге, 14-20% ыл­ғал­­­ды­лықта – 41 500 теңге», – деді.

Ал Алматы облысындағы жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров, Сенат пен Мәжіліс депутаттары қатыс­ты. Бұл жиында облыста дәл қазіргі кез­де асқынып тұрған жүгеріге байланысты мәселе қаралмапты. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мәселесі талқыланыпты. Соған қарағанда, Алматы облысындағы жүгерішілердің жағдайы әзір шешілмейтін сыңайлы. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы