Еліміздің кейбір аймақтарында кәсіпкерлерден жылу энергиясы үшін заңсыз төлемдер алынып келеді.
Кәсіпкерлерден жылу үшін 100 миллион теңгені заңсыз жинаған – депутат
Фото: uralskweek.kz
1,139
оқылды

Сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында кәсіпкерлерге жылу энергиясы үшін төлемдерді есептеу мәселесін көтерді.

«Заңнамаға сәйкес, тұрғын үй емес үй-жайларды тұтынушылар көппәтерлі тұрғын үйдің жылу желісіне қосылмайды. Өйткені жалпы үйдегі инженерлік жүйелер мен жабдықтар тұрғын үй және тұрғын емес үй-жайлар иелерінің ортақ үлестегі меншігі болып табылады. Көрсетілген жағдайларда көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғын емес үй-жайының меншік иесі қосалқы тұтынушы болып табылмайды. Бірақ ортақ жылу желісі мен жабдықтары энергия беруші ұйымның желілеріне тікелей қосылған пәтер иелерімен тең дәрежеде жылу энергиясын тұтынушыға жатады», – деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, еліміздің кейбір өңірлерінде кәсіпкерлерден қосалқы тұтынушы ретінде жылу энергиясына негізсіз төлемдер алынған.

«Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында «Севказэнергосбыт» ЖШС 1250 тұтынушыны қосалқы тұтынушы қатарына заңсыз жатқызған. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың өткен жылы күшіне енген шешімімен «Севказэнергосбыт» компаниясына тұтынушыларға қайта есептеу жүргізуі міндеті жүктелді. Нәтижесінде 1250 кәсіпкер 100 млн теңгеге жуық қаражат алуы тиіс. Дәл осындай заңбұзушылық Павлодар облысы мен Алматы қаласында да тіркелген», – деді Андрей Лукин.

Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан осы мәселеге назар аударуды және құзыретті мемлекеттік органдарға орын алған кемшіліктерді жоюды тапсыруды сұрады.