Былтырғы жылдың соңы мен жаңа жылдың алғашқы күндері Жетісу облысында, оның ішінде Талдықорған қаласында адамға жаға ұстатқан бірнеше қылмыстық оқиға тіркелді.
Сұрауы жоқ іздеусіз қалады
602
оқылды

Тойханада топтасып төбелесуді айтпағанда, мектеп жасындағы Карина Дорохина атты қыз баланың бірнеше ай бойы іздеусіз-сұраусыз жоғалуы мен әкелі-балалы азаматтардың үйде пышақталып, бауыздалып өлтірілуі облыс орталығы тұрғындарын алаңдатып тастады. Соның алдында ғана Ақсу ауданындағы ананың өзіне қол салып, соңына шырылдатып кішкене балаларын тастап кеткені де көпшілік арасында туындаған аса маңызды қоғамдық пікірге өзек болып, түрлі болжам айтылған еді. 

Қазір Ақсудағы ана өліміне байланысты іске қатысты тергеу жүріп жатыр. Жоғалып кеткен 14 жасар қыздың мәйіті Текелі тауларынан табылып, жасөспірімді өлтіруге күдіктілер ретінде қыздың анасы мен өгей әкесі қамауға алынды. Ал екі адамды бауыздап өлтірген қаніпезер Талдықорған қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесінде жасырынып жүрген жерінен ұсталды. 

Талдықорғандықтар туған қызын ажалға байлаған ана мен өгей әкенің әрекетін әлі түсіне алар емес. Сонымен бірге бірнеше ай бойы мектепке бармаған жасөспірімнің жағдайы жайлы сұрап білмеген білім және қорғаншылық органдарының бейқамдығы да орынды сұрақтар туындатады. Егер алыс Ресейдегі туысынан жаңа жылға арналған  сәлемдеме келіп, оны тапсыратын адам қызды таппай, мектепке келіп, іздеу салмаса, ет жақындарының  қолынан ажал тапты деп болжанып отырған  жасөспірім сол бойы сұраусыз өтіп, мәйті жер астында жасырылған күні қалар ма еді? 

Облыстық Полиция депатаментінің мәлімдеуінше, 14 жасар қыздың жоғалуына күдікті ретінде оның анасы мен өгей әкесі уақытша оқшаулау орнына қамауға алынған. Соның алдында ғана әлеуметтік желілер арқылы полиция өздеріне қатысты тергеуде заңсыздықтарға барып жатыр деп байбалам салған сезіктілердің өздерін ақтауға тырысқан мәлімделерінде айтылғандар  дәлелденбеген еді. Тергеудің алғашқы күнінен бастап барлық заң талаптары қатаң сақталып, қамаудағылар қорғаушылармен қамтамасыз етілген. Қазір тергеу жалғасуда, оның барысы ІІМ тарапынан айрықша бақылауға алынған.  Ал жоғалған Каринаның мәйіті Текелі қаласының маңындағы тау бөктерінен табылған. Әзірге Каринаның қашан, қандай жағдайда жоғалғаны жайлы тап басып айту қиын. Тергеу барысында күдіктілер өз бастарын арашалап қалу мақсатында бір-біріне қарама-қайшы келетін түрлі куәлік беруде.  Бүгінге дейін белгілі болғаны, облыс орталығындағы Ушинский атындағы мектепте оқитын Карина бірінші тоқсаннан соң сабақта болмаған. Нақтырақ айтқанда, қараша айының басынан бері оны көрген, білген адам жоқ. Қазір анықталғандай, жедел-іздестіру шарасының басталуына жоғалған қыздың Ресейде тұратын туысқанынан келген сәлемдеме себеп болғанын жоғарыда жаздық. Ушинский мектебінің директоры Ерік Саржігітовтың айтуына қарағанда, Карина Дорохинаның жоғалғанға дейін осы мектепте оқығаны рас. 

– Жаңа жылға таман бізге келген әйел адам Каринаға Ресейден жіберілген сәлемдемені тапсыруды өтінді. Ол кісіге 31 қазан күні Карина Дорохинаның заңды өкілі – анасы келіп, қызының бұдан былай Ресейге қоныс аударатынын, Воронеж қаласындағы бұрынғы мектебіне ауысатыны туралы өтініш жазып, құжаттарын алып кеткенін айттық. Содан бері хабарымыз жоқ екенін түсіндірдік, – дейді мектеп басшысы. 

Көңілдеріне алаң кірген мектептегілер атынан Каринаның анасына хабарласқан, бұрынғы сынып жетекшісі сәлемдемені алып кетуді өтініп, телефон шалады. Анасы келіп, сәлемдемені алып, қызының қазір Ресейде оқып жатқаны жайлы егжей-тегжейлі түсініктеме жазып кеткен.  Жаңа мектептен анықтама әкелетінін айтады. Осылайша, бұған дейін Ресейдің Воронеж қаласындағы мектепте оқыған, Талдықор­ғанға былтырғы сәуір айында ауысқан Каринаны өзі бұрын оқыған мектепке қайта кетті деп шешкен мектеп ұжымы қарашадан бастап, оған ешқандай іздеу салмаған. Өйткені Қазақстан заңнамасына сәйкес, егер оқушы бір оқу орнынан кетіп, басқа мектепке ауысатын болса оған кеткені туралы талон беріледі. Сонымен бірге бұрынғы оқу орнына оның  жаңа мектебінен сонда оқитыны туралы  хабарлама келуге тиісті. Бірақ бұл талап өз еліміздегі оқу орындарына ғана қойылады. Ал бала үлкен­дермен бірге басқа елге қоныс аударғанда, мұндай талап қарастырылмаған.  Сондықтан Каринаның бірнеше  ай бойы қайда оқып жатқаны жайлы хабар білмеген мектеп ұжымын бұған кінәлауға болмайды. 

 Дегенмен осы жағдай түрлі ойға жетелейді. Елдер арасында көші-қон жиілеп тұрған қазіргі уақытта балалардың жаңа қоныстану орнына барғанын, мектепке орналасқанын білудің мүмкін еместігі олардың тағдырына еріксіз алаңдаушылық тудырады. Дәл осы Каринаға қатысты оқиғадан соң бұл тұрғыдағы  күмән барынша күшейіп тұрғаны да рас. Жаңа жылға сәлмдеме салған алыс туысқаны болмаса, Дорохина да іздеусіз қалары анық еді. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы