Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің болашағы білімді кадрлар мен бизнеске байланысты болатынын, білім мен ғылым соған қарай бейім­делетінін айтқан.
Келешек білімді әрі білікті кадрлар қолында
868
оқылды

Сондай-ақ заңгер, экономистердің көбейіп кеткенін, бұдан былай техникалық маман­дарды даярлауға бет бұрыс жасауды тапсырды. Ол үшін жастарды мектеп жасынан білімге, жоғары оқу ор­­­нында ғылымға қызығушылығын арттыру керек. Елдің сәт­ті дамуына жоғары білім тікелей әсер етеді. Ұстамы жақ­сы ұрпақтың ұстазы жақсы болу керек. Бүгінгі түлек – ертеңгі болашақ. Мамандарды жоғары оқу орындары дайындайды.

Өкінішке қарай, қанша түлек тәмамдаса да, Қазақстанға қажетті мамандардың сұранысын өтей алмай келеді. Не экономист, не заңгер болып жарытпаған адам өзгенің ісімен айналысып қарық қылмайды. Бүгінде көптеген өндіріс орны маман таппай жүр. Университет бітірсе де, қолынан іс келмейтіндерден шаршаған. Көпшілігі жұмысшыларын шетелге жіберіп, қайта оқытып жатыр немесе ескі кадрлардың көмегіне сүйенеді. Ондай алтын кадрларды зейнетке шығармайтыны да сондықтан. Бұған кім кінәлі? Мәселені қалай шешеміз деген заңды сұрақ туындайды. Мысалы, балалар 11 жыл мектепте қазақ тілін, ағылшын тілін, математика, информатика пәнін оқиды. 5 жыл химия, физика, биологияны оқиды. 12 жылда ағылшынша сөйлеп, математик болып кетуге болады. 6 жыл химия, физика, биологияны оқып қатырмағандар университетке түсіп 4-5 жыл оқып жаппай білімді маман болып шығып жатқан жоқ. Неге балалар білімге қызықпайды? Қазір ата-аналардың өздері де «балам ғалым болсын» демейді, не әкім, не әнші болсын дейді. Президенттің өзі жастардың жалпы 15 жылдай алған білімінің анау айтқандай нәтиже бермей жатқанын байқап, балаларды білім-ғылымға қызығушылығын арттыру үшін мектептерде STEM жүйесін жетілдіріп, робототехниканы меңгеруге жол ашты. 

Таяқ тастасаң, экономист, педагог, заңгер, медбикелерге тиеді. Бірақ сауатты маман аз. Мұның бәрі мектепті былай қойғанда, колледж, институт, университеттердің жалпы оқытуға көшіп кетуінің кесірінен. Отыз жылдан бері жоғары оқу орындары нарыққа бейімделіп, сұранысты қамтамасыз етуді ұмытып кетті. Мамандықтарды заман талабына сай жүйелейтін уақыт жетті. Бұрын техникалық мамандарды бөлек, педагогикалық мамандарды бөлек, гуманитарлық мамандарды бөлек оқытатын еді. Сол сияқты университеттердің маман даярлау бағытын реттеу керек. Қазір магистратураның өзін тек қызметтік дәрежесін өсіру үшін оқып жүр. Мысалы, Индияның ИТИ университетіне түсу үшін талап өте қатаң. 250 мың талапкерден 4-ақ мыңының өтуі – білімді талап етуі. Шетелдің мемлекеттік университеттеріне екінің бірі қабылданбайды. Талапкерлерді іріктеп алып, нағыз маман етіп даярлауға болатын әдіс екен. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ғы­лым және жоғары білім министрлігі тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазір студенттерді бүгінгі емес, болашақтағы еңбек нарығына сай мамандықтарға даярлауға дайындалып жатыр. Министр Саясат Нұрбектің жаңа мамандықтардың атласын жасауы салаға тың серпін беріп келеді. Осыған сәйкес әр өңірдің экономикалық әлеуеті мен өнді­рістің құрылымына қарай мамандар даярлау үшін терең талдау жасалып жатқаны қуантады. Сол арқылы кәсіби стандарт енгізілмек. Университеттер оқу бағдарламасын сол стандартқа сәйкестендірмейінше, өз бетінше оқыта алмайтыны – құптарлық қадам. Өйткені жалпылама маманды оқытудың тиімсіздігі дәлелденді. 

Қолданбалы ғылымда нарықты байлап алған тауарларды шығару тиімсіз. Өйткені бізде ұсақ-түйекке мән беретін уақыт тапшы. Бір оқу мерзімі 4-5 жыл болса, осынша уақытта өндірістерді ғылыми негізге сүйеніп, өрге сүйреу керек. Президенттің ғылымды өндіріске енгізіп, бизнесмендер мен ғалымдарды бір мақсатқа жұмылдыру тап­сыр­масы екі тарапқа да өте тиімді. Қайта өңдеу мен өнім өндіруде қатып қалған калькадан шығарып, инновациялық бағытқа бастаған жөн. Негізі, мемлекеттік гранттарды дұрыс пайдаланып, әрбір кә­сіпорын, зауыт, тіпті цехтардың тапсырысымен студенттерді оқытып, университетті бітірген бойда жұмысқа орналасатын жүйе жасаған жөн. Бұдан бөлек, мемлекеттік университеттерді кешенді комплекске айналдыру керек. Қашанғы оқу ақысының есебінен күнелтеді? Не ол ақша оқытушылардың жалақысын көтеруге, студенттерге арналған жатақхана салуға жетпесе, қосымша кіріс көздерін көбейту керек. Ол үшін университет жанынан өндірістік технопарктер салынса, мемлекет үшін де, университет үшін де табыс­ты болады. Десе де, мемлекеттің жатақханалар салуға субсидия бөліп, қарасып жат­қаны үлкен қолдау. Аз уақытта жа­­­­­тақ­хана мұқ­таждығы 87 мың  орын­­нан 17 мың орынға азайғаны – тамаша көрсеткіш. 

Цинхуа университетінің құрамында 16 мектеп, табиғи, гуманитарлық, инженерлік ғылым, құқық­тану, медицина, философия, тарих, менеджмент, экономика, білім ба­­­­ғытында 56 факультет бар. Бүгінде университетте 4 мың оқытушы қызмет етеді. Цинхуа фундаменталды ғылымды, қолданбалы ғылымды, ғылыми инновацияны өзіне міндеттеп қойған. Онда 112 мемлекеттен үш жарым мың студент білім алады. Университет бакалавриат бойынша – 65, докторантура бойынша – 252, магис­тратура бойынша – 271 бағдарлама ұсынады. Айтсаң тағы өзіңе келіп тиеді. Біздің елде магистранттар мен докторанттар, түрлі ғылым кандидаттары қап­тап кетті. Қайсысы ғылым саласында елге еңбек сіңіріп жатыр? Қазақстанның дипломы шетелге жарай бермейді. Сол себепті саннан сапаға көшу керек. Елімізде енді Президент пәрменімен жоғары білім мен ғылым қолдау тауып, бет бұрыс істеліп жатыр. Университеттерге де үдерістен қалмауға тырысатын кезең келді. 

 Әлемдік рейтингте алғашқы орындарда тұратын Гарвард, Станфорд, Оксфорд, Токио, Пекин сияқты өзге де университеттер еңбек нарығына емес, мемлекет пен бизнестің дамуына қажетті мамандарды даярлаумен айналысып келеді. Қай мемлекет бай, сол елдің жоғары оқу орнының түлектері мен оқытушыларының ерен еңбектерінің арқасында жеткен жетістіктері.

Былтыр АҚШ-тың ең мықты университеттері – 30, ал өзге елдердің лидерлері – 55 пән бойынша топ жарып, әлемдік рейтингте ойып тұ­рып орын алды. Инженерлік, әлеуметтік, медициналық және та­биғи ғылымдарды негізге алған оқу орын­­дары 4-5 пәнмен де озып шықты. Бүгіні біздің ертеңімізден озып кеткен олардың тек ғылым арқылы дамуға бекінгендерінің белгісі. Физика, математика, химия, география, экология, жер ғылымы, атмосфералық ғылым, инженерлік ғылым, электроника және электротехника, автоматтандыру және бақылау, телекоммуникация, компьютерлік ғылым, құ­рылыс, машина құрастыру, наноғылым, нанотехнология, энергетика, қоршаған ортаны қорғау ғылымы, су ресурстары, тамақ өнер­кәсібі ғылымы, биотехнология, аэроғарыштық техника, көлік ғылымы, көлік технологиясы, металлургиялық, тоқыма-тігін, ауылшаруашылық, медициналық, клиникалық, стоматологиялық, фармацевтикалық, әлеуметтік, экономикалық, бизнес, қаржы, басқару, мемлекеттік басқару, менеджмент, туризм, ақпараттық ғылым­­­дарды оқытумен және дамытумен айналысып келеді. Гарвард университеті оқытушылық пен ғылыми зерттеулерді жүргізуде, дүниені жақсы жағына өзгертетін лидерлерді да­йындауды кемелдендіріп келеді. Гарвард оқытушылары білімді адамның мүмкіндіктерін кеңейту үшін дәріс берумен бірге зерттеу жүргізумен айналысады. Бізге бірінші кезекте оқытушылардың білімін жетілдіріп, құрамын реттеу керек. Шетелдік университеттерде оқытушылардың 60-70 пайызы – профессорлар. Студенттің шын мәнінде жоғары білімді болуы оқытушыға байланысты. Өкінішке қарай, көптеген оқытушыға оқымыс­ты студенттеріміздің көңілі толмайды. Бұл – ақиқат. Елімізде экономикалық даму басты мәселеге айналған сайын, жоғары білім беретін университеттердің тиімділігін арттыру да маңызды саналады. Қаптаған жеке меншік жоғары оқу орындарының басын біріктіріп, үлкен оқу ордасына айналдыру әлемдік тәжірибеде бар. Саннан сапа маңызды болып тұр. Сондықтан саланы реформалау шараларын қолдау қажет. Бұл мәселенің де жеке меншік университеттер арасында біраз дау болғаны белгілі. Бизнестің аты да, заты да бизнес болғандықтан, мемлекеттік саясат аясында оқытуға мән беріле бермейтіні ақиқат.

Шанхай университеті осыдан бір ғасырдай бұрын ең мықты инженерлер дайындайтын оқу орны атағына ие болған. Қытайдың білімі мен ғылымы, инновация­лық, индустриалық-инновация­лық, технологиялық, техникалық, жан-жақты өндірістік өркендеген ел екеніне ешкім дауласпас. Университеттерде де тек теориялық білім бере бермей, тәжірибеде қатар жетілдіру керек. Өйткені практика студенттердің теориялық білімін маман болып қалыптасуына жетелейді. Сондық­тан жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту әрі жаңартып тұру керек. Өйткені әлемдік инновация бір орында тұрған жоқ. Жұрттың ғалымдары қараңғы түнекті жасанды күн сәулесімен жарықтандырып, көрсоқырға «ақылды көзілдірікпен» кітап оқытып, көліктерін ұшырып, пойыздарын аспалы жолмен жүргізіп, сахарада ауадан су сорғызып, ағаштан терезенің әйнегін жасап, тіпті жатырдан тыс вакуумда бала өсіріп, адамның орнын басатын роботтарды ойлап тауып жатыр. Озық технологияда озып кеткендері соншалық, ғылым бәйгесінде бір-біріне шаң қаптырып жатқан елдер баршылық.

Жалпы, бізге заман үдерісіне жетіп алу үшін жан-жақты дамуға жедел кірісу керек. Химия, физика, биология, өзге де инновациялық, өндірістік, технологиялық, инновациялық мамандықтарды мықтап игеру қажеттілігі туындап тұр. 

Қолда бар ғылыми білім мен әдістерді пайдаланып қолданбалы ғылымды дамыту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Барды ұқсата білу де бір өнер. Нәтижесіз істерден бас тартып, табысты істерге бетбұрыс жасалып жатыр. Қоғам өзінің күні бүгінге қажеттілігін импорттық тауарлар арқылы өтеп келеді. Оған үйреніп те қалды. Қазір нарықты Қытай, Оңтүстік Корея, Жапонияның тұрмысқа қажетті бұйымдары жаулап алған. Не керектің бәрі бар. Өйткені ол елдер қолданбалы ғылымды қолдануда көш ілгері озып кеткен. Бізге қолданбалы ғылымды ауыл шаруашылығы, өндіріс, инфра­құрылым, құрылыс, медицина, әс­кер, робототехникада дамыту керек. Барлық мәселенің шешімі айналып келгенде мамандарға тіреледі. Ғалымдар да университеттерден шығады. Сондықтан белгілі бір бағытта мамандар даярлайтын университеттер жанынан технопарктер мен академиялық қалашықтар салу қажет. Мұндай өндірістік қалалар іргедегі Ресейде де, әлемнің көптеген алпауыт елдерінде бар. Мысалы, Қытай 2 миллионға жуық ғалымды түрлі салада отандық ғылымды өркендету үшін кешенді өндірістік қалаларда тектен текке ұстап отырған жоқ. Жүйелі даму үшін мәселеге кешенді түрде шешуді қарастыру қажет.

Цюрих университетінің ғылым мен білімнің, технология мен инновациялық орталыққа айналағанына 200 жылға жуықтап қалды. Еуропаның жүрегінде орналасқан университеттің 550-дей профессоры, 20 мыңнан аса студенті 120-дан астам мемлекетте инженерлік іс, сәулет, нано ғылым, робототехника, математика, медициналық технология, табиғи ғылым шеңберінде инновациялық зерттеулер жүргізіп, адамзаттың түйіткілді проблемаларын шешуге кірісіп кеткен. Швейцарияның үкіметі жыл сайын Цюрих университетінің базасында жасалған жүздеген патентке ие болып, 200-дей өнертабыс, 25 еншілес компаниялар құрып отыр. Университеттерге қолдау көрсетіп, жүздеген есе табысқа кенеліп жатқан мемлекеттер аз емес. Ол үшін жоғары оқу орын­дарының материалдық-техникалық базасы толық жабдық­талған, оқытушылық құрамы профессор, ғалымдармен толықтырылған, студенттері озат оқушылар арасынан іріктеліп алынған болуы керек. Жаңа Қазақстанды жаңа деңгейге көтеретін жаңаша көзқарасты, білімді азаматтар керек. Ғалымдар тек ғылыммен шұғылдануға тиіс. Жұмысты жүйелі жүргізу де, жетіс­тікке жеткізу де оқу орнының бірінші басшысына байланыс­ты. Әлем­дік сарапшылар осындай тұжырымға тоқталған. Университет рек­­­­торлары тек жоғары білімді емес, әрі менеджер, әрі бизнесті бес саусағындай білетін, мемлекеттік қызмет пен саясатты мықтап меңгерген, қызметтің түрлі сатысынан өтіп, әртүрлі салада еңбек еткен, іскер, жан-жақты прогрессивтік пікірлі маман болуы керек. Ондай басшы Президент айтқан міндеттің үдесінен шығатын болады. 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Мәжіліс депутаты