Ауыл шаруашылығы дегенде, көз алдыңызға соқа сүйреткен трактор немесе бидай орған комбайн елес­тейтіні даусыз. Бірақ сол көлбеңдей кететін техниканың барлығы дерлік өзге елдің өнімі екені еске түскенде көңілге сәл-пәл кірбің ұялайды.
Кетпен-соқамыз да өзгенің өнімі
707
оқылды

Ауыл шаруашылығына негізделген мемлекет болғандықтан, саладағы кез келген бастамалардың түпкі негізі ғы­лы­ми жобалар мен техниканың мүмкінді­гіне келіп тірелетіні белгілі. Осыған сай біздің мемлекет жыл сайын шаруаларға ауыл шаруашылығы техникасын жаңар­туға деп 60 миллиард теңгеге жуық қара­жат бөліп отырады екен. 

2022 жылдың басында Үкі­мет­тің кеңейтілген отырысында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржыланды­ру­дың барлық мүмкіндігін пайдалана оты­рып, ауыл шаруашылығы техникасы пар­­кін жаппай жаңартуды тапсырған. Мем­лекет басшысы өз сөзінде «Арнайы қар­­­­­­жы көздері есебінен отандық ауыл шаруа­шы­лығы техникасын сатып алу мақсатында жеңілдетілген несиелеу ме­ха­­низмін енгізуді тапсырамын» деген еді. 

Қазынадан қанша қаржы кетті?

Білуімізше, Мемлекет басшысының тап­сырмасын іске асыру 2022 жылдың та­­­­мызында басталған. Ауыл шаруашы­­­лығы техникасын жеңілдікпен лизингке беру бағдарламасына сол жылы 40 млрд теңге бөлінген. «Жасыл даму» АҚ 30 млрд теңге және «Бәйтерек» ұлттық хол­­­­­­­­­дин­­гі» АҚ 10 млрд теңге ком­­мерция­­лық қаражат есебінен жұмсаған. Бүгінде шаруалар жылдық 6 пайызбен бастапқы жарнасыз несие алып отыр. Бұл қатарда барлығы 872 шаруаға 1 053 бірлік тех­­никаны (176 комбайн және 877 трактор) лизингке алуға мүмкіндік берген. 

Үкімет «Жасыл даму» АҚ қорынан 2023 жылы тағы да ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке деп 20 млрд теңге бөлу туралы шешім қабыл­дады. Сөйтіп, былтыр 18 қазан­нан бас­­­тап бағдарламаның бас опера­торы «Қаз­Агро­Қаржы» АҚ ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілердің өті­­­­німдерін қабылдауды жүзеге асырып жатқан көрі­неді. Сонымен қатар Ауыл шаруашы­лығы министрлігі «ҚазАгро­Қаржы» АҚ арқылы 2024 жылы 20 млрд теңгеге және 2025 жылы тағы да 30 млрд тең­­геге жем-шөп жинау техникасын жеңіл­­­детілген лизингке қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асырмақ ниетте кө­рінеді. Бұл туралы APK-NEWS.KZ сайты ресми түрде жариялаған. 

Айта кету керек, Қазақстан Респуб­лика­сының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасында 2023-2025 жыл­дары «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на жыл сайын 30 млрд теңгеге дейін ұзақмерзімді бюджеттік кредит бөлу көзделіп отырған көрінеді. Бір қуанатыны – бұл шешімде Қазақстанда жасалған ауыл шаруашы­лығы техникасын сатып алуды қаржы­лан­дыру жұмысы да қолға алынбақ көрінеді. Егер бұл жоба мықтап тұрып қолға алынса, отандық ғалымдардың жұ­мыс­тары оңға басып, еліміздегі аграр­лық техника жасаушы шағын өндірістер алып кәсіпорынға айналатыны шын. 

Осы шараларды бекітуге қажетті уа­қыт ұзақтығын ескере отырып, «Қаз­Агро­Қаржы» АҚ 2023 жылғы 26 маусым­нан бастап ішкі резервтер есебінен (26,5 млрд теңге) отандық өндірілген ауыл шаруашылығы техникаларына жеңіл­дікті лизинг бағдарламаларын бас­тағанын хабарлап отыр. 

Техниканы дамытуға не кедергі?

Елімізде ауыл шаруашылығы техни­­каларының жалпы қоры әбден тозып біткен десек, өтірік болмас еді. Отандық ға­­лым­­дар мен сарапшылар осы олқы­лықтың орнын толтыру үшін өзге елден сатып алумен емес, төл техниканың са­на­­тын арттыру керек екенін» айтып отыр. 

«Елімізде ауыл шаруашылығы техни­­ка­сының отандық өндірісінің көлемі ұл­ғайған жағдайда ғана аталған мәсе­ле­лер оң шешімін табады. Жабдықтарды жеткізудің жалпы мөлшерінде отандық өнім көлемі 37,3%-дан аспайды. 2021 жы­­лы 17 171 бірлік техника жет­кізілді, оның ішінде 5 627 трактор болса, 1 256 ком­байн, отандық өнім – 937 дана. Оның 74,6 пайызы, қай­та монтаждалған және тіркеме меха­­низмдер. Тракторлар мен комбайндар өндірісінде құрамдас бөліктердің 80-90 пайызы сырттан әкелінеді», – дейді елі­­міздегі аграрлық техника саласының са­рап­шысы, ғалым Саяхат Нөкешев.

Жалпы, елімізде ауыл шаруашы­­­­­­лы­ғын кешенді механикаландыру мен ав­то­маттандыру технологиялары мен ма­­­­шиналарының ескіргені белгілі. Осыған байланысты салада автопаркті жаңарту­дың жағдайы төмен деңгейде болып отыр. Онымен қоса, жоғары білікті ин­женерлік-өндірістік кадрлардың тапшы­лығы бірқатар проблемалық мәселелерді туындатып отыр. Тағы бір айта кететіні – ауылшаруашылық машина жасау кәсіп­орындарын ұзақмерзімді қолдау тетікте­рінің жоқтығы, саланың дамуына жол ашпай келеді. Елімізде бар бірнеше за­уыт жабылудың аз-ақ алдында. Себеп – тапсырыстың жоқтығы. 

Саяхат Нөкешев бастаған отандық сарапшылар ауыл шаруашылығы тех­никасы саласындағы олқылықтарға қа­тысты бірқатар критерийлерді атап айт­ты. Мәселен, Ауыл шаруашылығы субъек­­­­ті­­­­лерін ауыл шаруашылығы техни­касын сатып алуды субсидия­лау­дың қолданыстағы жүйесі, Қазақстанда өндірілетін техникаға сұранысты ынта­­­­ландыруға толық ықпал етпейді;

– секторды ғылыми-конструкторлық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі;

– ауылшаруашылық машинала­­­­ры­ның негізгі бөлшектері мен тораптарын жа­сау үшін импорттық құрылымдық және легирленген болаттардың белгілі бір тапшылығы және оның құнының жоғарылығы;

– Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайларына бейімделмеген шетелдік ауыл шаруашылығы машиналары мен жаб­дықтарын бақылаусыз әкелу және жаппай сату;

– жергілікті нарықта отандық ауыл шаруашылығы техникасын ілгерілету бойынша бірыңғай мемлекеттік саясат­тың болмауы, бұл сату шарттарына ди­­­­лер­­­­­лердің ықпалының күшеюіне жә­не ауыл шаруашылығы техникасын өндіру­­ші­лер үшін өңірлік нарықтардың қол­жетімділігі;

– ауылшаруашылық машиналары мен қосалқы бөлшектерін өңдіруге ар­­налған құрамдас кәсіпорындар құру т.б. 

Мамандарды ынталандыру қажет

Елімізде ауылшаруашылығы техни­­­­­ка­сы бойынша өндіріс көлемінің үлес сал­мағы тым төмен екенін айттық. Бірақ ауыл шаруашылығы техникасы деп, трак­­­торды немесе комбайнды ғана айта салу қиын. 

Бұл жағынан отандық ғалымдар да қол қусырып қарап отырған жоқ. Бірақ ғалымдарымыздың алдымен жоба жа­сап, кейін мемлекеттік гранттарға қаты­сып, жобаның арнаулы гранттарға ілі­­нуі­­­­нің өзі бұралаңы көп ұзақ сапар бо­­­­­­лып тұр. 

«Біздің ғалымдардың жасап шығар­­ған техникаларының бірнешеуі ғана са­тылды. Шаруалар бағасы қымбат деген уәж айтып отыр. Университеттің тех­ника­­­лық факультеті қазірдің өзінде 3 ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Біреуі – тұқым және тыңайтқышты дәлдік негіз­де себу кешені болса, енді бірі – тыңайт­­­­­қышты тереңдете енгізгіш. Ғалымдар то­бы әрқайсысына кем дегенде 3-4 жыл уа­қытын жұмсайды. Қазір дайын дүние­лердің бірнешеуі қоймаларымызда тұр. Ең өкініштісі сол, мамандар жасап шы­ғар­­­ған техника сұранысқа ие болмай отыр. Біз Үкіметке де ұсындық, өндіріс орын­дарына да көрсеттік. Тіпті, қолдан келгенше жан-жақты жарнама да жаса­­дық. Бірақ ешкім біздің техниканы са­тып алғысы келмейді. Ал ғалымдардың жар­­намамен немесе өзге де сауда-сат­тық­­­пен айналысуына уақыты жоқ. Он­­дай қолымыздан келмейді. Мемлекет отан­дық ғалымдардың ойлап тапқан дүниелерін өндіріске енгізуге ықпал етсе екен», – дейді С.Сейфуллин атындағы ҚазАЗУ-дың Техникалық факультет де­каны, техника ғылымдарының канди­даты Ержан Ахметов.

Ержан Ахметовтың айтып отырған сө­зінің жаны бар. Отандық ғалымдар та­лай дүниелерді ойлап тауып, көп жер­­­ге ұсынып та жатыр. Бірақ өндірістік қауқарымыздың төмендігінен не дайын шетелдік дүниені құрастыруға дағды­ланып алған өндіріс орындары төл дү­­ние­мізді басынан бастап жасап шығуға құлық танытпай отырған жайы бар. 

«Алдымен, әр өңірдің техникасының өзіндік ерекшелігінің болуын ескеру ке­рек. Ғалым ретінде талай жылғы тәжі­рибеме сүйеніп, айтып отырмын. Біз қазір шетелдің техникасына қызығып, сол елден сатып ала салуды тәуір көре­­міз. Былайша айтқанда, жұмыс жеңіл. Бірақ ол техниканың біздің топырақ жағ­­­дайына сәйкеспеуі әбден мүмкін. Мы­­са­лы, еуропалық соқаны қазақстан­ның алқабына әкеліп салсаң, бір күн жүр­мей сынады. Себебі біздің топырақ олар­дағыдай жеңіл әрі борпылдақ емес. Соқаға үлкен күш түседі. Сондықтан ол ең алдымен техниканың жасалған те­мі­рі­­­нің сапасына мән беру керек. Сосын ба­рып құрылымына өткен абзал. Маман ретінде айтарым, отандық ғалымдардың өнімін өндіріске енгізбейінше, жағдайы­мыз оңалмайды», – дейді профессор, ҚР АШҒА академигі Мубарак Адуов. 

Айтылған мәселеге сай, біздің ға­лым­­­дарымыз бен сарапшыла­­­рымыздың зерттеуінше, сынақ нәтижелері бойын­ша ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің аймақтық технологиялары бо­йынша әкелетін монтаждалған және тір­кеме машиналарының 30 пайызға жуы­ғы оларға қойылатын агротехни­ка­лық талаптарға сәйкес келмейтіні анық­­талған. Демек, өзгенің дүниесін әкеліп, өндірісті өркендете алмайтынымыз осы жер­­ден анық байқалып отыр. 

Қазір елімізде ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын барлығы 25 кә­сіпорын бар екен. Бұл негізінен трактор­­­лар мен комбайндарды құрастыратын зауыттар. Монтаждалған және тіркеме­­­лер­ді шығарумен айналысатын кә­сіпорын­дар саусақпен санарлық. Олар­дың ішінде ең танымал және тұрақты жұ­мыс істейтіндері – «Қостанай агро­ме­ханикалық зауыты» ЖШС, «Дафа Фир­масы» ЖШС, «Экспро» ЖШС, «Авагро» ЖШС, «ДонМар» ЖШС. Бұл кәсіп­орын­дар отандық өндірісті өркендетуге құлшынып-ақ отыр, бірақ қаражат қол­байлау көрінеді. 

«Біздің ғалымдардың жасап шығар­ған техникаларының көбісі неге қолда­ныс­қа енбейді?» деген сауалға басты мә­селе – еліміздегі зауыттардан, фер­мер­­лерден сұраныстың болмауы және тех­ника санының аздығы. Екіншіден, сол шешімдердің техникалық деңгейінің жеткіліксіздігі, үшіншіден, ауыл шаруа­­­шы­лығы тауар өндірушілерінің көбісінің қаражат жағдайының төмендігі. Мы­­салы, біз стартап компания құрып, қоп­сытқыш-тыңайтқыш машина жасап шығарып жатырмыз. Осы техникамен күзде сүдері жыртуда қолданған болсақ, өнімді 3-7 ц/гектар арттыруға мүмкіндік береді. Фермерлер қызығып, алғысы келеді, бірақ қаражаттың жоқтығы ке­­­дер­гі», – дейді Саяхат Нөкешов.

Жыл сайын қыруар қаржы шығын­дап, өзге елден қосалқы техникалар кір­­­­­гі­зіп жатырмыз. Әлгі әкелген техни­каға сырт елдерде 3 жылдан кейін қо­сал­қы бөл­шектер шығарылмайды екен. Білуі­­мізше, бұл – бизнестің өркендеуі не өн­ді­­­­рістің өзгеруі. Сондықтан мем­лекет қал­тасынан мол қаражат шығын­дап, са­тып алынған дүние бола­шақта сынып кәдеге жарамай тұрып қалғаны қазына үшін де, шаруа үшін де оңайға соқпайды. Сондықтан отандық ға­лым­дар мен ма­мандардың дегеніне құ­лақ асып, Прези­дент пәрмен беріп отырған шақта отан­дық ауыл шаруашы­лығы техникасының өндірісін бірізді етіп жолға қойып алу қажет. Өйтпесек, ал­дағы 10 жылдықта халі­міз бұдан да мүш­кіл болуы мүмкін...

Бердібек ҚАБАЙ