Боранды күнгі оқиға 10 қаңтар күні Ерейментау ауданына қарасты Еркіншілік ауылында болған.
Ерейментауда қолы сынған баласын жетектеген жүкті әйел адасып кеткен
999
оқылды

Ерейментау ауданында жүкті әйел мен қолы сынған баласы айдалада үсіп қала жаздады. Аудан орталығына баланы жоспарлы түрде қаратуға жолға шыққан отбасы ақтүтек боранда адасып кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Боранды күнгі оқиға 10 қаңтар күні Ерейментау ауданына қарасты Еркіншілік ауылында болған. Баласын дәрігерге қаратпақ болған отбасы ауа райының бұзылғанына қарамастан жолға шығып кеткен. Көлікте отағасы, жүкті әйелі мен қолы сынған баласы болған. Жолда келе жатып Ерейментау-Торғай жолынан бұрылған отағасы бұлақтан су алмақ болып сыртқа шығып кетеді. Бірақ қайтып оралмаған. 

"Сыртта секундына 30 метр жылдамдықпен соққан ақтүтек бораннан түк көрінбей кеткен. Күйеуін ұзақ күткен жүкті әйел жедел жәрдем мен құтқарушыларды шақыруға шешім қабылдаған. Көмек сұраған хабарлама Ерейментау ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Амангелді Доскеновке жеткен. Құтқарушылар дереу көмекке «ТРЭКОЛ» жол талғамайтын көлігімен аттанған. Алайда қатты бораннан түк көрінбегендіктен, адасқандарды далада жаяу іздеуге мәжбүр болған", – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен. 

Айдалада көліктің ішінде үсіп өлуге таяған отбасын Ерейментау ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Амангелді Доскенов зорға іздеп тапқан. Айдалада қалған отбасын құтқармақ болған құтқарушының өзі де жеңіл үсік алғаны белгілі болды. 

"Өзінің координаталарын әріптестеріне жіберген ол жол талғамайтын көліктің алдынан шығу үшін қайтадан жаяулап жүріп кеткен. Құтқарушылар ана мен баланы көліктеріне отырғызып, жолға жеткізген. Онда жедел жәрдем көлігі күтіп тұрған. Дәл осы кезде отағасы да жақын маңдағы блокбекетке жеткен. Абырой болғанда құтқарылған ана мен баланың өміріне еш қауіп төнген жоқ", – деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметі. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы