Батыс Қазақстан облысы үшін жаңа 2024 жыл ауыр сынақтармен басталды. Олай дейтінімізге бір­неше себеп бар.
Тасжолда талқандалған тағдырлар
796
оқылды

Тура жаңа жылдың үшінші күні, яғни қаңтардың үшінен төртіне қараған түні қаладағы дәмханалардың бірінде жарылыс болып, үш адам қаза тапты, бес адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Төтен­шеліктер «газ балоны жарылған» деген ақпарат берді. Бірақ екі қа­батты ғимараттың ортасына опыры­лып түскеніне қарап, ел ішінде сенімсіздік танытып жатқандар бар. Ал төтеншеліктер болса, «Тергеу толық аяқталған соң мән-жайды айтамыз», – деп құтылды. Бұл аз десеңіз, 2024 жылдың 10 күнінде БҚО-да жол апатынан 12 адам қаза тауып отыр. Ел ішінде жыл ауыр бас­талды деп жүргендері осыдан. Қазір БҚО-ның тасжолдары жол апатынан көз ашпай отыр. Тасжолда талқан болып жатқан тағдырлар кім-кімді де бейжай қалдырмай отыр. 

7 қаңтар күні Орал – Атырау тасжолы бойында екі көлік соқтығысып, үш адам қаза тапты. Оқиға орнына төрт бірдей жедел жәрдем көлігі барып, жол апатынан зардап шеккен 12 адамды ауруханаға жеткізді. Оның ішінде алтауы – балалар. Дәрігерлер 14 жасар баланың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатқанын айтты.

9 қаңтар күні БҚО Чапай– Жаңақала – Сайхын тасжолы бойында екі көлік соқтығысып, бес адам жол апатынан қаза тапты. Дәл осы оқиға елді дүр сілкіндірді. Әлеуметтік желіде «қашанғы жолда қырыла береміз» деген сарындағы жазбалар көбейді. 

Оқиға Жаңақала ауданының Пиятимар ауылы мен Ақбалшық ауылының ортасында болған. Қаза тапқан бес адамның төртеуі бір отбасының адамдары. Осы жол апатынан бір жарым жастағы сәби аман қалған, бірақ жағдайы ауыр, қазір ауруханада. Қазақ мұндайда «сәбидің періштесі қаққан шығар» дейді. 

Осы оқиғадан кейін БҚО Полиция департаментінің басшысы шұғыл брифинг өткізді. 

– Біз қазір сіздерді шұғыл жинап отырмыз. Биылғы жыл басталған 10 күн ішінде 11 жол апаты тіркеліп, 12 адам қаза тапты, 21 адам жарақат алды. Бұл – соңғы 20 жылда болмаған оқиға. Мұндай 10 күн ішінде жол апатынан осынша адамның қаза табуы туралы дерек соңғы 20 жылда тіркелмеген. Бұл – бір өкінішті жағдай. Біз қазір жолдағы қауіпсіздікті күшейтіп жатырмыз, – деді БҚО Полиция департа­ментінің бастығы Арман Оразалиев. 

Департамент бастығының айтуынша, қазір облыстық маңызы бар жолдарда 47 патрульдік полиция көлігі кезекшілік етеді. Оның ішінде 3 кибер-шериф бар. Соған қарамастан облыста жол апатының саны азаймай отыр. «Оның себебі тасжолдар қардан дұрыс тазартылмайды», – дейді тәртіп сақшылары. 

– Мен Атырау – Орал, Чапай – Жаңақала тасжолында жол апаты болған кезде екі жерге де дереу бардым. Бәрін өз көзіммен көрдім. Жол қардан тазаланбаған, көк мұз. Ештеңе көрінбейді. Алдында Атырау – Орал тасжолында үш адам жол апатынан қаза тапты. Біз әбден оқиға орнынан кетіп бара жатқан бетте «ҚазАвтоЖолдың» жол тазалайтын көлігі енді келе жатты. Жаңала тасжолы да көк мұз. Жолда ешқандай техника жүрген жоқ. Бізде жолды күтіп ұстайтын мекемелер тек жол апаты болып, бірнеше адам қаза тапқаннан кейін барып жолға құм себуге шығады. Олар жолды дұрыс күтіп ұстамай отыр. Біз күн райы бұзылған бойда барлық мекемеге нұсқама жібереміз. Бірақ оны нысанаға алып отырған басшылықты көрмей отырмыз. Бұған дейін бірнеше мәрте әкімшілік іс қозғадық. Енді осы оқиғадан кейін қылмыстық жаза мәселесін қарастырып жатырмыз, – деді БҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин. 

Жоғарыда аталғандай тасжолдар күтіп ұсталмай отырғаны рас. Бұл туралы әлеуметтік желіде қоғам белсенділері үнемі айтып жүр. 

Атырау– Орал тасжолын күтіп-ұстауға «ҚазАвтоЖол» мекемесінің БҚОФ жауапты. Ал Чапай – Жаңақала тасжолын БҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы күтіп ұстауға тиіс. 

Жыл басынан бері тәртіп сақшылары тасжолдарда 90 тексеріс жүргізіпті. 

– Жыл басталғалы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 90 мәрте тексеріс жүргізілді. Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы облыстық Полиция департаментінің  тарапынан берілген нұсқамаларды орындамағаны үшін  Әкімшілік кодекстің 462-баптағы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр. Дәл осы баптың, осы бөлігі бойынша респуб­ликалық маңызы бар тасжолдарды күтіп ұстауға міндетті «ҚазАвтоЖол» ЖШС-ның БҚОФ-на полиция берген нұсқамаларды орындамағыны үшін хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Енді осы мекемеге 500 АЕК дейінгі аралықта айыппұл салу көзделіп отыр. Биыл жолдарды күтіп ұстамағаны үшін 12 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, – деді БҚО ПД Әкімшілік полиция бас­қармасы бастығының орынбасары Олжас Ибрайымов. 

Жалпы, ел ішінде Орал – Атырау тасжолын «өлім жолы» деп атайды. Өте ауыр сөз, әрине. Бірақ дәл осы тасжолда жаны үзілген адам көп. 

– «ҚазАвтоЖол» деген құдайға керегі жоқ мекеме бар. Тек Үкіметтің ақшасын ауаға шашып отыр. Атырау – Орал тасжолы көк мұз. Жалтырап жатыр. Мемлекеттен бөлінген миллиондар қайда кетіп жатыр? Әлде тағы кісі өлімін күтіп отырсыздар ма? – деп жазды өзінің Facebook парақшасында қоғам белсендісі Айболат Букенов. 

Осы Орал – Атырау тасжолын кеңейту мәселесі жиі айтылады. Бірақ әзірге нақты әрекет жоқ. Тек жолды кеңейту мәселесі әзірге жоспар күйінде тұр. Бұл туралы бізге «ҚазАвтоЖол» мекемесінің облыстағы филиалының өкілі айтқан болатын. 

– 2026 жылы Атырау – Орал тасжолы қайта салынады. Қазір жол екі жолақты. 2026 жылғы құрылыстан кейін Атырау – Орал тасжолы төрт жолақты болады. Қазір сметалық құжаттары әзірленіп жатыр, – деді  «ҚазАвтоЖол» мекемесінің БҚО филиалы директорының орынбасары Дамир Тілеубаев.

Айта кетейік, былтыр облыста 445 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 107 адам қаза тапқан.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы