Ішкі істер министрлігінің дерегінше, былтыр полицейлерге республика бойын­ша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 125 мыңға жуық арыз келіп түскен.
Үндемеген үйдей бәледен құтылмайды
903
оқылды

2022 жылы бұл көрсеткіш 120 500-ді құраған. Келген хабар­ламалардың ішінде 52 478 өті­ніш сотқа жолданса, қалған 68 023 өтініш иесі арыз жазудан бас тартқан. Бұл ресми органдардың көмегіне жүгініп, от­ба­сы­лық мә­селені заң негізінде шешуге талпынған азаматтардың бір бөлігі ғана. Одан өзге мәселені жабулы қазан күйінде қал­дырып, отбасында көр­ген қорлығы жайлы елге тіс жармай келе жат­қандар қаншама?!

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan га­зетіне берген сұхбатында тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қатысты жазаны қа­тайтуды толық қолдайтынын айтқан еді. Жылдар бойы күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселеге байланысты Ішкі істер ми­нистрлігіне хабарласып, қазіргі ахуал жай­лы сұрап білдік. Ішкі істер министрлігі бер­ген ақпаратқа сүйенсек, жаңа заңнама шең­берінде (2023 жылдың екінші жар­ты­жыл­дығында) тұрмыстық жанжалдар бойын­ша 50 мың өтініш қаралған. Сол өті­ніштердің 64 пайызына әкімшілік іс жүр­гізілген. Әкімшілік қамауға алын­ған­дар­дың саны екі есеге артса, сотта 27 мың­нан астам отбасы татуласқан. 

– Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мақсатында 2023 жылы 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылды, сон­дай-ақ құқық бұзушының мінез-құл­қына 15 мың ерекше талап белгіленді. Олар­ға полицияның күшейтілген бақы­лауы жүргізіледі. Шектеулерді бұзған 12 мың фактінің жолы кесілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қоғамда құ­қық­бұзушылықтарға төзбеушілік қағидаты қа­лыптасқанын атап өткен жөн. Нәтиже­сінде, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар туралы ха­барламаларды тіркеу 14 пайызға, оның ішінде тұрмыстық қылмыстардың тө­мен­деу үрдісі байқалады. Кейбір полицияның реп­ресивтік шаралары тұрмыстық зор­лық-зомбылық мәселесін шеше алмайды. Осыған байланысты Үкімет тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алу бойын­ша, яғни осы саладағы саясатты қайта қа­рау жөнінде жол картасын іске асыруда, – дейді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақмарал Серікбаева. 

Стокгольм синдромы: «сырты бүтін, іші түтін» әйелдер

Қазір уақытта жылдар бойы зорлық-зомбылықтың құрбаны болып келсе де жақ ашпайтын «сырты бүтін, іші түтін» әйел­дер баршылық. «Стокгольм синд­ро­мына» ұшыраған әйелдердің қоғам ал­дын­да үнсіздік танытуына кімдердің ық­палы басым? Зорлық-зомбылық – әйел­дер мен балалар психологиясы үшін ауыр соқ­қы. Елімізде осындай зілді соққыға жы­ғылған әйелдердің құқығы қалай қор­ға­лып жатыр? Осы және өзге де сауал­да­ры­мызды белгілі заңгер, Human Rights Lawyers ҚҚ төрағасы Ләззат Рақышеваға қойып көрдік. Күн сайын зорлық-зом­былық мәселесіне қатысты қыз-келін­шек­терден түрлі хаттар алатын заңгер рес­ми статистикадан бөлек, бүгінге дейін ашыл­май, назардан тыс қалған оқиға­лардың көп екенін жасырмады.

– Қазір елімізде әйелдер мен балаларға қ­атысты зорлық-зомбылық фактілері азаю­дың орнына, керісінше өсіп барады. «Бес баламмен қайда барамын? Не істесем бо­лады? Баратын жерім жоқ. Үйде әке-ше­шем қабылдамайды. Бізді қорғаңыз­дар­шы» деп жанұшырған аналардың өті­­­нішін жиі оқимыз. Көңіліңді құла­зы­татыны, хат жазған әйелдердің көбі жыл­дар бойы зорлық-зомбылыққа шыдап кел­ген. Біздің практикамызда болған бір оқи­ғаны айтып берейін. Қазір бес баласы бар ана 8 жылға сотталып, түрмеде жаза­сын өтеп отыр. Бірінші күйеуінен өмірге кел­ген 7 жастағы баласын жолдасы ұрады, қыс­­тыгүні далаға шығарып жібереді екен. Оны­мен қоймай, ащы суға тойып келіп, үйде отырған әйеліне қысым көрсетеді. Әйел адам қай уақытқа дейін шыдайды? Соңында өз-өзін қорғауға бекінеді. Бір күні күйеуі әйеліне пышақ алып жүгіргенде абайсызда сол пышақ өзіне кіріп кеткен. Үш күннен кейін агрессор күйеуі қайтыс болады. Нәтижесінде, әйел өзін қорғаймын деп істі болды, артындағы бес баласы жетім қалды. Әкенің мынадай «тәрбиесін» көрген балалар ертең кім бо­лады? Балапандарын балалар үйіне, ең кіші емізулі баласын бүлдіршіндерге ар­нал­ған орталыққа жіберді. Зорлық-зом­былықтың соңы үлкен қылмысқа әкеледі. Тү­бін­де әйел не еркек қайтыс болады. Қараңыз­шы, егер сол сәтте әйел қорғана ал­маса, өзі қайтыс болушы еді ғой. Сон­дық­тан, ең біріншіден, өзін-өзі қорғаған әйел­ді соттаудан бұрын заңға қатаң өзге­ріс енгізу керек, – деді құқық қорғаушы.

Оның сөзінше, Стокгольм синдро­мы­мен өмір сүретін әйелдердің көп жағдайда үн­сіз қалуына отбасылық жағдайымен қо­са, сыртқы факторлар әсер етеді. Заң­гер­ге келіп түсетін хаттардың 50 пайызы тұр­мыстық зорлық-зомбылық төңірегінен әрі аспайды екен. Мұндай сұмдық оқи­ға­ларды болдырмау үшін абьюзер, тиран ер­кектерге қолданатын жазаны заң жү­зінде қатайтуды, онымен қоймай тек жә­­­­бір­ленушімен ғана емес, жәбірлеушімен де психологиялық-профилактикалық жұ­мыс қолға алынуға тиіс екенін айтады.

– Былтыр тәжірибе алмасу мақсатында Аме­рикаға барып қайттым. Мұнда зор­лық-зомбылық әрекетіне барған адам­дар­ды міндетті түрде бір ай көлемінде оқы­та­ды екен. Психологке қаралып, олардың кеңе­сін алады. «Өмір сүргім келмейді. Өлгім келеді» деп жазатын әйелдер көп. Өйт­кені ішкі шерін тарқататын өзге ада­мы жоқ. Туысқанына айтса, «Балаларың өсіп келе жатыр ғой, шыда енді» немесе «Ел­ден ұят болады, ертең қайда барасың?» са­рынды кеңестерге «тояды». Мен қоғам­да­ғы сананы өзгертіп, әйелдердің рөлін арт­тыру керек деп айтар едім. Ата-ана «се­нің жеке шекараңды бұзуға, сені ұруға еш­кімнің құқығы жоқ» деген пікірді ба­ла­ның санасына жастайынан сіңдіру ке­рек. Жігіттің қызға қол көтеруі дұрыс әре­кет емес­тігін, нәзік жандыларға қы­сым кө­теру – ер жігітке лайықсыз тірлік еке­нін миы­на құйып тастауымыз ләзім, – дейді ол.

Елімізде тәжірибелі психологтер жетіспейді

Елімізде 48 дағдарыс орталығы жұ­мыс істейді. Күйеуінен қорлық көр­ген әйелдер дағдарыс орталығын па­на­лай алады. Бірақ мұнда тек алты айға дейін паналауға рұқсат етілген. Дағдарыс ор­талықтары көбіне үлкен қалалар мен ау­дандарда орналасқан. Заңгер осындай ме­кемелерді көптеп ашып, тұрмыстық зор­лық-зомбылық көрген әйелдерге әлеу­мет­тік қолдау көрсетілуі керек дейді. Бұл дегеніміз – шаңырағы шайқалған ана өзінің мемлекет тарапынан қорғалып отырғанын түсіну.

– Күйеуі түрмеге түскен соң 5-6 ба­ла­сы­мен үйде қалып қоятын әйелдер бар. Ке­зінде отбасын күйеуі асырап отыр­ған­дықтан, енді әйелдің өзі жұмыс істеп, жауап­кершілікті қолға алуы керек. Алайда жұ­мысқа орналасқысы келсе, кәсіби білі­мі­нің жоқтығы немесе балаларының жасы кі­ші болуы кедергі келтіреді. Зорлық көр­ген әйел балаларымен жалғыз қалып қой­­мауы үшін елімізде әлеуметтік меке­ме­лер көптеп ашылса екен. Емізулі сәбиі бар аналарға арнап 1 жасқа толмаған ба­лаларды қабылдайтын балабақша ашу ке­­рек, – дейді заңға бірқатар өзгеріс ен­гі­зуді сұраған заңгер.

Осы тұста Ләззат Рақышева елімізде бі­лікті психолог мамандардың же­тіс­пей­ті­нін атап өтті.

– Қазақстан ажырасу фактісі бойынша әлемде екінші орынға жайғасқан. Мұндай отбасы мүшелеріне психологиялық көмек те­гін көрсетілуі керек. Өйткені елімізде ма­мандар тапшы болғандықтан, тәжі­ри­белі психологтердің қызмет көрсету құны қым­бат. Ашығын айтқанда, Қазақстанда түр­меде отырған қылмыскерлерге пси­хо­ло­гиялық көмек көрсетіледі деп ойламай­мын. Себебі елімізде тәжірибелі психолог мамандар жетіспейді. Мәселен, бір мек­тепте 1 500-2 000 бала оқыса, мұнда 1-2 пси­холог қана жұмыс істейді. Мамандарға төленетін айлық жалақы да көңіл көн­шітпейді. Отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық зардабын тартып жүрген ба­ла­ларды жүріс-тұрысынан, мінез-құл­қы­нан танитын мықты психологтерді әзірлеу керек, – дейді.

Жәбірлеушінің өз әкесі тиран болуы мүмкін

Жақында құқық қорғаушыға ке­зек­ті зорлық-зомбылық құрбаны ха­барласып, мұңын шаққан. Полицияның кө­мегіне жүгініп, күйеуі түрмеге тоғы­тыл­ғанымен, әйел әлі күнге дейін қараңғы қа­­­­пастан шыға алмағанын айтып шырыл­да­ған. Өйткені күйеуі түрмеден босап шық­қаннан кейін әйелінің басына қара бұлт үйірілтетінін айтып қорқытады. Қа­зір ол адвокаттардың қорғауында. Заңгер тиран еркек әйелінің ғана емес, өсіп келе жатқан баланың психологиясына кері әсерін тигізетінін айтып ашынады. 

– Түбін аңдап қарасақ, әйеліне қысым көр­сететін еркектің бала кезінде өз әкесі ти­ран болуы мүмкін. Осыдан кейін ба­ла­ның санасында «әйелді кемсіту, төмен са­нау, ұрып-соғу қалыпты» деген ой қа­лып­тасады. Баланың тәрбиесімен жас­тайы­нан ешкім айналыспағандықтан, ол өсе келе көргенін өз әйеліне істейді. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, тәр­бие дұрыс қаланбаса, мұндай оқиғалар мін­детті түрде қайталанады. Отбасындағы жағ­дайдан травма алған бала өскенде ба­сын көтере алмайды, өмірге деген көз­қара­сы өзгереді. Зорлыққа шыдай алмаған әйел­дердің тағдыры өз-өзіне суицид жа­сау­мен аяқталады, – дейді құқық қор­ғау­шы Л.Рақышева.

Бала кездегі травманы пайдалы ресурсқа айналдырған жөн

Психология саласында 20 жылдан аса тәжірибесі бар маман Ғалияш Махашова да заңгердің пікірімен келіседі. Травма ал­ған баланың екі түрі болады: «қалың тері» және «жұқа тері». «Жұқа тері» өзі құр­бан болып, рөлін қалыпты қабыл­дай­ды. Ал «қалың тері» өзгені құрбан етеді. Пси­холог балалық травмасын пайдалы ре­сурс­қа айналдырғандар бұл ауырлықтан құ­тыла алатынын айтады. Оның пікі­рін­ше, травмадан арылу – өз отбасында көр­­­­ген қиындығын өзі құрған отбасына алып келмеу дегенді білдіреді. Ол үшін ба­­ланың өмірінде отбасы үлгісін көр­се­тетін, махаббат сыйлайтын адам болуы қа­жет. Сондай-ақ бала есейгенде психо­ло­­гиялық саулығын қамтамасыз етіп, ере­сек өмірге қадам басса ғана травмадан арылуы мүмкін.

– Зорлық-зомбылық оқиғаларының кө­беюіне себеп болатын факторлар көп. Со­ның бірі – бала кезден іште кон­тей­нер­леніп жиналған агрессия. Мысалы, бала әке­сінің анасын ұрғанын көрді. Қорықты, әкесіне ызасы келді, анасын аяды. Келе­шек­те өзіне ешқашан әйелін ұрмауға уәде бер­ді. Есейе келе, әйелімен қақтығысқа түс­кен сәтте қиындық нүктесінен шығу жо­лы – контейнерленген агрессиясын шы­ғарып, тура әкесінің әрекетін қайталау. Се­бебі бала әкесінің әрекетін теріс көр­ген­мен, оның бейсанасы әкесін авторитет әрі күш қолдану арқылы өз қалауын жа­сап, қиындықтан шыға алатын «мық­ты» деп қабылдайды. Ашуға булығып тұрғанда адам­да стреске жауап беретін кортизол гор­моны көтеріліп тұрады. Ал кортизол бей­санадағы әрекетін санаға шығарып, өз әре­­кетіне есеп беруге мүмкіндік бер­мейді, – дейді маман.

Психолог отбасында жолдасымен бол­ған қақтығысты ашық айтып, өзінен кө­мек сұрап келетін әйелдер көп екенін ай­тады. Күніне кем дегенде 5-6 терапия, тіпті психологиялық көмекке жүгінушілер толастамаған уақытта 8-10 терапия өткі­зеді екен. Тағы бір маңызды тұсы, пси­хологке келушілердің арасында отбасын сақ­тағысы келетін, өз әкесінің қателігін қай­талағысы келмейтін ер адамдар саны кө­бейген көрінеді. Психолог қаншама қиын­дықты басынан өткерген әйелді жұ­дырықсыз қоғамда бейімдеу үшін изоля­ция жасауға кеңес береді.

– Изоляция – әйелді де, баланы да қауіп­ті аймақтан алып кету. Мысалы, қы­зыл жалын шарпып жатқан үйге көмек беру үшін бірінші психолог кіре ме әлде өрт сөндіруші ме? Әрине, адам фи­зио­ло­гиялық саулығын қамтамасыз еткен соң ға­на психологиялық көмек берілгені дұ­рыс. Бастапқыда денеде қалған қорқы­ныш­тармен жұмыс істеу, екіншіден әйел­мен терең терапиялық жұмыс жүргізу маңыз­ды. Мүмкін регрессияға түсіру қа­жет болар. Маманның басты жұмысы – әйел өзіне зорлық көрсететін адаммен өмір сүруді өз санасында қалай ұйым­дас­тыратынын анықтау. Оның травмасын тауып, емдеу. Адам өзін тапқан кезде ғана қауіп­сіз аймақ ұйымдастыра алады. Өзі де, баласы да есейгенде қоғамға қауіпсіз бо­­лады, – деп сөзін түйіндеді Ғ.Махашова.

Қордаланған мәселенің нүктесін қою әзір­ге мүмкін болмай тұр. Дегенмен зор­лық-зомбылық фактілерін алдын алуда заң тағы да күшейтілмек. Ішкі істер ми­нистр­лігі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ди­нара Закиева және Парламент Мә­жілісінің депутаттарымен бірлесіп, әйел­дер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі заңнамалық түзетулер әзірледі. Енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіріп, отбасы мүшесін ұрып-соққан аза­маттар әкімшілік емес, қылмыстық жауап­кершілікке тартылады. Одан өзге «аг­рессорды» тұрғын үйден уақытша шы­ғарып, әлеуметтік бейімдеу орталық­тары­на жіберу құқығы беріліп отыр. Ішкі істер министрлігінің өкілдері отбасылық зор­лық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша мамандандырылған дербес бөлімше құ­ры­лады дейді. 

 

Сөз соңында айтарымыз, жоспарланған әрекеттер жүйелі түрде іске асса, межелеген мақсатына жетсе екен дейміз. Бейбіт заманда тұрмыстық жанжалдың кесірінен адамнан айырылу – өзімізді құрдымға жіберумен тең. Бұл жөнінде әлі талай айтылуы керек, айтылады да. Үндемеген үйдей бәледен құтылмайды...

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы