Өткен жылдың 29 желтоқсанында таңғы он шамасында үйінен шығып кеткен 54 жастағы әйел сол күйі оралмай із-түзсіз жоғалып кеткен.
Көкшетауда екі апта бұрын із-түзсіз жоғалған әйел іздестіріліп жатыр
670
оқылды

Ақмолада полицейлер былтыр үйінен шығып сол күйі із-түзсіз жоғалған әйелді іздестіріп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Өткен жылдың 29 желтоқсанында таңғы он шамасында үйінен шығып кеткен 54 жастағы әйел сол күйі оралмай із-түзсіз жоғалып кеткен. Анасы Королева Екатерина Николаевнаны іздеуге 34 жастағы қызы полицияға тек 9 қаңтар күні ғана хабарлаған. Алдымен анасын өз бетінше іздеп табуға тырысқан әйел іздеудің сәтсіз болғанынан кейін полицияға жүгінуге мәжбүр болыпты. 

Аталған факт бойынша полиция әйелдің баруы мүмкін барлық жерлерді түгелдей шолып шығып, оның туыстары, достары мен көршілерінен жауап алды. Қазіргі сәтте полиция үйлерді аралап, оқиға куәгерлерінен жауап алып жатыр. Іздеуге Ақмола облысы Полиция департаментінің жеке құрамы түгелдей жұмылдырылды. Бойы 150-160 сантиметр болатын толықша келген әйелдің шашы қою қызыл түсті, көзі көгілдір. Үйден шыққанда қоңыр-сарғыш түсті тоқыма бас киім, қара түсті куртка мен қара етік киген, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.  

Полиция хабар-ошарсыз жоғалған Екатерина Королева жайлы қандай да бір ақпарат білген болса дерек «102» арнайы желісіне хабарлауды сұрайды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы