Талай жыршы мен ақынның жырына арқау болып, жер жәннаты атанған Бурабайда жылдың соңы аса мазасыз болды.
Тұрғындарды тонаған терминал
фото: burabaypark.qr-pib.kz
727
оқылды

Бір жағынан қыстың көзі қырауда жылу жүйесі бұзылуының салдарынан үйлері азынап қатты жаураса, екіншіден еліміздегі ерекше қорғалатын ұлттық парктерге кіру ақысы жыл басынан көтерілгені қалың жұрттың шымбайына қатты батты.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері парк аумағында жұмыс істейтін нысандардың, сондай-ақ осы нысандарда жұмыс істейтін адамдардың ресми түрде терминалдан өткені үшін ақы төлеуден босатылғанын жария еткен еді. Бірақ іс жүзінде тұрғындар күнделікті жұмысқа барып-қайтқаны үшін де қаңтардың басынан қалтасының қағылып жатқанын айтып шыр-пыр болуда. 

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры...» демекші, 2024 жылдың 1 қаң­тарынан бастап еліміздің аумағындағы Ұлттық парктердің аумағына кіру ақысы қым­баттаған. Бұл Салық кодексінің 591-бабына өзгерістер енгізілуінің нәтижесі болатын. Оған сәйкес мемлекет ерекше қорғалатын аумақтарға жеке адамдармен қатар автокөліктерден де кіру төлемін алуға шешім қабылдаған-ды. Бұл заңға бурабайлық тұрғындар наразылық білдіріп, петиция жариялаған. Оған жергілікті ат­қару­шы органның «Бурабай» МҰТП аума­ғындағы елді мекен азаматтары мен осында жұмыс істейтіндердің мәселесі оңынан шешілетінін жария еткенін жазғанбыз. 

Бурабайлық тұрғандар өз елі, өз жерінде тұрып мөлдіреген сұлу көлі мен қарағайлы-қайыңды орманына, Жұмбақтас пен Оқжетпесіне ақысыз өте алмай қалғанына алаңдайды. Расында да, жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес тек ерекше қорғалатын аймақтан басқа елді мекендердің бәрі де терминал арқылы шлагбаумнан өткенде ақы төлейді. Ақы төлеушілердің қатарына, тіпті тиіп тұрған Бурабай, Оқжетпес, Зеленый Бор, Қотыркөл, Ақылбай сияқты елді мекен тұрғындары да кіріп кеткен. Олардың кейбірі тіпті жұмысқа барып келген кезде де терминалдан өткенде әр тәулік сайын 1 110 теңгеден ақы төлеуге мәжбүр болатынын ашына жеткізді. 

«Мен өзім осы Бурабай кентінің өзінде тұрамын. Күн сайын терминалдан өткенім үшін шот келіп тұр. Әр тәулік сайын 1 110 теңге сомасында төлеймін. Сонда бір айда мен 30-35 мың теңге төлеуге тиісті екенмін. Одан да мен бұл соманы Көкшетауда оқуда жүрген баламның пәтеріне төлер едім. Біз өз үйімізде, өз жерімізде тұрып, ақы төлеп жүргеніміз ақылға сыймайды. Мәселен, осы жазда үйдің жанындағы орманнан саңырауқұлақ, жидек тергенім үшін ақы алмақ болды. Яғни, енді біз ең жақын орманға да кіре алмай, тегін болған жағажайға да бара алмайтын болдық. Ал қазіргі істеп отырғандары мүлдем бассыздық. Біз мұны жай қалдырмаймыз деп шештік. Әкімдіктен жиналысқа рұқсат алып, жергілікті тұрғындар 20 қаңтар күні бейбіт жиналыс өткізуге шешім қабылдадық. Бұл болып жатқан жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құлағына жетуі керек. Әділдік болуы керек. Халық онсыз да жұғымсыз ғана жалақы алып отыр. Оның осынша бөлігін қалай салық етіп төлемек? Мемлекеттік қызметшілер төлемнен босатылады екен деген сыбыс естідік. Сонда басқа халық адам емес пе? – дейді жергілікті белсенді тұрғын Сабыржан Ағыбаев. 

Бурабай ауданы әкімдігі түйткілді мәселеге пікір білдіріп, ерекше қорғалатын аумаққа кіретін тұрғындардың терминалдан ақы төлеуден босатылғанын атап өтіп, қандай санаттарға ақы төлеу қарастырыл­ғанын жеткізді. 

«2023 жылғы 5 қаңтарда Aikyn.kz-те жарияланған мақалаға орай Бурабай ауданының әкімдігі хабарлайды, Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 21 жел­тоқсандағы (№165-VII) заңы аясында Салық кодексінің 591-бабына мемлекеттік ұлттық парк аумағы көлік құралдарын кіргізгені үшін алым алу мәселесі бойынша толықтыру енгізілген болатын. Осыған орай, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіруге жаңа төлем ставкалары бекітілді.

2024 жылға арналған алым мөлшері:

– жаяу жүргінші – 0,1 АЕК (369 теңге);

– мотоцикл, мопед, квадроцикл үшін – 0,2 АЕК (738 теңге);

– жеңіл автокөлік – 0,3 АЕК (1 108 теңге);

– сыйымдылығы 16 орынға дейінгі шағын автобус пен жүк көлігі – 1 АЕК (3 692 теңге);

– 32 орынға дейінгі автобустар – 2 АЕК (7 384 теңге);

– 32-ден астам орындық автобус – 3 АЕК (11 076 теңге).

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан елді мекендерде тұратын және/немесе сол жерде орналасқан саяжайлары бар жеке тұлғалар төлемнен босатылады.

Ұлттық парк аумағынан тыс орналасқан елді мекендерінің халқы жалпы негізде ақы төлеуге міндетті, бұл талап ұлттық паркпен іргелес жерлердегі тұратындарға да қатысты», – деді Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Жангелді Төлегенов.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, ерекше қорғалатын аумақта жұмыс істейтін азаматтарды ақыдан босату үшін қазір 66 туристік және басқа да нысанда қызмет ететін 1 500 адамның төлқұжат мәліметтері мен автокөліктерінің нөмірлері тіркеуге алынып, арнайы рұқсат әзірленіп жатыр. Ал осы уақытқа дейін төлем жасалған жағдайда олар қайтадан сол азаматтарға қайтарылмақ.  

Ақмола облысы әкімдігінің ресми таратқан мәліметіне сенсек, жергілікті тұрғындарға Бурабай мемлекеттік ұлттық паркінің аумағына кіруге рұқсат берілген. Мұндай шешім ұлттық парк аумағына кіруге жергілікті тұрғындармен төлем жүргізу мәселесі төңірегінде болған жиында қабылданған. Жиынға облыс әкімі Марат Ахметжанов төрағалық еткен. 

– Бурабай мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің ерекше қорғалатын табиғи аумағына кіруге төлем жөнінде Салық кодексінің 590-бабының 3-тармағына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақ шекарасында елді мекендерде тұратын немесе саяжайлары бар жеке тұлғалар төлем жасамайды, – деді Ақмола облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Дулат Нұрмолдин. 

Облыс әкімдігі таратқан мәлімет бойынша, ұлттық парк шекарасында тұратын 500-ден астам тұрғын парк аумағына кіру төлемінен босатылған. 

Бұқаралық ақпарат құралдарына пікір білдірген Ақмола облысының Балалар мен жастар туризмі республикалық ассоциация­сының төрағасы Қайрат Сұлтанов ерекше қорғалатын аумақтарға автокөліктердің кіру төлемінің артуы екі еселенген салық деп санайтынын жеткізді.

– Біз жеке тұлғаның ұлттық паркте болғаны үшін әрбір күні үшін ғана төлем жасадық. Ал енді автокөлік үшін де төлем жүргізетін болдық. Бірақ жоғарыда аталған түзетулерде арнайы техникалар, өрт сөндіру көліктері, жедел жәрдем жайлы ештеңе де айтылмаған, – дейді Қайрат Сұлтанов.

Оның айтуынша, ұлттық парк аумағында жұмыс істейтін адамдар үшін жеңілдіктер жазылмаған. 

– Әлемдік тәжірибеге сәйкес, ерекше қорғалатын аумақта тек ластану көзінен ғана ақы алынады. Ал бізде бәрі басқаша. Мәселен, Бурабай курорттық аймағында орналасқан «Балдәурен» балалар лагері 2019 жылы ғана 52 миллион теңге салық төлеген. Бұдан бөлек, туризммен айналыса­тын жұмыс берушілердің құқықтары қорғалмаған. Жасырын схемалар арқылы шын мәнінде жұмыс істейтін адамдар мен туристердің нақты саны жасырылады. Яғни, ешкім де «ауа үшін төлем» делінетін салық төлегісі келмейді. Мүдделі министрлік­тер салық төлеушінің мәдениетін, заңды­лықтың сәнін келтіруі тиіс қой. Бұл өзгерістер «Атамекен» ұлттық палатасының келісімінсіз өткен сияқты. Өйткені бизнес туризм сала­сын қорғауға алады, – дейді Қайрат Сұлтанов. 

Тақырыпты зерттеу барысында тарифтің өзгертіліп, парктер аумағына кірудің ақылы болуына байланысты 20 қаңтарға Бурабайда бейбіт жиын ұйымдастыру жоспарланғанын естідік. Бұл жиында да мәселе ұлттық паркке кірудің ақылы болуы мәселесі күн тәртібіне енбек. Қалай дегенмен де түйткілді мәселенің түйіні әлі тарқатылған жоқ. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы