Қала тұрғындарының денсаулығына қауіп төндірген экологиялық мәселенің алдын алуда алматылық ғалымдар да үнсіз қалмақ емес.
Табиғатқа жанашыр жасыл жоба
970
оқылды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің физиолог-генетиктері қаланың ауа сапасын жақсартуға көмектесетін тың әдіс ойлап тапты. Инновациялық әдіс негізінде зиянды заттарды бойына сіңіретін өсімдіктер өсіріледі. Экологиялық маңызы зор жобаның жетекшісі – биология ғылымдарының кандидаты Асқар Қалекешов. 

Өсімдіктер Алматы облысында орналасқан Көлді агробиостансасы базасында өсіріледі. Жобаны жүзеге асыруда дәл осы агробиостан­саға тоқталудың өзіндік себебі де бар көрі­неді.

– Бүгінге дейін Алматы облысындағы Көлді агробиостансасы оқу-дала практикасы ретінде қолданылып келген еді. Студенттердің ғылыми-зерттеу құзыреттіліктерін арттыруға бағытталған оқу базасы ретінде жұмыс іс­те­ді. Қазір басшылықтың қолдауы нәти­жесінде  бос жатқан тоғыз гектар жерімізге мақсатты пайдалану жоспары қойылды. Яғни, сол жерді игеру үшін белгілі бір ғылыми-зерттеу жұмыстарын бағыттау ке­рек болды. Алдағы уақытта тоғыз гектар жерді қоршап, өсімдіктерді өсіруге қажетті құралдарды пайдалану үшін арнайы жабдықтармен қамтамасыз етіледі, – дейді ол.

Әңгіме барысында жоба жетекшісі денсаулық сақтауда ең бірінші қолға алынуы тиіс шара – организмге теріс ықпал ететін факторлардың алдын алу екенін атап өтті.

– Алып шаһардың экологиялық жағдайын жақсарту және тұрғындар денсаулығын сауықтыру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу ең өзекті мәселе дер едім. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, бұл тұрғындардың күн режимін дұрыс ұйымдастыруына, табиғатпен үйлесімді тіршілік етуіне байланысты. Күн өткен сайын қоршаған ортаға деген жоғары антропогендік жүктеменің қауіпті салдары артып келеді. Сондықтан ғылымның алдында тұрған басты міндет – келешек ұрпақтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Қазір көпшілігі өзінің жеке жайлылығын алғашқы орынға қойғандықтан өкінішке қарай, бұл мәселеге бас қатыра бермейді. Ал мұны шешуде жеке тұлға ғана емес, қоғам соның ішінде түрлі ұйым атсалысуы міндетті, – деді ғалым.

Ғылыми-өндірістік жұмыстар биыл көктем айларында басталады. Айта кетейік, бұл университет ғалымдары жүзеге асырғалы отырған жалғыз жоба емес. Одан өзге тағы алты бірдей жоба қолға алынбақ. Асқар Қалекешовтің сөзінше, олар ғылыми-өндірістік бағыттағы үш негізгі міндеттен құралған. Бірінші міндеті – мегаполистердегі атмосфералық ауа құрамын зиянды заттардан тазартуда тиімді әдіс-тәсілдерді ұсыну болса, екіншісі – организмнің қорғаныш мүмкіндігін арттыру жолында дәрілік өсімдіктерден бірқатар биологиялық белсенді зат дайындау. Осы мақсатта дәрілік өсімдіктерді жерсіндіріп, оларды көбейту арқылы Қазақстанның қолайсыз аймақтарында өсіруге мүмкіндік жасау. Ал үшінші міндет аясында оқу ордасының басты миссиясын орындау көзделген. Бұл дегеніміз – білім беру сала­сында озық білім мен құндылықтарды же­тіл­діре алатын көшбасшы ұстаздарды қа­лып­тастыру. Нәтижесінде, келешек ұр­пақ­ты өзінің жеке жайлылығын шетке ысырып, қоғам мен бүкіл адамзаттың мүд­десін жоғары қоюға тәрбиелеу. 

– Зерттеу барысында аз зерттелген бірқатар дәрілік өсімдіктің жекелеген қа­сиеттері, белсенді заттарының организм үшін тиімділігі анықталады. Мәселен, Алтай үшқатын алсақ, ол бұта тектес, жидек өсімдіктерінің қатарына жатады. Қысқа төзімділігі және биохимиялық құрамының жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Алтай үшқатының жемістерінде дәрумендер, қант, қышқылдар, пектиндік заттар, макро және микроэлементтер кешені мол. Тіпті, оның өсімдік зиянкестері мен ауруларына төзімділігі экологиялық таза өнім алуда маңызы зор. Осындай қасиеттерін ескере отырып, Алтай үшқатын жерсіндіріп, көбейтіп, организмді сауықтырудағы пайдасын айқындаймыз. Біз Алтай үшқатын Алматы облысында жерсіндіріп бастаймыз. Түрлі зерттеу нәтижесінде оларды қолайсыз аймақтарда, соның ішінде батыс өңірлерінде өсіру мүмкіндігін қарастырамыз, – дейді зерттеуші.

Ғылыми зерттеу жұмысы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің есебінен қаржыландырылады. Жоба жетекшісінің айтуынша, биыл 1 000-ға жуық көшет егу жоспарда бар. Қазірдің өзінде 500-ге жуық көшет дайын тұр. Алдағы уа­қытта агробиостансада көшеттерді отыр­ғызумен студенттер айналысады.

– Қазір көшеттерді елімізде, өз тұқымы­нан өсіріп дайындап жатырмыз. Шетелден сатып алмаймыз. Мұның тиімді тұсы – студенттердің экологиялық білімге деген құлшынысын арттырады. Жобаны іске асыру алдында экологиялық мәселелерді алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіледік. Университет басшы­лығы ұйымының ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын осы бағытта жұмылдырып, қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып отыр. Айтпақшы, осы жылы университетімізде алғаш рет биотехнология және биомедицина, химиялық және физикалық заманауи зерттеу орталықтарын ашу жоспары тұр, – дейді А.Қалекешов.

Одан өзге биыл университетте тиімді адсорбциялық қасиеттері бар ауаны тазар­татын көпжылдық ағаш өсімдігін отырғызу арқылы Қазақстанның экологиялық мәсе­лелерін шешу бойынша кешенді зерттеулер жүргізіледі. Көпжылдық ағаш өсімдігі жапырағының адсорбциялық қасиеттері, ауыр металдардың жинақталуы және т.б зерттеледі. Соның ішінде павловния, арша, каштан сияқты өсімдік түрлерінің тиімді тұсы анықталады. Ғалымдар 2025 жылы Алматы қаласын көгалдандыруға кіріседі.  

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы