Жамбыл облысында еңбек дауы азаймай тұр. Жалақының аздығына, басшының басынуына, жұмыс орнында қолайлы жағдайдың жасалмағанына ашынған жұрт әкімдікке келіп, талап-арыздарын ашық жеткізуде.
Еңбек дауынан туған дүрбелең
506
оқылды

Мұндай жағдайлар былтыр өңірде ерекше көп болып,  сананы сан-саққа жүгіртті. Билік бұдан сабақ шығарады деп сенгенбіз. Алайда жыл бастала сала «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің қоғамдық жұмысшылары облыс әкімдігі ғимаратының алдына жиналып, жанайқайын жеткізді. 

Жалпы, 41 қоғамдық жұмысшының талабы жалақыны көтеру, өздерін серіктестік штатына қабылдау немесе еңбектеріне қарай қосымша ақы төлеу болды. Бұқара базынасына құлақ түруге Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков келіп, көпшілікке басу айтқандай болды.

Билік өкілінен білгеніміз, 2023 жылы «Жасыл ел-Тараз»  ЖШС-ның салық төлемі бойынша қарыздары болып, мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыса алмаған екен. Нәтижесінде, серіктестік пен Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тікелей келісімшарт жасаған. Аталған келісімшарт негізінде серіктестік қарыздарын толық өтеп, қоғамдық жұмысшылардың заңда бекітілген  80 000 теңге жалақыларына ай сайын қосымша үстемеақы ретінде   85 000 теңгеден төлеген. Алайда  осы жасалған  тікелей келісімшарт ішкі мемлекеттік аудиттің  талап-арызына сәйкес, сотпен заңсыз деп танылған. Қазір серіктестік тарапынан сотқа қайта аппеляциялық шағым түсіп отыр.  

Қала әкімінің айтуынша,  биыл мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурс басталады. Егер серіктестік кон­курстан жеңімпаз болып танылса, қоғамдық жұмысшыларға қосымша төлем  мәселесі шешімін таппақ.  Сондай-ақ биылға рес­пуб­ликалық бюджеттен әр қоғамдық жұ­мыс­шыға субсидияланатын жұмыс орындары арқылы мемлекеттік бюджеттен  110 760 (қолға еңбек өтілдеріне сәйкес 85 000 - 95 500) теңге төленбек. 

Бүгінде  серіктестікте осы көрсетілген айлық жалақымен жұмыс істеу үшін 49 адамға жолдама беріліп отыр.  Алайда жолдама алған жұмысшылар аталған жала­қыға жұмыс істеуден бас тартып, қосымша жалақы төлеуді немесе серіктестіктің штатына қабылдап, жалақыны көтеруді сұ­рауда. Міне, осылайша басшы мен жұмысшы арасында кикілжің туып, соңы басқаша көрініс табуда. Сондықтан бұл мәселені облыс әкімі тікелей бақылауына алған. Алайда «Жасыл ел-Тараз» жұмысшы­ларының жанайқайы толыққанды қашан және қалай шешімін табатыны әзірге белгісіз. 

Негізі, жалақының аздығына байланысты бұл бірінші мәрте болып отырған жағдай емес. Өткен жылы «Қазфосфат» ЖШС жұмысшылары жасаған ереуілді ел ұмыта қойған жоқ. Өзі мен қосшыларына қомақты жалақы жазып алған мекеме басшысына жиналғандар, тіпті жұдырық жұмсап алып жүгіріп, соққының астына алды. Соңында филиал директоры жұмысшылардан «өзім білемге салған» әрекеті үшін кешірім сұрап, өз еркімен жұмыстан кетті. Оның артынша осындай ереуілдер «Қазфосфат» ЖШС-на қарасты өзге де филиалдарда болған, басшылық көптің талабын орындап барып, жұмысшыларды әрең басты. 

Былтыр жол тазалығына жауапты компания жұмысшылары да бас көтерді. Жуалы мен Меркі аудандары аралығындағы республикалық маңызы бар ақылы жолды күтіп ұстауға жауапты «Шымкент спец комплекс» серіктестігінде істейтін 30-дан аса жұмысшы бір жылдан бері еңбекақылары кешіктіріліп, зейнетақы төлемдері тоқтап қалғаны үшін жолды жауып тастады. Ашынған жұмыс­шылар жолды жөндеуге қажетті құрал-сай­мандарының жоғын да жеткізді. Ал жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының облыстық филиалы басшылығы жур­налистерге жауап беруден бас тартып, соңын­да әйтеуір билік өкілдерінің ара­ласуымен  мәселе оңтайлы шешілді.  

Мұндай жағдай «Меркі-Бурылбайтал» тасжолының құрылысын жүргізіп жатқан жұмысшылар арасында да қайталанды. Құрылысқа жауапты қытайлық компания үш жылдың бедерінде еңбеккерлерге ең төменгі жалақы төлеп келген екен. Мұндай басынушылыққа шыдай алмаған 80-нен аса жұмысшы жұмысқа шығудан бас тартып, жалақыларын көтеруді талап етті. Бұл мәселеге облыс әкімдігі тікелей араласып, қытайлық «Синьсин» комнаниясымен өзара келіссөздер жүргізді. Соның арқасында 3 жылда көтерілмеген жалақы 3 күнде өсіп, еңбек адамдарының құқығы қорғалды. 

Былтыр айлығы шайлығына жетпейтінін айтып, ұжым болып, көшеге шыққан М.Дулати атындағы Тараз өңірлік универ­ситетінің 200-ден астам қызметкерінің шеруі еңбек дауының ең шыңырау шыңы болды. Мұнда еңбек адамдары Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін 20 пайызға көбейеді деген айлықтары керісінше 50 пайызға дейін азайып кеткеніне шағымданып, университет ректорынан жауап ала алмағаннан кейін шеруге шыққан. Алайда қызметкерлерінен мұндай әрекетті күтпеген ректор соңында өзі жұмысшыларының алдына шығып, жақын күндері мәселені оңтайлы шешіп беруге уәде етті. Осылайша, мұнда да халық бас көтергеннен кейін барып, басшылар сабасына түсіп, қызметкерлерінің құқығын ойлау қажетін еске түсірді. 

Жалпы, бұлар өңірде былтыр болған еңбек дауларының бір парасы ғана. Бұдан бөлек, «Хантау цемент зауыты» сияқты өндіріс орындарында тіркелген жұмысшылардың ереуілдері аз болмады. Барлық жағдайда еңбек адамы жалақының аздығы мен жұмысқа қолайлы жағдай жасалмағанын айтып шырылдауда. Осы орайда облыстық Еңбек инспекциясы басқармасына қайырылып, өңірде еңбек адамдарының құқығы қаншалықты қорғалып жатқанын білген едік. Басқарма мамандарының берген ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 126 тексеру жүргізіліп, 179 заңбұзушылық анықтаған екен. Нәтижесінде, 176 еңбек заңнамасын бұзудерегі жойылған. Сонымен қатар мекемелердің қызметкерлеріне  554,3 млн теңге көлеміндегі  жалақы қарыздары анықталып, ол толығымен төленген. Алайда жұмысқа қолайлы жағдай жасалмауынан өндірістік жарақаттар көбейген. Мәселен, былтыр 47 жазатайым оқиға болып, 61 адам зардап шеккен. 8 адам қайтыс болған.    

2023 жылы қайтыс болғандар саны 5 бірлікке немесе 38,4 пайызға  төмендеуіне қарамастан, зардап шеккендер саны 2022 жылмен салыстырғанда 27,9 пайызға өскен. Жүргізілген талдау нәтижесінде  өндірістік жарақаттардың дені жұмыс берушінің кінәсінен болғаны анықталып отыр. 

–  2023 жылы қызметтік міндеттерін атқару кезінде тіркелген 47 оқиғаның  23-і жұмыс берушінің кінәсінен болса,  жұмыскердің кінәсінен 19 және бесеуі жазатайым болған.Бүгінде жұмыс берушілер болған жазатайым оқиғаның себептерін жою және алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітіп, оның орындалуын қатаң бақылауға алып отыр. 

2023 жылдың мамыр-қазан айлары аралығында «Қазэкспертпром» ұйымы «Қазфосфат» ЖШС-да еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарын аттестаттаудан өткізді. Зиянды және ауыр еңбек жағдай­ларында жұмыс істейтін қызметкерлерге қосымша ақылар белгіленді. Сүт немесе басқа да баламалы өнімдерді беруі үшін жұмысшылардың тізімдері жасалды.

Сондай-ақ  «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-да өндірістік жазатайым оқиғаларға талдау жасалынып бөлім, орталық қызмет басшыларының, еңбек қауіпсіздігі және қауіпсіз техника қызметі мамандарының және басқа  қызметкерлердің оқу-жаттығу бойынша біліктіліктерін арттыру  бойынша қосымша жұмыстар атқарылуда.Бұдан бөлек, жұмыс орындарында еңбекті қорғау талаптарының сақталуына,  қызметкерлерді арнайы киіммен, аяқ киім­мен және басқа да жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуіне бақылау күшейтілді.

 Golden Compas Jambyl ЖШС  өндірістегі жазатайым оқиғаның алдын алу мақсатында компания бөлімшелерінің барлық басшысы мен жұмысшысына еңбек қауіпсіздігі бойынша қосымша жоспардан тыс нұсқаулықтар өткізіп, қызметкердің бір бөлігінің жалақысы 10%-дан 25%-ға дейін өсірді.

Жалпы, өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту мақсатында кәсіпорындарда  ішкі бақылауды 994 өндірістік кеңес жүзеге асырады. 108  кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі стандарттарды енгізді. 18 кәсіпорын Vision Zero нөлдік жарақат тұжырымдамасына қосылды. Соңғы 5 жылда 956 өндірістік нысан, оның ішінде 4 554 жұмыс орны аттестаттаудан өткізілді.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары жыл басынан  бері жеке қабылдау жұмыстары барысында   67 тұрғынға еңбек заңнамалары­на қатысты консультативтік кеңестер берді, – дейді облыстық Еңбек инспек­ция­сы басқармасының басшысы Жарыл­қасын Айтақов. 

Негізі, 2022 жылы ұйымдар мен кәсіпорындарға 147 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 2023 жылмен салыстырғанда зерделеу жұмыстары көп атқарылған. Нәтижесінде, 223 заңбұзушылық тіркеліп, 158 еңбек қатынастарының бұзылғаны белгілі болған. Яғни, 2022 жылы тексерудің көп болғанынан жұмыскердің еңбек құқығының бұзылуы да көп анықталған. Жауапты мамандар жоспардан тыс тексерулер жұмыскерлерден келіп түскен арыз-шағымдарға байланысты жүргізілетінін айтады. Демек, 2022 жылы еңбек даулары көп болса, 2023 жылы арыз-шағымдар аз түскен. Алайда бұл тұста ескере кетері, Еңбек инспекциясы басқармасы «Жасыл ел-Тараз» мекемесі сияқты қоғамдық жұ­мыс­шылар еңбек ететін мекемелерді тек­серуге құқылы емес. 

Қалай дегенде де, қазір еңбек даулары елді дүрліктіріп тұр. Жұмысшылар жанына батпаса жанайқайын білдіріп, әкімдік ғимаратының есігін күзетіп, шеруге шық­пайтыны белгілі. Осы орайда кейінгі жыл­дары еңбек дауларының көбеюіне  не себеп болып тұрғанын білмекке заңгердің пікіріне жүгінген едік. 

–  Еңбек дауларының көбеюінің басты себебі мемлекеттік мекемелердің қызметінің дұрыс атқарылмауынан болып тұр. Мәселен, күні кеше облыс әкімдігі ғимаратының алдына жиналған «Жасыл ел-Тараз» мекеме­сінің жұмысшыларының мәселесін былтыр шешіп тастау керек еді. Егер олардың қаржы­лық жағдайын жаңа жыл басталмай жатып оңтайландырып, туындаған түйткіл­дердің түйінін тарқатып қойғанда жұмысшы­лар шеруге шықпасы анық еді. Алайда билік өкілдері оны созбалаңға салып, соңы айқай-шумен аяқталып отыр. Нәтижесінде, былтыр істеуге болатын жұмысты елді дүрліктіріп барып бәрібір жасағалы тұр. 

Жалпы, жалақы болса да жұмыстағы қолайсыз жағдай болса да қандай еңбек даулары болса да бәріне кінәлі жауапты мекемелердің жұмысының жүйесіздігі. Мәселен, облыста Еңбек инспекциясы басқармасы бар. Алайда аталған мекемеге еңбек адамдары жанайқайын білдіріп барып жатса, бір-біріне сілтеп, соңында есіктен арқа­сы­нан қағып, шығарып салып жатады. Осы­дан барып құқықтары тапталған жұ­мыс­шылар әкімдік ғимаратын жағалайды.Егер сол мәселе Еңбек инспекциясы басқармасы сияқты мекемелердің шеңберінде шешіліп жатса, соңы айқай-шуға ұласып жатпас еді. 

Тағы бір айта кетерлігі, Үкіметтен түрлі мемлекеттік бағдарлама жанданып, өңірде іске асыруға жолданып жатады. Алайда сол бағдарламаға жергілікті әкімдіктерде бір ғана маманды жауапты қылып белгілеп жатады. Ал ол маман күнде келетін жүздеген адамды қабылдауға қауқары жетпей, оның соңы да айқай-шумен аяқталады. Міне, осындай жағдайлардың болмауы үшін ең бірінші мемлекеттік мекемелердің жұмысын бір жүйеге қою керек. Сонда ғана еңбек даулары азайып, жұмысшылар әкімдік ғимаратына емес, құқықтарын қорғайтын құзырлы мекемеге жүгінетін болады, – дейді заңгер Қайрат Шайхиев.

Иә, еңбек адамдарының құқығын қорғап жүрген заңгердің сөзі орынсыз дей алмаймыз. Себебі жүйе мен тәртіп болса, жұмысшылар да әкімдік ғимаратының есігін күзетіп, шеруге шықпасы анық. Оған қоса, қазір мекеме басшылары өз мәселелерін ұжым ішінде шеше алмайтын жағымсыз құбылыс жиілеп барады. Егер мекемедегі жағдайды басшы бақылауында ұстай алмаса, онда ол не істеп отыр? Басшы сонда қол қойып, мөр басу үшін ғана керек пе? Міне, осы мәселелер ойландырмай қоймайды. Сондықтан облыс әкімдігіне шеруге шыққан еңбеккерлердің емес, ең бірінші өз жұмысын тиісті деңгейде атқара алмаған басшылардың мәселесін майшаммен қарау қажет-ау...

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы