Жетісу облысының диқан­дары былтыр жүгеріден бұрын-соңды болып көр­меген мол өнім жинағаны және сол алтын дәнді ешқайда өткізе ал­май пұшайман болып отырғаны ту­ралы жазылды да, айтылды да.
Жүгері дауының дүмпуі министрді жылы орнынан қозғады
952
оқылды

Ақы­ры жүгері дауының дүмпуі Ауыл ша­руашылығы министрі Айдарбек Са­паровты жылы орнынан қозғап, Же­тісуға жолға шығуға мәжбүр ет­кен сыңайлы. Астанадан Талды­қор­ған­ға жеткен министр облыс әкімі Бей­біт Исабаевпен бірге агроөнер­кә­сіп кешені саласының маман­да­ры­­мен жиын өткізіп, дәл қазір қа­лып­тасып отырған өзекті мәселелер жайлы талқылады. 

Облыс әкімінің жиын кіріспесінде: 

– Жетісу облысында халықтың басым бө­лігі ауылдық жерлерде тұрады. Соған сай тұрғылықты халықтың әл-ауқатының жақ­саруына ықпал ететін бағыттардың бірі әрі біре­гейі ауыл шаруашылығы екені айдан анық. Сондықтан қазір агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына айрықша назар аударып отыр­мыз. Өздеріңіз білетіндей, өткен жыл­ды ойдағыдай қорытындыладық. Бірақ аз­ды-көпті мәселелердің бар екені де жа­­сырын емес. Бүгін облысқа Ауыл шаруа­шылығы министрі Айдарбек Сапаров ар­найы жұмыс сапарымен келді. Аймақтағы ха­лықпен кездесуге шыққан Парламент де­путаттары да осы кездесуге қатысып отыр. Аудан-қалалардағы шаруа қожалық­тары­ның басшылары да осында. Осы жиын­да өңірдегі бірқатар мәселені еркін фор­матта бірге талқылап алайық, – деді Б. Иса­баев.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жа­­­қанбаев қысқаша баяндама жасап, об­лыстағы АӨК-ның даму барысымен та­ныс­тырды. Оның баяндағанына қарағанда, Же­тісу өңірі үшін ауыл шаруашылығы са­­­ласын дамытудың маңызы зор және бұл ба­ғытта ауыз толтырып айтарлықтай алға іл­герілеу бар. Мәселен, былтырғы 11 ай­дың қорытындысында өңірде ауыл ша­руа­шы­лығы өнімін өндіру 1,8%-ға ұлғайған. Ай­мақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өң­дейтін 120 кәсіпорын жұмыс істесе, олар 78 млн теңгенің азық-түлік өнімін шы­ғар­ған. Оның айтуынша, өңдеуге өткізілетін қант қызылшасына берілетін субсидия кө­ле­мінің арттырылуы аймақтағы шаруа­шы­лықтардың ісіне оң серпін берген. 

Осылайша, бар дүние асырыла, кемшін тұс­тар тұспалдап айтылған жиында сөз ал­ған шаруа қожалықтарының басшылары ми­нистрге көпшіліктің көкейіндегі сұрақ­та­рын қойып, кейбір күрмеуі күрделі мә­селелерді шешуге қатысты ұсыныстарын жет­кізді. Талдықорғандық «Самай» ШҚ тө­рағасы Еркінбек Сіләмов ауыл шаруа­шы­лығы техникаларын жаңарту, ауыл ша­руашылығы субъектілеріне салынатын са­лықты өтеудің кейбір әкімшілік про­це­дураларын жеңілдету, ауылдық жерлерде, атап айтқанда шаруа қожалықтарына қа­жет­ті бухгалтер мамандардың жетіс­пеу­ші­лі­гі сияқты бірқатар өзекті мәселе көтерді. Ал Ескелді ауданындағы «Санжар» ШҚ бас­шысы Жанатбек Сарғалдақов шаруа қо­жалықтарын жеңілдікпен несиелендіру, олар­ды сапалы техника алуға ынталандыру, былтыр күзден бері жұрттың мазасын алып тұр­ған жүгері өнімін өткізу мәселелеріне тоқ­талды. Бұл жағдайға тағы да басқа фер­мерлер де тоқталып, өз ойларын ортаға сал­ды. Шаруалар «Жүгері егетін шаруа­шы­лықтарға субсидия егістіктің гектарына есеп­телсе, тыңайтқышты субсидиялау та­лап­тары қайта қарастырылса» деген ұсы­ныстарын білдірді.

Жетісулықтарды толғандыратын жағ­дай­ларды мұқият тыңдаған Айдарбек Са­паров сұрақтарға жауап бере отырып, ми­нистрлік тарапынан аталған бағыттарда жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Қазір тыңайтқышты дақыл түріне деп емес, тек багара және суармалы жерге деген бө­лініспен субсидиялау туралы өзгеріс әзір­леніп жатқан көрінеді. Сонымен қатар ми­нистр жүгері өсіруді субсидиялауды гек­тарына есептеу форматына қайта орал­майтынын жеткізді, өйткені бұрын мұндай есептеу өзінің тиімсіздігін көрсеткен бола­тын.

– Жалпы, 2023 жыл ауа райының қо­лай­сыздығына байланысты ауыл шаруа­шы­лығы үшін ауыр соқты. Дегенмен мем­лекет қол қусырып қарап отырған жоқ. Пре­зиденттің тапсырмасына сәйкес, Үкі­мет тарапынан бірқатар мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығына 30 млрд теңге, мал шаруа­шылығына 30 млрд теңге, «Азық-түлік» корпорациясына шаруашылық­тар­дан өнім сатып алуға 31 млрд теңге қаржы бөлінді. Жауын-шашын шамадан тыс көп түскендіктен, шаруалар өнімді кептіруге ар­зандатылған дизель оты­нын беруді сұра­ған еді. Оған 65 мың тон­на дизель отыны берілді. Биылдан бас­тап жұмысты жаңаша ұйым­дастырамыз. Нақ­тырақ айтқанда, дән­ді дақылдарды әртараптандыруға кө­шуі­міз керек. Яғни, бидайды, жүгеріні азайтып, бүгінде үлкен сұранысқа ие бо­лып отырған, тиімділігі дәлелденген күн­ба­ғыс, мақсары, рапс сияқ­ты майлы да­қыл­дарға, сол сияқты қант қызылшасын өсіру­ге ден қойып, соларға қарай бейім­делуіміз керек. Бүгінгі жиында біраз мәсе­ле көтерілді. Шынында да, жүгері өнімін өт­кізуде аса күрделі жағдай туындады. Мә­се­лелер түбегейлі шешілді деуге де бол­майды. Елімізге жүгері Ресейден арзан баға­да әкелініп жатыр, жалпы әлемдік на­рықта баға түсіп кетті. Соған қарамастан біз шаруашылықтарға көмектесу жағын қарастырудамыз. Құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен, оған қоса «АзияАгроФут» зауытымен де келіссөздер жүргізудеміз. Бұл кәсіпорындарға шамамен кемінде 40 мың тоннадай жүгері өнімі өт­кізіледі. Зардап шеккен шағын шаруа­шы­лықтарға бірінші кезекте көмек көр­сетіледі, – деді министр.

Шаруалар айтқан проблемалардың кей­бірі жергілікті жерде қарастырылатын м­ә­селелер болғандықтан, облыс әкімі со­лардың қатарындағы ауыл шаруашылығы субъектілерінің салық төлеу процестеріне қа­тысты проблемалар жергілікті мемле­кет­тік кіріс органдарымен бірге талқы­лана­ты­нын айтты. Ал ауылдық жерлерге бух­гал­тер мамандарды дайындауды тиісті бас­қармалар бірлесіп қолға алып, маман тап­шылығын реттейді. Сол сияқты жүгері өсі­рушілерге берілетін субсидияның мөл­шері қазір зауытқа өткізілген әр тонна үшін 6 мың теңге болса, биылдан бастап жер­гі­лікті бюджет есебінен 10 мың теңгеге кө­терілетін болды. Сонымен, министр мен об­лыс әкімі қатысқан жиында өзара ашық әңгіме болды. Облыста жиналған 380 мың тонна дәндік жүгерінің бүгінде өткізілмей қа­лып отырған 100 мың тоннасына қатыс­ты мәселе реттелетіндей. Министрлік 40-50 мың тоннаны өткізуге ықпал етіп, көмек етсе, қалған 50 мыңдайын өткізуді облыс­та­ғылар өзіміз шешуге күш саламыз деп отыр. Қазір ол үшін «Іргетас Трейд», «Же­тісу Мажико» сияқты бірқатар кә­сі­порын­мен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы