Қазақстанның батысы мен шығысы арасы 3 мың шақырымға жуық.
Аграрлық картаның артықшылығы көп
коллаж: Елдар ҚАБА
605
оқылды

Табиғи-климаттық жағдайлар әртүрлі болғандықтан елімізде аймақтардың ауыл шаруашылығы саласы біржақты мамандануда жер алшақтығы өзінің кері әсерін тигізетіні тағы бар. Осы орайда аграрлық картаның маңызы айтарлықтай зор болмақ.

Алдымен «аграрлық карта дегеніміз не?» деген сауалға тоқталып алсақ.   Ауыл шаруашылығының картасы де­геніміз – саланың даму жағдайлары мен факторларын сипаттайтын гео­графия­лық карталар. Олардың негізгі мақсаты – ең алдымен жерді дұрыс пайдалануға көмектесу. Қажетті жағдайларға қарай картаның мазмұны да әртүрлі болып келеді. Осыған байланысты  оларды екі үлкен топқа бөлуге болады: біріншісіне жер қорлары мен жер пайдалану карталары, ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасы мен еңбек ресурстары кірсе, карталардың екінші тобы ауыл шаруашылығы салаларының карта­ларынан тұрады. Мұнда егін және мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын аудандастыру мүмкіндіктері енгізіледі.

Осыған дейін еліміздің ауыл шаруа­шылығы саласының мамандары мен эксперттері ElDala.kz командасымен бірлесе отырып, Қазақстанның АӨК инфографиялық анықтамалығын шығарған болатын. Бұл басылымда елдің аграрлық секторының 2021 жылғы статистикалық мәліметтері толығымен енгізілген болатын. Ал 2022 жылдың маусымда  Expo Group, «ЕуроХим» және KAZSEEDS отандық компания­лары бірлесіп, екінші инфобук шыққан. Анықтамалық ақысыз және жобаның электронды нұсқасы да шаруалар үшін қолжетімді болып отыр.

«Қазақстандық АӨК-де жұмыс істейтін мамандар үшін мұнда ауыл шаруашылығы салалары – өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, сауда, қайта өңдеу бойынша барлық ресми деректер жүйеленген. Сонымен қатар деректер инфографика түрінде ұсынылып отыр. Бұл ақпараттық анықтамалықты қолдануды барынша жеңілдетері сөзсіз. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласы бойынша нарыққа енді ғана кіріп отырған инфобук елдің агроөнеркәсіптік кешені туралы жалпы деректерді тез және оңай алуға мүмкіндік береді», – дейді Қазақстанның аграрлық картасының негізін қалаушылардың бірі,  Eldala.kz компаниясының басшысы Сергей Буянов. 

Ең бастысы, құжаттан үш тілде ақпарат алуға мүмкіндік бар.  

Анықтамалық Қазақстанның АӨК негізгі бағыттарының нәтижелері бар инфографикалық 44 беттен тұрады. Атап айтқанда, агросектордың маусым­дық қорытындылары, ауыл шаруа­шылығы өндірісінің көрсеткіштері, жер қоры, экспорттардың қоры т.б. Одан бөлек, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, қызметтер мен қаржы саласына байланысты ақпараттар молынан қамтылған.

«Маған инфографиялық анықтама­лық шығарылымның серіктесі болу туралы ұсыныс келгенде, өте қатты қуандым. Себебі елімізде осындай басылымның болатынына күмәнмен қарай бастаған едім. Анықтамалық жан-жақты болды. Ондағы сала туралы барлық ақпарат нақты көрсетілген. Егер мен қандай да бір статистиканы іздесем, бұрынғыдай министрліктер мен комитеттерге сұрау салып отырмай­мын. Себебі дайын карта қолымда отыр. Тіпті, сайттан да қарай беремін. Бұл Қазақстанның аграрлық секторының ықпалын таныта  отырып, көп уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді», – дейді ExpoGroup компаниясының директоры және KazAgro/KazFarm көрмелерін ұйымдастырушы Шолпан Қожабаева 

Ол іскерлік кездесулерде де өзге елде жүріп-ақ еліміздің ауыл шаруа­шылығының мүмкіндіктерін толықтай көрсетуге мүмкіндік туғанын және шетелдік бизнес өкілдерінің отандық агро бизнес саласынан ақпарат алуына жағдай туғызылғанын айтып отыр. 

– Менен жақында АҚШ-тағы серіктесіміз еліміздің аграрлық саласы турасында кеңінен ақпарат сұрады. Мен оларға ағылшын тілінде анықтама­лық сілтемесін жіберіп, оң пікірлер алдым, – деді KAZSEEDS компаниясы­ның директоры Серік Рамазанов. 

«Жалпы, бұл барлық қажетті ақпа­рат­ты бір жерде тоғыстырған дүние болып отыр.  Ондағы  барлық салалар бойынша ақпарат алуға мүмкіндік бар екен. Сонымен қатар анықтамалықта деректер ыңғайлы түрде – инфографика мен иллюстрациялар формасында беріліп отыр. Мұндай дүниені жасап шығудағы негізгі мақсат – фермерлері­міздің өнімділігін жаңа деңгейге көтеру, бұл процесте білім маңызды құрал болып табылады. Сондықтан біз анықтамалықтың шығуын қолдау керсетіп жатырмыз. Фермер неғұрлым нақты ақпаратқа ие болса, соғұрлым ол дұрыс басқару шешімдерін қабыл­дайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да қолдау көрсетілсе құба-құп болар еді», – дейді Серік Рамазанов.

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені туралы толыққанды ақпарат беретін мұндай кешенді  инфобук бұрын болмағаны рас. Тек есеп-қисапты санап қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласы мамандарына да барынша кеңес беруге мүмкіндігі бар мұндай кешенді бастамашылар бұдан әрі де жетілдіріп шығара беруді көздеп отыр. Ал фермерлердің сұранысына байланысты жұмыс жасау үшін кәдімгі портал етіп құру да жоспарда бар. 

Бердібек ҚАБАЙ